Суару маусымының басталуына да аз уақыт қалды. Өткен жылдары орын алған құрғақшылық, өзен-көлдердің тартылуы, су деңгейінің азаюы, трансшегаралық өзендерде туындап жатқан қиындықтар суға тапшылықты туындатқанын жасыра алмаймыз. Алдағы уақытта осы қиындықтардан сәтті өту үшін не істеу керек? Қолда бар ресурстарды қалай ұтымды пайдалануға болады? Осы және басқа да сұрақтарға нақты жауап алу үшін «Қазсушар» РМК Алматы филиалының директоры Саят ҚҰДАЙБЕРГЕНОВКЕ жолығып, өңір диқандарын қолдау үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрап білген едік.
– Саят Үсенұлы, сұхбатты өзіңіз басқарып отырған мекеменің су беру қызметін қалай жүзеге асыратынынан бастасақ?
– Әрине, «Қазсушар» РМК Алматы филиалы Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу, Панфилов, Ұйғыр аудандары, Шеңгелді алабы және Талдықорған қаласы сияқты сегіз ауданның каналдары бойынша суармалы су беруді жүзеге асырады. Филиалдың теңгерімінде 15 бірлік су жинау торабы, 9 су қоймасы және 5113 шақырым су бөлу және ішкі шаруашылық каналдары бар. Облыстың суармалы жерлердің жалпы ауданы 583 мың гектар екендігі белгілі. Соның ішінде біздің мекеме қызмет көрсететін жерлердің жалпы аумағы 198,3 мың гектарды құрайды. Өткен жылы оның 134,4 мың гектары пайдаланылды. Пайдаланылмайтын алаң болашақта арналарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарының есебінен бірте-бірте қосылатын болады.
– Өткен жыл өңір үшін аса жеңіл болмағаны анық. Аймақтағы шаруа қожалықтарын суармалы сумен қамтамасыз ету барысында түрлі қиындықтар орын алды. Осы тұста сіз басқаратын кәсіпорын диқандарды қолдау аясында қандай шаралар қабылдады?
– Облысымыз аграрлы аймаққа жататындықтан суға деген қажеттілік ерекше маңызға ие. Біздің мекеме қызмет көрсететін 134,4 мың гектар алқаптың тек 1 пайызы ғана суды су қоймаларынан алады. Сондықтан жыл сайын су қоймаларына осыған жеткілікті көлемде су жинауды басты мақсат етеміз. Қалған бөлігі өзендердің еншісінде. Алайда өзен суының көп не аз болуы өз кезегінде ауа райына, мұздықтардың еруіне және қар қорына байланысты. Өткен жылғы суару маусымында шілденің ІІ онкүндігінен бастап өзендер де жауын-шашынның болмауы және температураның тұрақсыздығына (түнгі уақытта температураның төмендеуі) байланысты су деңгейінің күрт төмендеуі байқалды. Атап айтар болсақ, былтырғы суару маусымында Ақсу, Қаратал, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласында су жетіспеушілігі орын алды. Өйткені өзендер мен бұлақтардағы су деңгейі өте тұрақсыз болды.
Десе де, осындай қиын тұста кәсіпорын суармалы су беру барысында туындаған қиындықты дер кезінде шешіп отыру үшін және Қаратал, Ескелді және Талдықорған өндірістік учаскелеріндегі суармалы судың жетіспеушілігі мәселесі бойынша ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен бірлесе отырып шұғыл түрде комиссия құрдық. Көксу өндірістік учаскесі біздің тапсырмамыз бойынша Көксу бөгеті арқылы Қаратал өзеніне күндіз 3 м3/с көлемінде және түнгі сағат 20.00-ден таңғы 4.00-ге дейін 6 м3/с көлемінде су жіберді. Ескелді ауданы, Талдықорған қаласы Қаратал өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты су беру қиындықтарын бастан өткерді. Сондықтан Ескелді, Талдықорған өндірістік учаскелерінің қызметкерлері түнде кезекшілікте болды, гидрометрлер су бөлу бойынша суды күніне және түнгі уақытта 3-4 рет бақылап, өлшеп отырды. Сондай-ақ, арналар арқылы су айналымын жүргізді.
Ақсу ауданының Қаракөз, Жаңалық ауылдық округтерінің шаруа қожалықтары егіс алқаптарын суару үшін суармалы судың тапшылығын сезінді. Оның себебі, Ащылыөзек бас магистральді каналы және басқа да магистральді каналдардың бас тоғандары «Сарканирригация» МКК балансында, ал су шаруашылығы телімдері мен суармалы жерлер Ақсу және Алакөл аудандарының аумағында орналасқан. Су бөлетін мекеме бір ауданға, суармалы жер тағы біріне қарағандықтан әкімшілік басқарудағы келеңсіздік суы мол өңірдегі су жетіспеушілігін туындатты. Сондықтан Басқан, Лепсі өзендерінен суаратын суды ұтымды пайдалану және Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарының ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін сумен толық қамтамасыз ету үшін «Сарқанирригация» ШЖБМК республикалық меншікке – «Қазсушар» РМК Алматы филиалының теңгеріміне берілуі керек. Бұл шұғыл қарауды талап ететін мәселе. Жоғарыда аталған шаралардың арқасында суару маусымы қиындықтарға бетпе-бет келгенімен, сәтті өтті.
