Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат СҮЛЕЙМЕН Талдықорған қаласына келіп, құқық қорғау саласының қызметкерлерімен кездесті. Бұл туралы «Жетісу» газетінің сайты хабарлады.
Кездесуде құқық қорғау жүйесіндегі үш буынды модель – полиция, прокурор және сот өкілеттігінің өзара үйлесімде жұмыс істеуі, медиация, әділетті Қазақстан құру, заң үстемдігі, Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау дерегіне қатысты көкейкесті мәселелер көтерілді.
— Баршаңызға мәлім, жуырда референдум өткізіліп, Ата Заңымызға өзгерістер енгізілді. Мұндағы ең бірінші мақсат – Жаңа Қазақстан құру. Жаңа Қазақстанның негізгі сипаты алдымен әділетті, заңға сүйенген мемлекет қалыптастыруда жатыр. Оның ішінде, адам құқықтарын қорғау үлкен маңызға ие, – деген Ләззат Жаңылысқызы кездесудің мақсат-міндетін түсіндіре келіп, прокуратура мен полиция өкілдерінің қысқаша есебін тыңдады.
Жиында сөз алған облыстық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары Жандос Ысқақов атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Прокуратура өкілінің айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде өңірде 16 адам қаза тапқан, 538 қару ұрланған. Қазіргі күнге дейін ұрланған қару-жарақтың жартысынан астамы табылмаған.
Сенатор Талдықорған өңірінде Қаңтар оқиғасы бойынша тергеліп жатқандарды азаптау дерегі тіркелгенін, бұл бағытта қандай алдын алу шаралары жүзеге асқанын сұрады. Жандос Ысқақов аймақта азаптау дерегіне қатысты 61 іс қаралғанын, оның 37-сіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тергеу жүргізгенін тілге тиек етті. «Тағы 22 іс бойынша әлі тергеу жалғасуда. Сондай-ақ, азаптауға байланысты 30 істе қылмыстық дәлел табылмай тоқтатылды. Азаптау дерегі бойынша өңірде 5 полиция өкілі жауапқа тартылды», – деді прокурор.
Сенат депутаты Жаңа Қазақстанның негізгі міндеті – адам құқығын қорғау екенін еске салып, Конституциялық сот пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының жай-жапсарын түсіндірді. «Адам құқықтарының сақталуы құқық саласы қызметкерлерінің әділетті болуымен тікелей байланысты. Үш буынды модель өте тиімді тәсіл. Мұнда әрбір орган адам құқығын қорғау жұмысын дербес жүзеге асырады. Талдықорған өңіріндегі тәртіп сақшылары тарапынан азаптау деректері тіркелгені рас. Соған байланысты мұнда қандай алдын алу шаралар жүзеге асып жатқаны маңызды. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы тиіс», – деді сенатор. Кездесуде полиция департаментінің де атқарылған жұмысы баяндалып, өңірдегі қылмыстық істер бойынша мәлімет ұсынылды.
Жиында Ләззат Сүлеймен адам құқығын қорғауға қатысты жаңа сала – медиация жұмысын жандандыру жайлы сөз қозғады. «Қылмыскер, әрине, жазасын алуы керек. Бірақ сотталушылардың пайызын азайтуға, тараптарды татуластыруға, мәміле жасауға баса мән берілгені жөн», – деген сенатор кездесу соңында облыс прокуратурасы мен полиция департаментінің өкілдерін медиаторлармен қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырды.
Қуаныш АБАЙБЕКҰЛЫ
Фото — Руслан ҚАДЫРОВ
Жетісу облысы





