Осы бір әнді тыңдаған сайын балалық, бозбала шағым өткен ауылымды еске алып, сарабдал сағыныштың күйіне бөленетін сәттерім жанымды тербейтіні бар. Жеміс бақтары жайнаған, көшесіндегі зәулім теректері күннің шыжыған ыстығында көлеңкесімен саялатқан көне Ақкенттің қазір орны бар да, елі жоқ. Қожалықтар қоршап алған егістік алқаптарын қиялмен бір сәт сырып қойып, бұрынғы әр үй, әр ауланы, олардағы тынымсыз тіршілігімен қарекет жасап жүрген қайран ауылдастарымды есіме аламын. «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл кетпейді», – деген осы ма?
Жақында тау етегіндегі бұрынғы Тышқан ауылының жұрты жиналып, құтты қоныс мекенінің орнына тастан белгі қойды, аруақтардың рухына бағыштап ас берді. Көптен көріспей сағынысқан елдің қуанышына куә болғанда мендегі сезімнің мыңдаған жанның жүрегінде жүрген алтын шөңке екенін байқадым. Кеңес кезеңінде биліктің елді орталықтандырамыз деген саясатымен тек Жаркент өңірінде ғана Бұрхан, Ақжазық, Шежін, Тышқан, Ақкент сияқты көптеген шағын ауылдардың тұрғындары мәжбүрлі түрде көшіріліп, сол елдімекендердің орындары қаңырап бос қалғаны есімізде.
Өткен ғасырдың бел ортасында кейіннен атағы әлемге мәшһүр болған екі мәрте Еңбек Ері Николай Головацкий бұрын шекара отрядының шағын қосалқы шаруашылығы орналасқан жерге қосымша ел қондырып, егін бригадасын ұйымдастырып, тау етегінің құнарлы топырағына бидай, картоп өсіруді қолға алған екен. 1970 жылы Тышқан ауылының тұрғындары шаруашылықтың ірі елді мекендеріне көшіріліп, орны егістік алқабына айналдырылған. Алайда, тау етегінде етене өмір кешкен елдің үлкен-кішісі жанға жайлы жерге көшсе де бір-бірінен қол үзбей хабарласып, хал-ахуал сұрасып, бауырмалдығын бұзбапты.
Осыдан екі жыл бұрын Тышқан ауылында жастық шағы өткен азаматтар елдімекен орынына тастан белгі қойып, ауылдастарын жинап, кездесу өткізбек болған. Елді жайлаған пандемия кездесуді екі жылға кешіктірді. Сол бастаманы қайтадан қолға алған тышқандықтар жақында тау баурайындағы әсем табиғат аясында бас қосты.
Алыс-жақыннан жиналған 200-ге жуық ауылдастар шұрқырасып көрісіп, амандықтарын, жаңалықтарын біліп, сағынышын басты. Белгітас түбінде жиын өткізіп, өмірден өткендерді еске алып, жетістік, жаңалықтарын білді. Көне зират басына барып аруақтар рухына Құран бағыштады. Сарыбел ауылдық округінің өнерпаздары кездесуді ән, күймен, әсем бимен әрледі. Жергілікті билікпен келісіп, болашақта Тышқан ауылының орнына саябақ өсіруге байлам жасалды. Сөйтіп, көпшілік бір қазаннан ас ішіп, арқа-жарқа болып тарады.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
Панфилов ауданы
Жетісу облысы