– Суды барлық арналар арқылы өткізу және оны тұтынушыға жеткізу үлкен жұмыс. Әрине, бұл үшін суару желілері дайындалуы керек. Облыста ирригациялық желілердің жалпы ұзындығы 16 мың шақырымнан асатынын білеміз. Сіздер қайта құру бойынша қандай жұмыс істедіңіздер?
– Өткен жылы өңір бойынша 65 шақырымнан астам ирригациялық желілерді механикаландырылған тазалау жұмысы жүргізілді. Анықтап айтсақ, Ақсу ауданында 8,3, Қаратал ауданында 32,53, Көксу ауданында 13,32, Панфилов ауданында 5,4, Ескелді ауданында «Ақешкі» ШҚ-да 1,3, Ұйғыр ауданында 1,5, Алакөл ауданында 2,9 шақырым ирригациялық желі тазартылып, су беруге жақсы мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, Көксу ауданында сол жағалау МК-да жаңа гидротехникалық құрылыс салынды.
Инвестициялық бағдарлама бойынша Ақсу ауданында суару желілерін қайта құрудың екінші кезеңі жүргізілуде. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша Қаратал, Көксу, Панфилов және Талдықорған өндірістік учаскелерін қайта жаңарту жұмысы жалғасуда. Қысқасы, аймақтағы ирригациялық желілерді жаңғырту жұмысы жоспардағыдай орындалуда.
– Бірнеше жыл бойы облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру және ұлғайту бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатқанын білеміз. Ирригациялық желілер қандай қаражатқа және қалай қалпына келтіріліп жатқанын айтып берсеңіз?
– Қазақстан Республикасының агро- өнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарының инвестицияларын тарту және мемлекеттік-жекешелік әріптестік желісі бойынша 17 аудандағы 137,8 мың гектар алаңда суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жоба суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін арттыру үшін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру және қайта жаңарту, бұрын қолданыстан шығып қалған суармалы жерлерді ауылшаруашылығы айналымына енгізуді мақсат етеді. Оған Ислам Даму банкінің қаражаты тартылып, Ақсу, Алакөл, Ескелді және Көксу аудандарындағы 35410 гектар аумақтағы ирригациялық желілерді қалпына келтіру жұмыстары қаралды. Жоба 2018 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Осы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін экскаватор, тиегіш-экскаватор, самосвал, автомашина және трактор, тағы да басқа арнайы техникалар сатып алынады. Бүгінгі таңда Ескелді ауданының суару желісін қалпына келтіру жобасы сәтті аяқталды. Ауданда жалпы ұзындығы үш жүз шақырымға жуық 88 канал қайта жаңартылды, қалпына келтірілетін алаң 4 262 гектарды құрады.
Өткен жылдың соңында Қызылағаш бөгеті пайдалануға берілді. Қызылағаш су қоймасын қайта жаңарту жұмысы 2016 жылы басталып, Су ресурстары комитетінің, «Қазсушар» РМК-ның тікелей басшылығымен толығымен қалпына келтірілді. Су қоймасында 42 млн. м3-тан астам орын бар. Бірнеше жыл бойы сынақ өткізіліп, жиырмадан отыз миллион текшеметрге дейін су жиналды. Бүгінгі күні бөгетке автоматты басқару жүйесі орнатылған және бақылау тәулік бойы жүргізіледі. Көктемде автоматты басқару жүйесі тексеріледі. Бүгінгі таңда ондағы су қоры 1400 гектар алқапты суару үшін жеткілікті. Алдағы уақытта суармалы жерлерді 5300 гектарға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Бұл мақсатты орындау үшін облыс әкімдігі ирригациялық желілерді салу жобасын әзірледі. Дегенмен, бұл жоба фермерлер ылғал үнемдеу технологияларын қолданған жағдайда ғана жүзеге асатынын айта кеткен жөн. Дәстүрлі суару кезінде алаңдар тек үш мың гектарға дейін артады.
Жалпы, Ақсу ауданында дәнді, техникалық, азықтық дақылдар, көкөністер, бақша дақылдары өсіріледі. Сондықтан бөгетті пайдалануға беру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін болады. Жаңа жұмыс орындары құрылады, халықты жұмыспен қамту деңгейі артады. Су қоймасының сынақ режиміне қарамастан былтыр шаруа қожалықтары мың гектарға жуық алқапты суару үшін су алды.
