ХІХ ғасырдың ортасында әдебиет әлемінде есімін әйгілеген Лев Толстой: «Том-том шығармаларымның бақытын ашқан орыс тілі. Ұлы елімнің сөз қазынасы бай болған соң өндіріп жаздым», – депті-мыс. Мұны «Әрбір сөзіміз мәтел түзу керек» деген Есениннің тағылымы толықтырады. Әлем әдебиетіндегі жауһар тіркестерді «Өлеңге келер жолда» атты естелік кітабында қамтыған Мұзафар Әлімбаевтың терсіңді еңбегінен енші бөлгендей, орыстың тұлғалары ойын айшықтағанымызбен, ХХ ғасырдың ортасында тіл үшін орыс ғалымдары дабыл қақты. «Ну, ладно» деп басталып, әрбір сөзі «Ну»-мен жалғасатын сөйлеу мәдениетіне алаңдаушылық білдірді.
Іргелес елдің зиялыларын алаңдатқан жайтты қара сөзінің қадірі қаша бастаған қазақ елі де бастан өткеруде. Тіл қату мәдениеті күрт өзгеріске ұшырады. Тілді шұбарлап сөйлей бастадық. Бұл дерт қалалықтар тұрмақ, ауылдағы ағайынның арасында да асқынған сипатта.
Асқар таудай әкені «батя, папа, пахан», айдын көл ананы «мама, мамка», аға-бауырды «брат, братишка» деп атаудың өзі жоғарыдағы ойымызға дәлел. Бір ғана «Ну» деген қаратпа сөзі арқылы тілдік мәдениеті төменгі деңгейге жетті деп ұлардай шулаған орыс елінің ұлттық сезімі, тілге деген жанашырлығы осы жерде өзінен өзі айқындалып тұр. Бұл ретте сол елдің кірме сөзін күнделікті өмір салтына сүйеу етіп, ет жақынына орысша шүлдірлеп жүрген қазақ азаматтарының жайы баршамызға ортақ дерт екені айтпаса да түсінікті.
Сөйлеу мәдениеті тұрғысында кім қаншалықты толғанып, қаншалықты ойланып жүргені әр көкейде бұғып жатқан жұмбақ дүние. Десек те, күнделікті күйбең тіршілік ырғағымен жүріп, көпшілік бұған бас қатырып жатпайды-ау деп ойлаймыз. Жуырда ел қатарлы қаладағы тәуір мейрамхананың біріне барып, бес-алты зиялы азаматпен кешкі астың көрігін қыздырғанымыз бар. Қарапайым тіршіліктен тұтанған әңгіме ұлттың жай-күйіне ауып, «қаралы қаңтар» қасіретіне ұласып, ақырында ернеуінен еңістеген теңіз сабасындай шығармашылыққа, одан кәкір-шүкір әңгімеге ауды. Қапталымыздағы үстелдердің бәрі адамға толы. Сонда мейрамханаға думандата келген бір бейтаныс жақынын құттықтап: «Ағасы, с днем рождения!», – деп басталатын тілегін орысша-қазақша араластыра ақтарды дерсің. Шаттық кейіпкері де қарап тұрмай: «от души, родной!» деген ілтипатын жеткізген-ді. Сол отырыстың өзінде жасыратыны жоқ, әрбір үстелден орысша мен қазақша жымдасқан түрлі әңгіме өрбіді. Жарғақ құлақты түрік ұстап отырып қаракөз қарындасқа қарата «Девушка, шотты алып келші» сынды пәрменді сөздерге дейін ел аузынан ақтарылып жатқанын тыңдадық.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кез келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл жұмылудың жұтқыншақты жарып, көмейден төгіліп түсер сөзімізге қатысы бар ма, жоқ па? Бар болса 70 жылдық салқын саятаттан сытылып, егемен елдің ақшаңқан аспанынан түскен күн шуағымен бүр атқан елдің бүгінгі жас буыны неге өз сөз қоржынының қаншалықты жұтаң екенін ескермей келеді?! Әлде, осының бәріне сараптама жасап, жастардың 95 пайызы таза қазақша сөйлемей, «орысша» һәм «қазақша» деген айыр тілде авторизмдетіп жүргенін тыңдаушы үкімет дабыл қағуға әбдісі жетей отыр ма? Не десек те, тілдің тұғырына қону сөз жүйесінің, тіл қату мәдениетінің дамуымен ғана жасалатыны анық. Абайша айтқанда, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген ұран жоғарыдан басталуы керек деп санаймыз.
Сөйлеу мәдениеті – жалпыға ортақ құндылық, байлық. Мұны көпшілік жақсы түсінеді десек те, соңғы ширек ғасырда қазақ сахарасына түрлі сөздер, терминдер келіп жеткенін жасыра алмаймыз. Жаһандану дәуірінде күнделікті қолданысқа еніп жатқан жаңалықтармен жарыса келген атаулардың баршасын қазақша сайрату басты мақсат емес. Әсіресе, тұрмыстық заттардың атауын «теледидар», «толқынды пеш» деп жоғары деңгейде атап жүргенімізбен, «Samsung», «iPhone» сынды бренд өнімдерді, азық-түлік, тұрмыстың дүниелерді сол күйінде атаудамыз. Ол тек қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың игілігіндегі атауы өзгермеген заттар. Кей зиялының аузынан осынау атауларға қатысты ұранды сөздер естіп жүргенімізбен, олардың басқа кемшілікті көруге қырағылықтары жетпей қалатындай әсерге бөленеміз.
