Ақсу аграрлы аудан. Берекелі өңір халқының күнкөріс көзі егін мен мал шаруашылығы. Ақындар мен батырлар туған құнарлы топыраққа қыдыр қонып, бақ дарыған. Тарихы терең, табиғаты тамылжыған өлкенің халқы еңбекқор. Төрт түлігі жайылымға сыймаған берекелі аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы аудан әкімі Есім Базархановтан сұрап-білген едік.
– Есім Сейілханұлы, аудан ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен шұғылданады. Шөбі шүйгін өлкенің төскейі ежелден төрт түлікке толы. Жер пайдалану мәселелері қалай шешімін табуда?
– Ауданның жалпы аумағы 1 млн. 259 мың 293 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жер көлемі 737984 гектар. Оның 40231 гектары тәлімі, 27274 гектары суармалы алқап. Қалған 17388 гектар аумақ тыңайған жер. Сондай-ақ, қалған шабындық, жайылым жерлер мал шаруашылығы үшін қолданылуда.
Ауданда барлығы 2507 жер пайдаланушы бар. Жекеменшік малды жайылымға шығару үшін 49 елді мекен бойынша 134447 гектар жер бөлініп, берілді. Бүгінгі таңда Қызылағаш, Көшкентал, Ойтоған, Матай ауылдық округтерінде жайылымдық жер учаскелерін беру жоспарлануда.
– Кәсіпкерлік саласының тыныс-тіршілігіне тоқталсаңыз. Ауданның маңдайына біткен жалғыз ірі кәсіпорын, «Ақсу-қант» зауытының жағдайы қалай?
– Өнеркәсіп саласында 12 кәсіпорын бар. Қазіргі уақытта Ақсу қант зауытында қамыс қантын өңдеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы қамыс қантын өңдеу жоспары 80 мың тоннаны құрайды. Сонымен қоса, зауытта шикізат қоймалары дайындалуда. Жалпы әзірлік жұмыстары ағымдағы 1 желтоқсанда аяқталады. Зауыт жұмысын 2023 жылдың 15 ақпанынында бастамақшы. Ауданда Қапал-Арасан гранит және мәрмәр кен орындары бар. Бүгінгі күні «Granite-industries» ЖШС жұмыс істейді. Қапшағай қаласында оның жеке өндірістік кешені орналасқан. Кәсіпорын табиғи тастан жасалған құрылыс материалдары мен бұйымдарын сату мақсатында Қапал-Арасан кен орнының гранит блоктарын өндірумен айналысады. Алдағы үш жылда Бүйен өзенінен су электр стансысын салу жоспарлануда. Инвестиция көлемі 11,5 млрд. теңге. Сонымен қатар биыл «Ақсу ГЭС» ЖШС форель шаруашылығының құрылысын бастады. Тауарлы балық өндірісімен шұғылданып, жылына 265 тонна балық сатпақшы. Аудандағы орта және шағын кәсіпкерлік құрылымдарының саны 3353 бірлікті құрайды.
– Халықтың әлеуметтік жағдайын жасқарту барысында нендей шаруалар атқарылуда? Жол, су, жарықшамдар орнату мәселесі қалай шешімін табуда?
– Бұл орайда тұрғындармен кездесу барысында жағдайға толық қаныға түсеміз. Иә, инфрақұрылым тартуда әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер жетерлік. Мысалы, Қопалы ауылын ауызсумен жабдықтау қолға алынды. Сағабүйен, Көлтабан, Матай ауылдарына көше шамдарын орнату мақсатында жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Жансүгіров ауылында арық жүйесін тарту қарқын алды. Арасан ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта құрылымдау басталды. Ақтөбе ауылының ауызсу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмысына 5,3 млн. теңге бөлінді. Қаракөз, Кеңғарын, Ойтоған ауылдарында көше шамдары орнатылмақ. Аудан бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 901 шақырым. Оның ішінде республикалық маңыздағы автомобиль жолдары 94 шақырым. Облыстық маңызы бар күре жолдың ұзындығы 494,1 шақырым, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары 312,9 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар жолдың бетін тегістеу, жолға құм-қиыршық тас қоспасын салу, жолжиегі жұмыстары, құбырларды монтаждау шаралары іске асырылуда. Қызылағаш ауылынан Тарас ауылына дейінгі жол ашылды. Су тасқынынан шайылған тұсты айналып өту үшін қосымша айналма жол салынды.
– Ақсу туризмге сұранып тұрған өңір. Бұл салада ілгерілеу бар ма?
– Аудан туризмнің барлық түрін дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша көп мүмкіндікке ие. Қапал ауылдық округіне қарасты Шыңбұлақ шатқалы, Құрақсу ауылдық округіндегі Рай көлі жағалауының суы дертке дауа. «Қапал-Арасан» шипажайы шипалы суымен ерекше. Бұл Қазақстандағы ең алғашқы шипажайлардың бірі. «Қапал-Арасан» шипажайы суының құрамында натрий сульфаты-хлориді, азот және кремний қышқылы бар. Өкінішке қарай 2014 жылдан бері жұмысын тоқтатқан. Ағымдағы жылы шипажайды жеке инвестор сатып алды. Алдағы 2-3 жылда емдік жұмысын қайта бастауды жоспарлап отыр. Біраз уақыт бұрын «Саду Девлопомент» ЖШС Суықсай ауылдық округіндегі 2 гектар жерге демалыс аймағын ашу үшін эскиздік жоба бекітті. Жобаның құны 150 млн. теңге. «Аршалы Тур» ЖШС аңшылық үй, марал мүйізімен емдеумен шұғылдануды қолға алмақшы. Сол мақсатта 25 марал сатып әкеліп, өсірілуде.
– Жас ұрпақты тәрбиелеу басты міндеттің бірі. Білім ордаларында қандай жұмыстар іске асырылуда?
– Білім саласында жоба, бағдарлама, ашық сабақ, байқаулар өткізу сынды шара көп. Мысалы, Ж. Сыдықов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бақытгүл Бейсетбаева республикалық «English aulda» жобасы бойынша 1-орынды иеленді. Оқушылар арасында «Ақберен» республикалық өнер байқауына 5 оқушы қатысып, 4 оқушы жүлделі орын алды. Жас педагогтардың білім-білігін сарапқа салып, олардың арасында да байқау өткізу дәстүрге айналған. Мысалы, ауданда «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты аудандық педагогикалық олимпиада өткізілді. Жас маман А. Мұхаметмолдина 3-орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды. Сондай-ақ, ер мұғалімдер арасында «Әскери-қолданбалы спорт» байқауы ұйымдастырылып, нәтижесінде Матай, І. Жансүгіров, М. Мәметова атындағы орта мектептердің мұғалімдері үздік атанды.
– Халықтың денсаулығын жақсарту үшін медицинаға қолдауда қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Медицина мекемелерін жаңарту, медициналық құрал-жабдықтар алу, «Жедел жәрдем» көлігімен қамту бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Облыста бірқатар денсаулық сақтау нысаны шұғыл жөндеуді қажет етеді. Бұл Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасы, Ақсу және Кербұлақ ауданындағы ауруханалар. Үкіметке осы жобаларды қаржыландыруды республикалық бюджеттен қарастыруды тапсырамын», – дегені көпті қуантты. Бұған қоса 12 елді мекенде блокты-модульді емханалар салынады. Мұндай емханалардың саны 2024 жылға дейін 40-қа жеткізілмекші.
Гүлжан ТҰРСЫН,
Жетісу облысы





