Кеген өңіріндегі Сулысай жайлауы жердің жаннаты іспетті. Өз тұсында осынау түгін тартса майы сорғалаған қастерлі де қасиетті жерде бірнеше ауылдың малшылары іргелес қоныстап, берекесі таусылмас мерекесіне ұласып жататын. Мұның бәрі біз сөз еткелі отырған ерлі-зайыпты Серікжан мен Бағдаттың жүректеріне берік ұялап қалған.
…Сол күн, сол бір үлкен той қос ғашықтың да жүрегінде. Сулысайдай жайлау төрінде жылқышы Тұрғанбай Медеттей ұлының сүндет тойын жасады. Үлкен тойға алыс-жақыннан, Бөлексаз бен Шырғанақтан, Қарқарадан келген қонақтар қаншама десеңізші?! «Той десе қу бас домалайды» демекші, бірнеше шаруашылықтың іргелес қонған малшылары да осы жерден табылған. Тұрғанбайдай жылқышы тойды тойға, түрлі қызықты шараларға ұластырды да жіберді. Сүндет тойдың құрметіне құнан бәйгесі ұйымдастырылды. Қазақтың ежелдан келе жатқан көкпар, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ секілді ұлттық спорттық ойындары тойдың әрі мен мәнін ашты. Той десе елеңдеп тұратын ағайынның күткені де осы емес пе?! Кезек қыз қууға келгенде Бөлексаз ауылының атынан бұл додаға Серікжан түсетін болды. Жастайынан жылқымен өскен, ат құлағында ойнайтын, көкпар десе де елеңдеп, құлшынып, ширығып сала беретін Серікжан қыз қууға дайын тұрған жас жігіт еді. Есін білгеннен малды ауылда өсті. Әкесі Алпысбай еліне сыйлы, аймағына мәлім айтулы малшы болды. Серікжанның түр-тұлғасы да келісті, қап-қара шашын артына қарай жарастыра қайырған, бұлшық еттері бұлтылдаған, қарулы, жігерлі, оттай жанып тұрған жігіттің жігіті болатын. Ал Шырғанақтай ауылдың атынан қыз қууға түскен Бағдат та тал бойында бір міні жоқ, аққұба өңді, жанары нұр шашқан, қыр гүліндей әдемі қыз. Кішкентай кезінен атқа мініп, жылқыға бауыр басып, мал қайырып өскен малды ауылдың сергек те сезімтал, бәрінен хабардар қызы көрген жан көзін тайдырып әкетердей келбетті еді. Көптің асыға күткен қыз қууы басталып-ақ кетсін. Бойларына ұлттық киімдері жарасқан қыз бен жігіт аттың басын жіберді. Үкілі кәмшат бөркі мен етегіне төгілген оюлы көйлегі жарасқан Бағдат малды ауылдың қызы емес пе, астындағы аты да жараулы көрінеді. Жігітті шаң қаптырып кете барды. Алысқа ұзап барып кері қайырылған бойжеткен қайтарында құры қайтпай, қарсы ұшырасқан жігіттің арқасына қамшысымен бір-екі рет салып өтті. Серікжанның бұл жолы тауы шағылғанмен десі қайта қойған жоқ. Бұрын сырттай көріп жүретін қызға деген сезімі мен көңілі маздай түскен. Үй мен даланың жұмысына әбден төселген, көрсең көзің тоятын айдай ару сол күннен бастап көз алдында тұрып қалды. Сол күні қыз қуудан кейін бойжеткенмен жақынырақ әңгімелесіп, бұдан кейін кездесіп тұрайық деген жылы уәдесін алып қалған жігіт көңілін бір демдеген. Оған Бағдаттың адамды жатырқай бермейтін ашық-жарқын мінезі, ер көңілі, жылы жүзі, жайдары қабағы бірден ұнады. Содан кейін-ақ қызды ауылдың айналысынан табылып жүрді. Сөйтіп қыз қуудағы таныстық қос жүректі өзіне баурай тартқан махаббат сезіміне ұласты. Бағдат та екінің бірі ғашық боларлықтай жігіттен іргесін аулақ салған жоқ. Жүрек сөзін, сезімін білдірген кезінде де көп тостырмай, аңсаттырмай, шаршаттырмай өзінің де тілегінің, жүрегінің бір екенін білдірген. Сол күнгі жігіттің қуанышында шек болған жоқ. Жараулы атымен құстай ұшып, талай жерге барып қайтқан. Бұл 1988 жылғы жадыраған жаз маусымы болса, көп ұзамай 1989 жылдың ақпан айында қос жүректің, қос ғашықтың үйлену тойы дүркіреп өтті. Қыз қууда табысқан жас шаңырақ иелеріне сол кездегі шаруашылық басшыларының да назары ауып еді. Ақпан айында үйлену тойы өтсе, көп ұзамай наурыз мерекесінде шаруашылық тарапынан «Ат тұяғын тай басар» демекші, Серікжанға атаның ақ таяғын қолына ұстату рәсімі болды. Бұл күні алтыбақан тербетіліп, ұлттық ойындар өрнегін сала түсті. Сөйтіп қос жүректің қуанышы ұзағынан сүйіндірді. Сол күннен бастап Серікжан Алпысбайдай әкесінен екі жүзге тарта ірі қараны өткізіп алып, малшылық өмірін бастап кетті. Наурыз тойында өздерінің жаңадан құрған жас отауларын елеп-ескеріп, соның құрметіне түрлі шара ұйымдастырған шаруашылық басшыларының да сый-құрметі, жылы жүздері, аппақ тілектері жүректеріне ұмытылмастай жатталып қалды.
