«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ата-бабамыз. Міне, сондай болашағынан үлкен үміт күттіретін егіз ұлдар, Талдықорған қаласындағы №15 орта мектебінің 3-сынып окушылары, №1 Балалар мен жасоспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Ерзат, Нұрзат Балтабайлар жанына спортты серік етіп, 9-жасында-ақ жеңіс тұғырынан көрінді.
Сарқан каласында бокс іргесін калаған Жұмагелді Есболатұлына арналған республикалық турнирде 32 кг салмақ дарежесінде өнер көрсеткен Ерзат 1-орынды. Нұрзат 2-орын жеңіп алды. Турнир кіші жасөспірімдер арасында өтті.
Бокс секциясына қатысып жүргеніне небары бір жыл ғана болған қос шәкірттің болашағынан бапкері Азамат Лепесов үлкен үміт күтеді. Олар жарыста өздерінен бір жас үлкен балалармен бақ сынасып, екеуі бірдей чемпион атанып, бірінші орынға лайық деп танылды. Егіздердің үлкені Ерзат болғандықтан, Нұрзат ағасына орын беріп, 2-орынды еншілеген. Егіздердің таудай талабына спорт шеберлері де, жанкүйерлер де риза болысты.
Балаларды бокс секциясына әкесі Мұрат Қазбеков жетелеп апарған. Бала кезінде өзі де спортпен айналысып, талай жарыста жеңімпаз атанған әкесі енді балалары қазақ елінің даңқын аспандатар спортшы болар деген сенімде. Анасы Ләззат Сайлаубекқызы да қос перзентінен үлкен үміт күтеді. Үйдегі төрт ұлдың ішіндегі кенжелері Ерзат пен Нұрзат сабақтарын да жақсы оқиды, үй шаруасына да икемді, аналарының кішкентай көмекшісі.
Немерелерінің жеңісіне бәрінен бұрын қуанған Балтабай қария «Менің атымды шығарды» деп толқыса, әжесі де көзінің қарашықтарын айналып-толғануда. Бокс өнеріне енді бойлаған қос батыр әлі талай жеңістің жалауын желбіретеріне сенім зор.
Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ,
Алматы облысы





