«Самұрық-Қазына» қоры Қазақстан бойынша өткізілетін жекешелендіру және IPO тақырыптары бойынша кең ауқымды науқан шеңберінде Жетісу облысының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Әуелі, арнайы іссапармен келген мамандар Жетісу облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлермен жолықты. Мұнда азаматтардың IPO бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қорының жекешелендіру бағдарламасының және портфельдік компаниялары IPO-сының іске асырылу барысы, оның ішінде бірінші IPO кандидаты – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясы туралы ақпараттар таныстырылды.
Жиында сөз алған «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің аға менеджері Айжан Қайратова:
– Компанияның IPO-на қатысуға ҚР азаматтары атынан барлық мүдделі институционалдық және бөлшек инвесторлар шақырылады. Бұл дегеніміз, әрбір қазақстандықтың ҚМГ акцияларын сатып алып, Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ компаниясының ортақ иесі атануға мүмкіндігі болады», – деді.
Маманның айтуынша, Қор IPO-ны әрбір қазақстандық үшін қолжетімді етуге ниетті. Осыған байланысты 16 қыркүйектен бастап, ҚР азаматтарын Қордың портфельдік компанияларының IPO-на қатысу мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпараттандыру жұмысы жүргізілуде.
Осыдан кейін мамамандар, «Қайнар» зауытының, «ТАТЭК», Жетісу университетінің ұжымымен, Үштөбе қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Айта кетейік, 2025 жылға дейін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 7 ірі активі, оның ішінде 6 актив IPO арқылы бәсекелес ортаға ішінара шығарылады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ IPO-сы биылға жоспарланған.
Айдар ҚАЛИЕВ




