«Кеген ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасын» жүзеге асыруда көптеген игілікті іске ұйытқы болып келеді. Соның ішінде, жазасын өтеп келгендерге, мүгедек жандарға тұрақты жұмыс орындары ұсынылған.
Биылғы жылы кәсіптік-техникалық біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуге 50 адам жоспарланса, 6 айдың ішінде 27 адам кәсіптік оқуға жіберілді. Бұл негізінен Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінде жүргізілуде. 6 айдың ішінде 4 азаматқа «Жаңа бизнес» идеяларын іске асыруға арналған 4 миллион 901 мың теңге көлемінде мемлекеттік гранттар берілді.
Үстіміздегі жылдың 6 айында жобаға сәйкес субсидияланатын жұмыс орындары негізінде 149 адам қоғамдық жұмысқа, 11 маман жастар тәжірибесіне, 31 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 8 адам алғашқы жұмыс орнына жіберілді. Мерзімді уақыт ішінде жұмыс іздеуші ретінде тіркелген 607 адамның 442-і жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 138 адам тұрақты жұмысқа орналасып кеткенін орнымен айтқан жөн.
Ауданда 158 жұмыс қабілетін жоғалтпаған мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Қазіргі таңда 3 мекемеде квота бойынша белгіленген 13 орында 3 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істеп жүр. Үстіміздегі жылдың 6 айында жұмыс іздеуші ретінде 25 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген болатын.
Қазіргі таңда солардың ішінен 7 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. 14 адам қоғамдық жұмысқа, 1 адам жастар тәжірибесіне тартылды. 2022 жылдың 6 айында пробация қызметінің есебінде тұратын 6 азамат тіркеліп, оның ішінде төртеуі жұмысқа орналасты. 1 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, 1 адам кәсіптік білім алуға жіберілді. Алты айдың ішінде 264 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы,
Алматы облысы





