Тәуелсіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өтіп, қуатты мемлекеттің іргесін қалап, егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқан Қазақстан Республикасы әлем сахнасында айтарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз 30 жылдың ішінде көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.
Қазақ жерінің байлығы, мол табиғи қорлары еліміздің әлеуметтік дамуының негізі болуда. Жер көлемі бойынша әлемде 9-орын, ауылшаруашылық жер көлемі бойынша 6-орын, оны 1 адамға шаққандағы үлесі бойынша 2-орын иеленетін еліміз қазба байлықтар қоры бойынша алдыңғы 10 мемлекеттің қатарына енеді. Осынша қазба байлықты игеру үшін Тәуелсіздік жылдарында 350 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйылды. Соның арқасында мемлекеттік бюджет сыртынан 27 триллион теңге Ұлттық қорға қосылды.
Қазіргі таңда көптеген көршілес елдерден әлдеқайда алда тұрған елімізде асқақтаған ауызбіршілік, ынтымақ, туыстық қарым-қатынас, түзу ниет жақсы өмір сүрудің айғағындай көрінеді. Одан бөлек, экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынып жатыр.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қараған жөн. Қазір заман басқа, адамдардың санасы айтарлықтай өзгерді, оған қоса, бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Соңғы кездері Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керектігін, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоқтығын жиі айтып жүр. Министрлер мен әкімдерден «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануын талап етуде. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болуы тиіс. Мемлекеттік жоспарлау мен басқару салаларындағы соңғы өзгерістер адамдардың қоғамдағы, экономикадағы, мәдениеттегі мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Біз өңірлік деңгейдегі теңсіздіктер мен кедергілерді біртіндеп жойып, аймақтардың бәсекеге қабілетті болып, әр ауыл мен қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуіміз керек.
Қазіргі кезде Президенттің 2025 жылға дейін бес триллион теңгеге бағаланатын мемлекеттік активтерді жекешелендіру арқылы кәсіпкерлік саласының әлеуетін айтарлықтай арттыру жоспары іске асып жатыр. Бұл жобаның іске асуына біздің академия филиалының профессорлық-оқытушы қауымы да атсалысуда. «Халықтық IPO» бағдарламасын жаңғырта отырып әрбір қазақстандықтың ұлттық байлығымыздың бір бөлігіне ие болуына және отандық экономиканың көшбасшыларын дамытуға өз үлесін қосуына мүмкіндік жасалуда.
Адам капиталының сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың негізгі бөлігі. Сондықтан айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы – Президент қойған басты талаптың бірі. Себебі, елде не жасалса да бәрі болашақ ұрпақ үшін жасалуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары, жастардың құлшынысы зор екенін айта келе осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмылдыру қажеттігіне тоқталып: «Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», – деді.
Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүйелеу үшін әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыруда. Президент талантты жастарымыздың креативті экономика құрудағы рөлінің маңыздылығына назар аударды. Өйткені креативті индустрия әлемдік экономикада ең жылдам дамып жатқан сегмент. Дамыған мемлекеттерде аталған сала ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды. «Таланттар фабрикасы» іспетті орталық еліміздің барлық өңірлеріндегі дарынды жастардың кәсіби мамандардан білім алып, олардың шеберлік сағаттарына қатысуына жол ашады. Бүкіл әлемде ұжымдық ынтымақтастықтың бір түрі ретінде краудфандинг бағытының танылып келе жатқаны белгілі. Ол азаматтарды қоғамдағы өзекті проблемаларды шешуге қатыстырудың негізгі бағытының бірі ретінде бағалады. Соны біздің елде де қолдану мүмкіндігі қарастырылуда. Қолға алынған шаралардың барлығы өзара көмек мәдениетін қалыптастырып, елімізді дамытуға жастардың тікелей атсалысуына бағытталған. Тәуелсіздік ұрпақтары Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің біріне айналдыратынына біз кәміл сенеміз.
Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың 155, күш атасы Қажымұқанның 150 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы. Сондай-ақ, биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр.
Бүгінде бүкіл әлем сияқты Қазақ-станның алдында да маңызды жаңа міндеттер тұр. Қазақстандықтар экономикалық, әлеуметтік қайта құруларды ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәселелерді де сипаттайтын заманауи сын-қатерлерге дайын болуы керек. Тәуелсіздік жылдарында жинақталған орасан зор тәжірибе болашаққа сеніммен және оптимизммен қарауға, алға жаңа мақсаттар қойып, ілгері жылжуға мүмкіндік ашады.
А. ШӘРІПОВ,
ҚР Президенті жанындағы
Мемлекеттік басқару
академиясы Алматы облысы
бойынша филиалының профессоры, экономика ғылымдарының докторы





