Сұраншы батыр ауылында жаңа саябақ пайдалануға берілді. Аумағы 2400 шаршы метр демалыс бағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 37 миллион теңге қаржыға салынды.
Заман талабына сай жабдықталған саябақтың 500 шаршы метріне өрнектас төселіп, балаларға арналған алаң жасақталған. Онда алтыбақаннан бастап жас мөлшеріне сәйкес әр түрлі ойын және спорттық құрылғылар орнатылған. Аумағы атшаптырым бақта серуендеушілер үшін жайлы орындықтар қойылған. Бұл тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына жасалған өте қолайлы жағдай болды.
Аудан орталығынан 40 шақырымдай қашықтықта жатқан ауылда кейінгі жылдары біраз игілікті іс атқарылды. Өткен жылдың аяғында ғана мұнда балабақша мен су жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Күрделі жөндеуден өткізілген екіқабатты, 90 орынды «Батыр бол» бөбекжай-балабақшасы мектепке дейінгі мекемеге қойылар барлық талапқа сай жабдықталған. Онда 30-дай адам жұмыс істейді. Ал Мәдениет үйі «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 261 миллион теңгеге салынып, 8 штат ашылған, үш үйірме жұмыс істейді, 218 орынды көрермен залы бар. Тау етегіндегі 2 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендегі игіліктерге тұрғындар өте риза.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Сұраншы батыр ауылы
Жамбыл ауданы
Алматы облысы