Бүгінде Бөлексаз ауылында тұратын Серікжан Битіманов пен Бағдат Сламжанова жылы мекендегі өсіп-өнген, балалы-шағалы, өнегелі шаңырақ иелерінің бірінен саналады. Қыз қууда «Жігітті шаң қаптырған» қыздың ата-анасы туралы бірер сөз. Бағдаттың әкесі Сламқожа Сламжанов Шырғанақ ауылындағы шаруашылықта озат бақташы болса, анасы Гүлбақыт Әжікеева айтулы сауыншы. Қыз қууда «Қапы қалған жігіт» Серікжанның әкесі Алпысбай Битіманов шаруашылықтың белді, мақтаулы малшысы, анасы Күмісхан Шорманова үйдің шаруасымен, бала-шағасының тәрбиесімен айналысыпты. Елудің бесеуіне келген Серікжанның бүгінде «Нұржан» атты шаруа қожалығы бар. Үйірлі жылқысы, ірі қарасы мен қойы төлімен өсіп-өнуде. Төрт түлік малына жетерлік жайылымдық, шабындық жерлері бар. Бар қажетіне жарайтын «МТЗ-80» маркалы тракторының да көмегі мол. Ал, сүйіп қосылған өмірлік жары Бағдат алты баласын дүниеге әкелген «Күміс алқалы» ана. Малды ауылдың қызы емес пе, үйдің де, даланың да жұмысын тең атқара береді. Бағдаттың қолынан шыққан май, маңыз, құрт пен ірімшік ақ дастарқанын жайнатып, үйдің берекесін кіргізіп жатады.
– Әкем Алпысбай сегіз қырлы, бір сырлы, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан еді. Мықты көкпаршы болды. Ел мен жұрт «Көке» деп кеткен әкеміздің тақымына ілінген көкпарды ешкім ала алмайтын. Мен де бірсыпыра жасыма дейін көкпармен айналыстым. Құралақан болғам жоқ. Кейін ұлдарым өсіп, жолымды қуып жатқан соң көкпармен айналысуды доғардым, – дейді Серікжан күлімдей тіл қатып.
– Қыз кезімде өзгелерге қарағанда етім тірі, өжеттеу болып өскенім рас. Сол мінезімнен де жүктің, шаруаның ауырын көтере беретінмін. Қыз қууды кішкентай кезімізде сыртынан көріп өстік-қой. Келе-келе одан бойымды аулақ сала алмадым. Бала кезімнен жылқыға үйір болдым. Ылғи ат мініп жүретінмін. Жайлаудан ауылға барып қайтатынмын. Атқа жақсы мінетін қыз үшін қыз қуу қиын болып па?! Серікжанмен қыз қууға түспей тұрып бірнеше рет үлкен сынға қатысқанмын. Онда да есемді жібермегем. Жігіттердің арасынан ерекше көз тартып тұратын Серікжанды сырттай болса да жақын тартып жүретінмін. Сол жолы қамшының астына көп алғым келмеді, – дейді Бағдат жылы жымиып.
Біз сөз етіп отырған ерлі-зайыпты Серікжан мен Бағдат бұл күнде қыз ұзатып, келін түсіріп, немере сүйіп отырған бақытты жандар. Ержандай үлкен ұлы аудандық мәдениет бөлімінде есепші болып еңбек етеді. Жаннадай келіні екеуінің шаңырағынан 3 қыз өсіп келеді. Бақытгүл атты қызы да бір шаңырақтың отанасы. Шырғанақ ауылында тұрады. Аяулымдай қызы Жылысай ауылына ұзатылыпты. Мектепте мейірбике болып істейді. Бақдәулеттей ортаншы ұлы туралы әңгіме бөлек. Небары 19 жасар жігіт қазір көкпардан Азия чемпионы. Қазақстан Республикасының құрама командасының белді мүшесі. Көкпардан Қазақстанның спорт шебері. Ауданға ғана емес, облысқа, республикамызға таныла бастаған көкпаршы. Көкпар – ұлтымыздың ежелдан келе жатқан спорттық өнері. Ат құлағында ойнайтын, епті, шапшаң қимылды, асқан самдағай, білекті де жүректі жігіттердің қолынан келетін, екінің біріне жалын ұстата бермейтін спорттық өнер. Атадан балаға қанымен дарып, Бақдәулеттей азаматымыз қазақтың көк байрағын желбірететін күнге жетті. Сол үшін де әкесі Серікжан мен анасы Бағдат қуанышқа кенеліп, ол додаға түссе, тақымдарын қысып, тілеуін тілеп отырады. Бақдәулеттей көкпаршы азамат бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің спорт және туризм факультетінің 1-курсын бітірді. Біз сөз етіп отырған Серікжан мен Бағдаттың Байдәулет пен Айкөркем атты кенже қыздары мектеп қабырғасында білім алып жүр.
Біз қыз қууда табысқан қос жүректің жып-жылы қара шаңырағында болдық. Бір-біріне алғаусыз көңілді, ыстық сезімді, бір-біріне деген ықылас-пейілдері де бөлек ерлі-зайыпты жандардың қонақжай мінезі мен ашық қабақтарына шомылып қайттық. Тоғыз немересін аялап жүрген олардың ғұмырлары ұзақ болып, шөбере көрсек деген ақ тілеулері орындалғай!
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Кеген ауданы