– Су тасқыны маусымына дайындық туралы айтып берсеңіз?
– Биылғы су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу үшін атқарушы органдармен, төтенше жағдай жөніндегі аумақтық мекемелермен бірге өткен жылдың күзінде комиссия құрып, барлық су шаруашылығы объектілерінің техникалық жай-күйін, сондай-ақ, өзен арналарының жағдайы толық тексерілді. Барлық объектілер қанағаттанарлық жағдайда. Инертті материалдар, ЖЖМ мен арнайы техниканың қажетті қоры және басқа да қажетті іс-шаралар дайындалды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда транзиттік режимге ауыстырылған су қоймаларындағы су деңгейін күнделікті бақылау жалғасуда.
– Саят Үсенұлы, биылғы ауа райы да қалыпты болмай тұр. Қыс бойы қар көрмедік десек өтірік болар, қар деңгейі жылдағыдай емес. Көктемгі жауын-шашынның қаншалықты болатындығы да белгісіз. Мұның бәрі суару маусымына әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан ылғалды сақтау және жақсы өнім алу үшін облыстың шаруа қожалықтары не істеуі керек?
– Тағы да қайталаймын, су тапшылығы енді жиі орын алып тұратын болады. Оған климаттың өзгеруі, экологияның бұзылуы, табиғи ресурстардың сарқылуы, пайдаланылатын егіс алқабының жыл сайын артуы, суға деген қажеттіліктің молаюы, тағы да басқа себептер тікелей әсер етеді.
Соңғы жылдары аймақтағы климаттық өзгерістерге байланысты көктемгі-жазғы кезеңде су ресурстарының тапшылығы байқалуда. Суармалы алқаптың 95 пайызына ылғал мұздықтардың еруіне және қардың еруіне байланысты тау өзендерінен алынады. Ылғалдың қалған 5 пайызы су қоймаларының еншісінде. Көктемгі кезеңде су қалыпты тірек деңгейіне дейін толтырылады және суармалы су беру қамтамасыз етіледі. Биыл климаттық өзгерістерге байланысты қуаңшылық қайталануы мүмкін, өйткені, қар жауған жоқ, бұл қар қорының қалыптасуына теріс әсер етеді.
Осыған орай «Қазсушар» РМК Алматы филиалы аудан әкімдерімен бірлесіп ауылшаруашылығы тауар өндірушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, диқандарға біртіндеп тамшылатып суару, жаңбырлату және басқа да суарудың ылғал үнемдеуші озық технологияларына көшуді ұсынуда. Ауыспалы егісті сақтау, ылғалды көп қажет ететін дақылдарды тек қолжетімді жерлерде, суару желісінің су беру учаскелерінде егу, топырақтың құнарлылығын және өнімділікті арттыруға байланысты тәжірибені жетілдіруді үйретуде.
Әрине, шығындарды азайту үшін шаруашылықаралық және шаруашылықішілік желілерді механикаландырылған тазарту аймақтың барлық ауылшаруашылығы өндірушілері үшін негізгі дайындық жұмысының бірі болып табылады. Қар тоқтату, булануды азайту, топырақ эрозиясын болдырмау арқылы топырақтың су режимін жақсарту үшін орман алқаптарын отырғызуды да есте сақтау қажет.
Ауылшаруашылығы тауар өндірушілердің көпшілігінде агромелиорациялық іс-шаралардың жүзеге асырылмайтыны қынжылтады. Әсіресе, алаңдарды жоспарлау жоқ, ауылшаруашылығы дақылдарын себу кеш жүргізіледі, күзгі-көктемгі су зарядтайтын суару жүргізілмейді. Ауылшаруашылығы дақылдарының ауыспалы егісі сақталмайды. Бұл да суармалы судың дұрыс бөлінуіне кері ықпал етеді. Ауыспалы егістің сақталмауына байланысты, ауылшаруашылығы тауар өндірушілер суару маусымы кезеңінде бір мезгілде үлкен көлемде суармалы суға өтінім береді. Алайда арналардың өткізу қабілеті шексіз емес, бір мезгілде көп мөлшерде су бөлуде үлкен қиындық туындайды. Басқа да себептер жеткілікті.
Сондықтан қолда бар ресурстарды пайдалану тәсілін өзгерту қажет. Осыған байланысты барлық ауылшаруашылығы тауар өндірушілер, шаруа қожалықтарының басшылары, диқандар инновациялық технологияларды қолдана отырып, суды үнемді және ұтымды пайдаланудың заманауи тәсілдерін меңгеруі керек. Сонда ғана кездескен қиындықтарды тиімді шешуге болады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан — Қажет АНДАС
Алматы облысы





