Талдықорғанда әйгілі әскери қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Иван Панфиловқа ескерткіш тұрғызылды.
Талдықорған гарнизонының десанттық-шабуылдау құрамасында өткен ескерткішті ашу салтанатына Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов пен Мемлекеттік әскери-тарихи музейі Алматы филиалының басшысы, әйгілі қолбасшының немересі Алуа Байқадамова арнайы келіп қатысты. Алдымен жұртқа генерал-майордың өмірі жайлы мәлімет берілді.
Шарада сөз алған генерал-майор Мұхамеджан Таласов көпшілікті ескерткіштің ашылуымен құттықтап:
– Қазақстандық әскери қызметшілердің жадында Иван Васильевичтің аңызға айналған есімі, жанқияр ерлігі, Отанын шексіз сүйген перзенттің үлгісі болып мәңгі қалады, – деп атап өтті. Батырдың немересі Алуа Байқадамова шараны ұйымдастырушыларға ризашылық білдірді.
Шара соңында қатысушылар ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, артына өшпес із қалдырған қолбасшының рухына тағзым етті.





