Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыстық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық «Jetіsý» газетінің байырғы тілшісі Қанат ТӘКЕБАЕВ «Мәдениет саласының үздігі» атанып, кеудесіне төсбелгі қадады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі марапат дәл 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай газет редакциясында салтанатпен тапсырылды.
Райымбек ауданында дүниеге келген Қанат Тәкебаев бар саналы ғұмырын журналистикаға арнаған жан. Нарынқол орта мектебінің 8-ші сыныбында оқи жүріп, жаңадан ашылған аудандық радионың редакциясы жариялаған байқаудан жеңімпаз атанған оқушы Қ. Тәкебаев өмір жолын дикторлықпен бастайды. Әскерге алынып, азаматтық борышын өтеп келген соң 1979 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, білімін жетілдірген кейіпкеріміз аудандық «Советтік шегара» газетіне қызметке шақырылып, мерзімді баспасөздің дамуына үлес қосады. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы атауын «Хаңтәңірі» деп өзгерткен аудандық басылымның жауапты хатшысы қызметін атқарған Қанат Тұрсынұлы 1997 жылы Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газеті редакторының орынбасарлығына шақырылады. Содан көп ұзамай Қазақ радиосынан арнайы шақырту алған кейіпкеріміз «Шалқар» ұлттық бағдарламасында редакторлық қызмет атқарады. Арасында облыстық «Jetіsý» газетіне мақала, хабарлама, суреттеме, очерк, фельетон жариялап, өз қолтаңбасын қалыптастырады. Кейіннен республикалық «Дала мен қала», «Қазақстан Zaman», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алматы ақшамы», «Ана тілі», «Экономика» газеттері мен «Ақиқат», «Мұқағали», «Үркер», «Ақ желкен», «Ақ босаға» журналдарына тұрақты автор болған ол Қазақ радиосы мен «Шалқар» ұлттық арнасында мәдениет саласының өкілдері жайлы хабар дайындап, халықтың ықыласына бөленді. Қаламгердің осындай қажырлы еңбегін ескерген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін беруді жөн деп тауыпты.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қанат Тәкебаевтың марапатын тапсырған «Jetіsý» газетінің бас редакторы Әміре Әрін әріптесін марапатымен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. «Өз ұлы өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, газеттің байырғы тілшісін осылайша марапаттаған басылым қызметкерлері естелік суретке түсті.
«Jetisý» -ақпарат»