Ғасыр басындағы еркіндік самалымен бірге дініміздің де қайтқан қаздай мамырлап оралғанын жақсы білеміз. Дегенмен татулықтың негізі болған абзал дінді ұстанушылардың дені сөйлеу мәдениетіне біраз сөзді сыналап кіргізгені жасырын емес. Өздеріне түсінікті болғанымен, сөйлеу мәдениетін бұзып тұрған «ахи», «үхти» сынды көптеген сөздің қазаққа қаншалықты керегі бар деп ойлаймыз?! Сақалдылар ахилесіп, орамалдылар үхтилесіп күн кешкен бүгінгі уақыттың білімінен бабалардың «бауырымдасқан» сенімі төмен деп айта аламыз ба? Мұның өзі қазақ халқының тіл қату мәдениетіне орасан олқылық алып келген мысал екені жауырды жаба тоқитын жайт емес.
Біз тілдің, мәдениеттің ақсап, жасы үлкен кәріден, жас бүршік балаусаға дейін қазақ тілінің құндылығын құнттамай жатқанын айтқанымызбен, кейбір салалар оң сүрлеуге түспей жанайқайымыз селге кететіні анық. Әуелі ұлттың жаны болған әдебиет һәм мәдениет саласына тың серпіліс керек. Ол үшін әуелі «Мама деші?!…» сынды атаумен шығып жатқан кітаптардың атын қазақшалау, шұрайлы тілсіз, көркем жазусыз жинақтарды оқырманға ұсынбауды заңмен шегендеу керек-ті. Екінші көкжәшіктен көрерменге жол тартар кинофильмдерге асқан жауапкершілікпен қарау қажет. Мәселен, өткен жылы көпшіліктің қызығушылығын оятқан «Сержан братан» фильмін алып қарайық. Атауының өзі тілдік мәдениет үшін дабыл қаққан орыс елінің «сойылын соғушылардың» шедеврі секілді көрінеді. Ал фильмдегі тұтас диологты атамай-ақ қоялық. Өйткені, орысша дөрекі сөздер араласқан фильм сөзінің қайсібірін айшықтап жатайық. Түгелімен құлаққа түрпідей тиер жат елдің «жаргоны». Бұл фильмді уақыт талабына сай өз заманын ашып көрсеткен, шынайы оқиғаларға негізделген туынды деп есептегенімізбен, басқа арнада, жұмсақтап, әрі ұлттық көзқарасқа жақындатып түсіруге болмас па еді деп толғандық. Мұны атамағанның өзінде бүгінгі таңда түсіріліп жатқан фильмдердің баршасында тілдік жұтаңдық байқалады. Тіпті, кешегі күні исі қазаққа жол тартқан «Ұлт ұстазы – Ахмет» немесе «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін…» сынды тарихи фильмдердің өзінде шұрайлы тіліміздің көркем баламалары, ғажайып теңеулері берілмеген. «Жүрегіңе кір жинағанша, нұр жина» деп келетін Мұқағали аузымен айтылған сөздер ілеуде бір естіліп жатқаны болмаса, жалпы тілдік қасаңдық құлаққа ұрып тұрған-ды. Ғабит Мүсірепов жазып, үстінен Асқар Сүлейменов қараған «Қыз Жібек» фильміндегі: «Жалаулы туың желбіреп барып, желбіреп қайтты алдияр. Жасанып келген жауды қанға аунатып қырдық, шаңға аунатып ұрдық», – деп келетін ғажайып сөздер кешегілермен бірге кеткені ме? Міне, бұл тұрғыдан алғанда да біз әрбір туындыны, шығармашылық өнімді ана тілдің уызымен аңқытуымыз керек-ті.
«Қарапайым әрі шынайы болуы керек» деген қағиданы ұстанып, оқырманмен санаса отырып шығарма жазған жазушы өз шедеврін мәңгілік сипатта бейнелей алмайды. Тұлға қай жағынан алғанда да биік тұруы заңдылық. Ол сонысымен биік. Сонысымен терең. Тіл байлығы да сол үдеден шығып, шығармасы көркем болса ғана ғасырдан ғасырға жол тартқан туындыға айналары ақиқат. Ал тілдік мәдениетке түбегейлі әсер ететін осындай жайттар, біз атап өткен дүниелер солқылдақ көпірде тұрғандай әсер етіп жатқан бүгінгі қоғамда ағасын «ахи», бауырын «брат» деген жастарға ғана кінә артудың өзі сыңаржақ көзқарас деп білеміз…
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Алматы облысы





