Жақында Панфилов ауданының Бел жайлауында дәстүрлі малшылар мерекесі өткізілді. Жасыл жайлау төсінде өткен дүбірлі тойда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, өңір өнерпаздары концерт қойып, дала өндірісі майталмандарының мерекесі сән-салтанатқа толы болды.
Аудан басшысы Марат Сағымбек жайлау төріндгі мал баққан шаруалармен жүздесіп, салтанатты жиын өткізіп, мерекелік тілегін жеткізді.
– Жыл бойы дала төсінде адал еңбек етіп, ел ырысын еселеп жүрген малшы қауымды елдің шетінде, желдің өтінде қараусыз қалдырмай, әркез осылай қолдау көрсетуіміз қажет. Жайлауда мұндай мереке өтпегелі біраз уақыт болыпты. Сондықтан өздеріңізбен жүздесіп, пікір-кеңестеріңізді тыңдайық деп мерекелік шара өткіздік, – деген аудан әкімі осы салтанатты сәтте қожалықтардың малын бағып жүрген 6 отбасына жаңа баспана кілтін табыстады.
Жайлау төрінде баспаналы болған малшылар отбасын қуантқан жеке шаруа қожалықтың басшылары Тасқын Жапарқұл, Берік Оразбай, Кәмшат Жақыбаева сынды кәсіпкерлер малшылар қауымына бұдан басқа да ақшалай сертификаттар табыстады. Соның ішінде «Оразбай.Б» жеке шаруа қожалығы өз қызметкерлеріне 8 млн. теңге атады.
Малшылар мерекесіне жиналған барша малшы қауымға сый көрсетіліп, «Адал еңбегі үшін» арнайы төсбелгісі және басқа да бағалы заттармен марапатталды. Марапатқа ие болғандардың бірі – 87 жастағы Тұрлыбай Шаукеев ақсақал. Өмірінің 50 жылдан астамын жаз маусымында осы Бел жайлауының төрінде өткізген малсақ қария осы күніне шүкіршілік айтады.
– Отбасымдағы 6 баламды осы малмен асырадым. Барлық бала-шағама баспана, көлік алып бердім. Малдың берекесі бар. Осы жайлау – менің өмірім. Мұндай той жиі өткені дұрыс. Медаль алып жатырмын. Өте қуаныштымын, – деп ағынан жарылған қария жастарды мал бағуға шақырды.
Бүгінде ауданда 105 611 бас ірі қара, 379 458 қой-ешкі, 22 535 жылқы және 370 бас түйе жазғы жайылымда бағылуда. Олар өңірге қарасты тау баурайындағы 10-нан астам жайлауға жайғастырылған. Дәстүрлі малшылар мерекесі өңірде ары қарай жалғасын таппақ.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





