Жайнақ, Қоғалы ауылдарына барған сапарымызда кезінде «Қоғалының картобы» деген атпен алыс-жақынға танымал дақылға деген сұраныстың қалайша төмендеп кеткеніне жауап іздеп көрдік.
– Кезінде Гвардия ауданы болып тұрған кезде Алматының өзіне жылына 24 мың тонна Қоғалының қызыл картобын жеткізетінбіз. Ал облыс орталығы Талдықорғаннан өзге аймақтарға, Ресей жеріне қарай картоп тиеген вагондардың жылжып бара жатқанын жиі көретінбіз. 1970-80 жылдары әр кеңшардың өзі 700-800 гектардан картоп егетін. Ол кезде әр гектарға 4 тонна тұқым сеуіп, 8 тонна өнім алушы едік. Суы мол Аралтөбе сияқты кеңшарлар гектарынан 16 тоннадан асыратын, – дейді Жайнақ ауылының әкімі Самат Самиұлы.
Ежелгі сақ дәуірінің тарихын бауырына бүгіп жатқан, сан ғасырлық өркениеттен суыртпақтап сыр шертетін Жайнақ ауылының іргесі 1911 жылы қаланған. 1992 жылға дейін ауылда саусақпен санарлықтай қазақ отбасы болыпты. Еліміз тәуелсіздік алып, тарих доңғалағы өзінің ежелгі жүлгесіне ауысқанда ауыл атауы 1993 жылы Жайнақ батыр деп өзгертіліпті. Қазір бұл ауылдағы 615 түтін, 2600-ге жуық тұрғын,180-ге жуық шаруа қожалығы егін және мал шаруашылығымен айналысады. Бірақ картоп өсіретіндердің қатары азайған.
– 1979 жылы Украйнадан келген картоп сортымен бірге картоп құрты да ере келді. Басында жұрт картоп құртын көрсе қатты түршігетін. Қазір оны дәрімен жоюдың сан түрлі техникасын меңгеріп алдық. 1986 жылы жергілікті тұқымға қарағанда өнімділігі мол голландық картоп өсіру технологиясы енгізіле бастады. Бірақ шетелдік картоп сорттарының көбейіп кетуінен «Қоғалының картобы» деп мақтан ететін экологиялық таза, нәрлі, дәмді картоп тұқымынан айырылып қалды. Қазір Алматы, Астана, өзге облыстарға картоп жеткізетіндер сырты қызылдың барлығын «Қоғалының картобы» деп сата береді. Қоғалы картобының даңқын білетін жұрт таласып сатып алады, – дейді ауыл басшысы.
Жайнақтықтардың картоп өсіруге деген ынтасын судың жыл сайын азаюы да төмендеткен. Бұлақ көздері тартылып, сарқырап ағып жататын өзендердің арнасы кеуіп барады. Су тапшылығы ылғалды қажет ететін картоп шаруашылығын өркендетуге кедергі келтіруде. Сонымен бірге алыпсатарлар да кесірін тигізіп отыр.
– Қоғалы ауылында 40 мың гектардың үстінде суармалы, тәлімді және жайылымдық жер бар. Оның ішінде 14 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылса, соның 3-4 мың гектары суармалы. Биыл ауыл болып 300 гектардың айналасында ғана картоп ектік. Бұны жұрттың жалқаулығынан емес, алыпсатарлардың ашкөздігінен деуге болады. Ауылдағылардың ала жаздай төккен терінің игілігін күзге қарай жылтың етіп жетіп келетін, арзанға алып кететін алыпсатарлар көріп отыр. Төккен терінің пайдасын өздері емес, басқаның көретінін сезген жұрттың дақылға деген қызығушылығы жоғалып барады, – дейді Қоғалы ауылының әкімі Асқар Байеділов.
Ал судың тапшылығы өзіміздің көп дүниеге немкетті қарайтындығымыздан туындап отырғандай. Қоғалы ауылының әкімі Асқар Оңғарұлының айтуынша, бұрындары үлкендер көктем шыға тау бөктеріндегі бұлақтардың көзін ашып, тоғандарды тазалайтын. Қазір жұрт ортақ іске мойын бұрмайды. Жер көшкіні, малдың тұяғының әсері, тағы басқа себептерге байланысты көзі бітеліп қалған бұлақтар суалып барады. Тазаланбаған арықтан ағатын судың көбі жерге сіңіп кетеді. Тамшылатып суару технологиясын пайдалану да кенжелеп тұр.
Тағы бір себеп, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі. Шынын айтқанда, бүгінгі таңда картоп өсірушілерге демеуқаржы төленбейді, техника, саудалауға қатысты ешқандай көмек көрсетілмейді. Есептеп көретін болсақ, картоптың пайдасы шаш етектен. Бүгінгі нарық жағдайында бір гектар картоп өсіруге миллион теңге айналасында шығын кетеді. Ал гектарынан 20 тоннадан өнім алып, келісі 120 теңгеден сатылса, әр гектардан 1,2 миллион теңге кіріс кіргізуге болады. Жер, ауа райы, су, техника, тағы да басқа себептерге байланысты өнім көлемінде өзгеріс болатын шығар. Бірақ кедергілер жойылса, көптің картоп өсіруге деген ұмтылысы арта түсер еді.
Кезінде гектарлап картоп егіп, тонналап өнім жинайтын Жайнақ, Қоғалы, Шұбар, Аралтөбе, тағы да басқа көрші ауылдардың тұрғындарына картоп сақтайтын қойма ауадай қажет. Күзде өнімін қоймалап, көктем шыға сатылымға шығарса, ел алыпсатарларға жем болмай, еңбегінің игілігін көрер еді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрындары Жайнақ ауылында 4 мың тоннаға дейін картоп сақтайтын қойма болыпты. Бүгінде қабырғасы қаусап тұр. Оны қалпына келтіруді ауыл бюджеті көтере алмайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткенде Мемлекет басшысы Ақсу қант зауытын қалпына келтіру үшін 12 млрд. теңге мемлекеттік қолдау көрсетілгенін айтты. Жайнақтағы қойманы қалпына келтіруге сол қаржының тамшыдай бір бөлігі бөлінсе, бұл маңдағы картоп өсірушілердің біраз қиындығы шешілер еді. Картоп шаруашылығына осыған дейін демеуқаржы бөлінбегені де жұрттың ынтасын басып тастаған. Егер картоп өсірушілерге мемлекеттік қолдау дұрысталса, отандық өнімді өркендетіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де септеспек.
Қажет АНДАС,
Жайнақ – Қоғалы ауылы
Кербұлақ ауданы
Жетісу облысы





