Қазақстан Республикасында атқарушылық өндіріс саласын цифрландыру және азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін жетілдіру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Бүгінде заманауи технологиялар мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың қаржылық жүктемесін едәуір азайтуға мүмкіндік беруде. Осы орайда, Жетісу облысы Әділет департаменті өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, өңірдегі атқарушылық өндіріс саласындағы жаңашылдық пен атқарылған жұмыс нәтижелері баяндалды.
Жетісу облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Кұнақбаева жобаның негізгі мақсаты мен жүзеге асырылу барысына кеңінен тоқталды.
Баршаға мәлім болғандай, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлеген «Сот орындаушысы роботы» немесе «Цифрлық сот орындаушысы» жобасы 2024 жылғы 20 тамыздан бастап ел аумағында ресми түрде іске қосылды. Цифрлық сот орындаушысы азаматтарға жеке сот орындаушыларының айыппұл сомасының 3%-дан 25%-ға дейінгі мөлшерін құрайтын ақысын төлемей-ақ, айыппұлдарды қосымша шығынсыз өтеуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Жүйенің жұмыс істеу механизмі адам факторын толықтай жояды. Яғни, уәкілетті орган ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыны АӨ ММАЖ жүйесіне жолдайды. Одан әрі Әділет департаменті оңайлатылған өндірісті автоматты түрде ашады. Сонымен қатар өндіріс қозғалған бойда азаматтарға 1414 сервисінен SMS-хабарлама және «eGov Mobile» қосымшасынан push-хабарлама түседі. Іс қозғалған күннен бастап 5 күнтізбелік күн өткен соң робот сот орындаушысы борышкердің банк шоттарына тыйым салады. Ал 20 күнтізбелік күн өткенде шоттарға инкассалық өкім шығарады.
Роботтың қарауында іс 30 күнтізбелік күн бойы болады. Егер бұл аралықта айыппұл төленбесе, іс мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына өтеді. ЖСО-ға өткен жағдайда борышкер олардың қызмет ақысын қоса төлеуге мәжбүр болады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін берешекті онлайн төлеу жүйесі қарастырылған. Қарыз өтелген сәтте жүйе салынған барлық тыйым мен шектеуді автоматты түрде алып тастайды. Төлемді «Kaspi.kz» қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» → «Атқарушылық өндіріс бойынша төлем» бөлімі арқылы орындауға болады.
«Сот орындаушысы роботы» жобасы іске қосылған сәттен бастап облыс бойынша 465 миллион теңге сомасына 21 129 оңайлатылған өндіріс қозғалды. Оның ішінде 117 миллион теңгені құрайтын 5 412 атқарушылық өндіріс толық орындалуына байланысты тоқтатылды. Нәтижесінде жоба аймақ тұрғындарына жеке сот орындаушыларының ақысынан 29 миллион теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта цифрлық жүйе арқылы мемлекет пайдасына 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл өндірілуде. Таяу арада азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейту мақсатында оңайлатылған өндіріс шегін 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғайту көзделіп отыр, – деп атап өтті Әділет департаментінің Сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Айжұлдыз Әбдікарімова.
Тағы бір жаңашылдық – «Тараптар кабинеті» (aisoip.adilet.gov.kz) электрондық сервисі. Бұл веб-портал арқылы жеке және заңды тұлғалар атқарушылық істің барысын бақылап, сот орындаушысының қаулыларымен танысып, өтініш пен құжаттарды электронды түрде жіберіп, төлемдер туралы ақпаратты онлайн режимде ала алады. Сервис іске қосылғаннан бері 1 899 азаматтың өтініші қаралып, заң жүзінде толық жауап берілген.
Мақпал Әділханқызы





