Жетісу – қант қызылшасын өсіруге қолайлы аймақ. Кезінде Алакөл, Сарқан, Ақсу халқы нәпақасын тәтті түбірден тапқан. Шөптеу, түптеу жұмысына барлық ауыл тұрғындары мен оқушылар тартылатын. Оқушылардың демалыс және еңбек лагерьлері болатын.
Онда мектеп жасындағы ұл-қыздар таңнан тұрып, қант қызылшасы алқабында еңбек ететін. Ал, сенбі-жексенбі күндері балаларды арнайы автобуспен тарихи орындарды аралатып, ойын-сауық ұйымдастыратын. Сонымен бұл жақтың балалары да ес білгеннен еңбек пен білімді ұштастырып ержететін. Сондай лагерьлерге бала күнімізде өзіміз де барып, тәтті түбірдің ащы терінің дәмін татып өстік.
Соңғы жылдары қант қызылшасының алқабы қысқарып кетті. Оған себеп, тәтті түбірді өсіруге кететін шығын мен түсетін табыстың қиыспайтындығы. Жер еміп өскен егіншілер тұрақты кәсібінен айырылайын деп айырылмады. Кәсібінің нәсібін көре алмады. Жағдайды шаруаның сөзімен баяндалық. Ақсудағы «Даниал» шаруа қожалығының басшысы Әшімғали Жұмагелдин тәтті түбір өсірумен көптеген жылдан бері айналысады. «Қант қызылшасын өсірудің азабы көп. Шығын өзіндік құнынан асып кетеді. Суға берілетін субсидия аз. Су шаруашылықтары аудан әкімдігіне бағынбайды. Мысалы, шағын алқапқа 150 литр су жіберсем, ақысына 8-10 мың теңге төлеймін. Осылайша егіндікті он шақты рет суарсам 100 мың теңге ақша төлеуге тиіспін. Сондықтан Үкімет суды тұтынуға шыққан шығынның жартысын төлеуге субсидия берсе шығын азаяр еді. Жағармай таситын арнайы көлік жоқ. Оны жалдауға кем дегенде 70-80 мың теңге кетеді. Қоймадан тыңайтқыш, тұқымды тиеп, Жансүгір ауылына жеткізіп берушілердің әрқайсысына 150 мың теңгеден ақы төлеймін. Техника да жоқтың қасы. Ескі көліктердің жүргенінен тұрғаны көп. Ақпарат көздерінде «Шаруалар техника сатып алатын болса Үкімет 25 пайызын төлеп береді» дейді. Бос сөз. Шындығында 12 пайызын ғана төлейді. Мысалы, мен 250 млн. теңгеге техника алып, бірнеше жыл болды ақысын әлі төлеп келемін. Техниканы алуға берілетін көмек-қаржы да көбейтілсе», – дейді шаруа адамы.
Енді осы дақылды өңдейтін Ақсу қант зауытының мүмкіншілігі жайлы сөз қозғасақ. 1967 жылы салынған зауыт тоқырау жылдары тоқтап қалған. Содан кейін 2017 жылы қайта жаңғыртудан өтті. Бұрынғыдай механикалық емес, енді автоматты түрде басқарылатын деңгейге жетті. Жаңғыртуға дейін қайта өңдеу кәсіпорны 300 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін. Жылына 30 мың тонна шекер шығаратын. Қайта жаңғыртудан кейін өндіріс орнының шикізатты өңдеу мүмкіншілігі 450 мың тоннаға жетті. Жыл сайынғы қант өндіру көлемі – 65 мың тонна. Бүгінде тәтті түбірдің аздығынан қайта өңдеу зауыты жартылай қант қамысын өңдеумен шұғылдануға бейімделіп жатыр. Жартылай фабрикат өнімі Бразилиядан тасымалдануда.
Кәсіпорын басшысы Самат Нәдірбаев: «Биыл қайта өңдеу көлемін 25 мың тоннаға жеткізіп, 2026 жылы өңдеу көлемін 90 мың тоннаға ұлғайтсақ»,– дейді.
Биылдан бастап, қант қызылшасының әр тоннасына зауыт 15 мың теңге, Үкімет 15 мың теңгеден субсидия бөлмек. Шаруалар соның өзінде түсім шығынды өтей алмайтынын айтуда. Ендеше, қант қызылшасын өсіру үшін мемлекеттен берілетін көмек қаржы көбеюге тиіс. Бала кезімізде тәтті түбір өсіруші ұжымшарларда арнайы автобаза болатын. Онда техниканың барлық түрі әр маусымға сақадай сай дайындалатын. Шаруашылыққа тегін қызмет көрсететін. Осындай жүйе болашақта да іске асырылса. Өңір басшысы Бейбіт Исабаев Ақсуға барған сапарында Ақсу қант зауыты серіктестігінің басшысы Самат Нәдірбаевқа «шаруашылықтармен бірлесіп жұмыс істейтін жүйе ұйымдастырыңдар» деген тапсырма берді. Бұл – техника, тұқым, гербицид, жағармайды шаруаларға таратуды, үлестіруді өздерің ұйымдастырыңдар деген сөз. Шаруалардың да айтпағы осы. «Тұқымды облыс орталығынан емес, зауыттан алсақ шығынымыз азаяр еді» дейді олар.
Гүлжан ТҰРСЫН





