«Рухани жаңғыру» орталығының жиынжайында азаматтық бастамаларға қолдау таныту, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ширатуды мақсат еткен «Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің» жеңімпаздары марапатталды.
Үкіметтік емес ұйымдар консалтинг орталығының Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты іске асыру аясында жариялаған жобалар байқауы 1 – 31 наурыз аралығында өтті. Оған 37 қоғамдық ұйымнан 48 жоба ұсынылып, әділқазылардың жан-жақтылы зерделеуінің нәтижесінде 10 жоба жеңімпаз деп танылды. Олардың әрбіріне 1 млн. теңгенің сертификаты табысталды.
Мәреге сүрінбей жеткен жеңімпаздарды Жетісу облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Қошанбеков құттықтап, мұндай шараның әлеуметтің әлеуетін жетілдіріп, азаматтардың ел өркениетіне қосатын үлес салмағын еселейтінін тілге тиек етті. Ал комиссия мүшелері атынан сөз алған «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдилдина, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Бархудар Гусенов аталған жобаның маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды.
Жеңімпаз болып танылған әр жобаның да қоғамға тигізер пайдасы, жұртқа жеткізер жақсылығы аз болмайды. Олардың тақырыбы да, атқаратын қызметі де әртүрлі. Әріптесіміз, «Жетісу» телекомпаниясының продюсері Гүлжан Қызайбайдың «Бала – базар» – балаларды тұлғалық қалыптастыру» жобасы да сол қатардан көрінді. Жасыратыны жоқ, ересек адамдардың өзі камераның немесе диктафонның алдында не айтарын білмей абдырап қалады. Бұл да елеусіз қарайтын нәрсе емес. Сондықтан балаларды кішкентай кезінен өз ойын еркін жеткізіп, ашық пікір алмаса алатын шеберлікке тәрбиелеу керек. Әріптесіміз қоғамдағы осы бір олқылықтың орнын толықтырмақ.
Жеңімпаздарға сертификат үлестірген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбеков:
– Бұл жобаны алдағы уақытта тағы да пысықтап, ауқымын кеңейтіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ете алатын жобалар деңгейіне жеткізуге жұмыс істейміз, – деді.
Қажет АНДАС





