Ұлы Даланы мекен еткен текті ұлттың ұрпағымыз. Қазақы қанымызға біткен қайсарлық, қайырымдылық, жомарттық сынды қасиеттер арқылы жер жаһанға атақ-даңқымыз тарады. Тәрбиесі құрсақтан басталып, тәлімі бесікпен берілетін ұлдан ұлылық, қыздан сұлулық ажырамады. Салт-дәстүрді санасына берік бекіткен адамнан тараған ұрпақ ел тізгінін берік ұстап, ата тапсырған аманатқа қиянат келтірмей, келер ұрпаққа мирас етті. Айрандай ұйыған елге сұқтанушылар қатары күрт артып, ұлтымыздың қадыр-қасиетін түп-тамырымен жою үшін сансыз әрекеттер жасалды.
Жоңғар шапқыншылығынан тарқатып, Ресейдегі бодандықты мысалға келтірсек, идеологиялық тұрғыдан қазақ халқы өте көп қиянат көрді. Құдайсыз қоғамды бастан өткеріп, тілі жаншылып, ділі ойрандалды. Ана тілін ары санайтын ұлт саяси дүрбелең кезінде біраз нәрседен айрылып қалды. Оның бәрін санамалап отыру санаға салмақ салса, көрген қиянат іштегі назды қозғайды.
Жә, өткенді ысырып бүгінге оралайық. «Ел болам десең бесігінді түзе» демекші, ертеңін ойлаған әрбір адам барлығын баласынан бастау керек. Кеңестік кезеңнің қыспағын көрген кейбіреуіміз егеменді елде тұрсақ та біраз нәрседен қателесіп жүрміз. Қазба байлықсыз аралды тұрақ қылған жапондар ғылым, білімі арқылы айды аспанға шығарды. Дамыған елдердің көшін бастайтын мемлекетке қызықпайтын жан жоқ. Міне, солар, біз сөз еткендей, бәрін бала тәрбиесінен бастайды.
Мына қызыққа қараңыз, ол жақта баланың аяғынан бұрын тілі шығады екен. Мұның күрделі бір формуласы жоқ, қарапайым ғана жаңадан туған баламен ересек адамша сөйлеседі. Мейлі, ол түсінсін, түсінбесін, солай жасайды. Әрдайым осындай қарым-қатынаста болған баланың тілі де ерте шығып, өмірге жылдам бейімделеді. Әлеуметтік желіде тараған үшемнің бейнеүзігін көрмеген жан қалмаған шығар. Тамақ ішу, ойнау, дәретханаға кіріп-шығып, ұйықтауға әзірленуі кей ересек адамдардың қолынан келе бермейді.
Ал, бізде қалай? Тілі шығып келе жатқан балаға «Нәм-нәм жейсің бе?», «Пішә, боқа бар ма?», «Ұһ-піш дейсің бе?», «Вым-вымға барасың ба?» дейтін сөздерді қарша боратамыз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, алайда көп отбасыда осылай. Одан қалса «Аю, бабаймен» қорқытып тамақ беріп, осы сөздермен үрейлендіріп ұйықтатамыз. Қонақ келсе, дымын шығармай басқа бөлмеге қамап, бірдеңе айтқысы келсе жекіп, жасытып тастаймыз. Ондай баланың тілі кеш шығып, тіпті, әріптердің өзін дұрыс айта алмай кейін логопед іздеп шарқ ұрамыз.
Алысқа бармай-ақ көрші орыс ұлтының отбасына қарап көріңізші. Ойын алаңқайында, қоғамдық көлікте, балабақша, мектепте балаларына таза сөйлеп, ересек адамдарша қарым-қатынас жасайды. Жылап қалса себебін анықтап, дұрыс емес нәрсені түбегейлі түсіндіреді. Біздегі ана-аналардың «Үніңді шығарма!», «Бас аяғыңды!», «Іш атауыңды!», «Сораңды ағызба!» дейтін ұрыстарын естіп жаға ұстайсың.
Мәулен ӘНЕРБАЙ,
Алматы облысы





