Биыл Кеген ауданындағы денсаулық саласы үшін жақсы жыл болып тұр. Ұзақ жылғы арман орындалып жатыр. Алмас Тілеулиевтей білікті дәрігер басқаратын денсаулық саласында 28 емдеу мекемесі бар. 1 аудандық, 2 ауылдық аурухана жұмыс істейді. Мұның сыртында 9 дәрігерлік амбулатория, 5 ФАП, 11 медициналық пункт бар. Өңірде 62 дәрігер, 285 орта буын медицина қызметкерлері еңбек етеді.
Осыдан 6 жыл бұрын 250 орынды жаңа емхана салынып, игілікке айналды. Биыл ұзақ жылдан айтылып келе жатқан, халықтың орынды ұсыныс-тілегі орындалып, аудандық аурухананың ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Уақыт талабына сай жаңғырып келе жатқан ғимараттың жайы қуандырмай қоймайды. Бұдан бөлек, Жалаңаш ауылдық ауруханасының ескі ғимараты да күрделі жөндеуден өтуде. Мұндай жақсылық Алғабас ауылдық дәрігерлік амбулаториясына да тән. Аталған ғимарат та уақыт талабына сай жаңғырып, жайнап келеді. Тағы бір үлкен қуаныш бар. Қарқара ауылынан фельдшерлік-акушерлік пункттің жаңа ғимараты салынып, ел игілігіне айналар сәті алыс емес. Құрылыс жұмысы бітуге таяу. Бұл да ауыл тұрғындарын үлкен қуанышқа кенелтіп отыр.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Кеген ауданы,
Алматы облысы





