Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін экономикасын нарықтық арнаға түсіріп, индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыра бастағаны белгілі. Осы орайда жаңадан зауыт-фабрикалар бой көтеріп, дамыған мемлекеттердің озық технологияларын елімізге енгізу жолға қойылды. Бұл экономикамыздың шикізатқа тәуелділігін азайтып, ғылым мен техниканың жетістігін өндіріске пайдалануға жол ашқаны анық. Қарасай ауданына қарасты Жармұхамбет ауылында бой көтерген «Алматы тұрмыстық техника зауыты (ATTZ)» осындай озық кәсіп-орынның бірі саналады.
Бауырлас Түркияда дүниеге келген Әбдіқасым Сойырқаш тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында атажұртына оралды. Тарихи Отанының дамуына өзінің үлесін қосуды армандаған ол Анадолыдағы озық технологияны осында әкелуді көптен бері ойластырып жүрген еді. Оның таңдауы неліктен тұрмыстық техникаға түскенін де түсінуге болады. Себебі ол кезде Қазақстанда күнделікті тіршілікте пайдаланатын аса қажет техникаларды өндіретін кәсіпорындар жоқтың қасы. Ал елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жобасы жүзеге асырылып жатқан бүгінде газ плиталарына деген сұраныс еселеп артатыны тағы белгілі. Осылайша, өз өнімін әлемнің 40 еліне экспорттайтын Түркияның «FEMASH» компаниясымен келіссөздер жүргізіп, елімізде жұмыс істейтін осындай зауыт салуға уағдаластыққа қол жеткізеді.
Жер жаннаты Жетісуды индустриалды-инновациялық өлкеге айналдыру бағытында тынбай еңбек етіп келе жатқан облыс әкімі Амандық Баталов мұндай бастаманы бірден қолдап, Қарасай ауданының өндірістік аймағы болып табылатын Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұхамбет ауылынан қажетті жер телімін алуға қол ұшын берді. Осылайша, зауыт құрылысына 120 мың шаршы метр жер бөлініп, ғимараттар бой көтере бастаған. Бұл жерде 1000 шаршы метрден тұратын әкімшілік үйін айтпағанда, 8 мың шаршы метр өндіріске қажетті ғимарат, 150 мың шаршы метр қойма құрылымдары жылу өткізбейтін арнайы материалдардан салынғанын айта кету керек. Сонымен бірге, жаңа әрі болашағы үлкен зауытқа автокөлік жолын, электр қуатын, көгілдір отын желісін, су жүйесі мен теміржол тармағын кіргізуге де қолдау көрсетілген екен. Осының бәрі кәсіпорынның инженерлік-логистикалық құрылымын қалыптастырып, сырттан келетін бөлшектер мен дайын өнімді тасымалдауға өте қолайлы жағдай туғызды.
– Біздің зауыт 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні тұрмыста қолданылатын газ және электр плиталарын шығарумен айналысады, – дейді кәсіпорынның өндіріс бойынша директоры Оңдасын Байғараев. – Алғашқы кезде өнімдеріміз толықтай Түркиядан әкелінетін қосалқы бөлшектерден құрастырылатын. Алайда біз отандық өнімді пайдалануды біртіндеп жүзеге асырып келеміз. Атап айтқанда, елімізде металл өнімдерін өндіретін ең ірі кәсіпорын – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен келісімге отырып, плиталардың сыртқы корпусын жасайтын болат қаңылтыр прокаттарын ала бастадық. Оларды кесіп, қажетті қалыпқа келтіретін пресс қондырғылары алғашқы сынақтан сүрінбей өтті. Бізде бүгінде болат парақты кесу машинасы, 60, 160, 250, 300 тонна салмақпен болат прокаттарын иетін аппараттар орнатылған. Алдағы уақытта дайын өнімдерді қаптау үшін қажетті пенопласт өндіруді де жолға қоямыз. Сонымен қатар, болашақта пештің ішкі құрылымдарын да өзімізде жасасақ па деген жоспарымыз бар.
Біз зауыттың жұмыс барысымен танысу үшін цехтарды аралап көрдік. Кең де жарық цехтардың ішінде еңбек көрігі қыза түскені байқалады. Алдымен суық қалыптау бөліміне бас сұғып, газ плитасының сыртқы корпусына қажетті болат қаңылтырды штамптау, ию, кесу, қалыптау жұмысының барысымен таныстық. Компьютерлік бағдарлама арқылы басқарылатын күрделі аппараттар қалыпты жұмысынан жаңылар емес. Сол сияқты, бояу цехының қызметі де толықтай автоматтандырылған. Мұнда арнайы қондырғылар дайын қаңылтыр өнімін тазалау, майсыздандырудан бастап бөлшектерді кептіру, ұнтақ бояуды бүрку, содан кейін өнімдерді 230 градус ыстықта кептіруге дейін автоматты түрде жүзеге асырылады. Егер әлдеқандай жағдайда бояу біркелкі жағылмай қалса электронды есептегіш құралдары оны бірден анықтап, операторға хабар береді, кемшіліктің түзелуін қадғалайды.
Құрастыру цехы – зауыттың жүрегі десе болғандай. Мұнда 15-тен астам бөлек учаске бар. Құрастыру бөлімінде газ жүйесі, электр жүйесі, пеш және алдыңғы цехтарда әзірленген плита корпустары жиналып, орындалған жұмыстың сапасы тексеріледі. Конвейер типті өндіріс жүйесінде бір ауысымда 24 адам еңбек етеді. Қаптама пенопластын өндіру цехында құрылғылардың барлығы орнатылып, жұмысқа қосу ғана қалғанын байқадық. Заманауи технологияның ең озық үлгісімен жабдықталған аппараттар өнімді жақсы әрі сенімді орау үшін химиялық шикізаттан белгілі бір пішінді пенопласт шығаруға мүмкіндік береді. Бір мезгілде 8 мың дана дайын өнімді сақтауға қабілетті қойманың іші екі өнеркәсіптік жеделсатымен, екі жүк түсіру порталымен, бейнебақылаумен жабдықталған. Бұл өз кезегінде қосалқы бөлшектер мен өнімдерді тасымалдауды жеңілдететіні белгілі.
Алматы тұрмыстық техника зауытында бүгіндері 67 адам еңбек етуде. Өнім көлемі жылына 100 мың данаға жеткізілген кезде мұнда 200 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Мамандардың біліктілігін арттыру үшін Түркиядан келіп оқытып, ол жаққа тәжірибе алмасуға жіберу қолға алынған. «АТТЗ» өткен жылдың 29 желтоқсанындағы салық преференцияларын ұсыну жобасына сәйкес инвестициялық келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Бұл жерде шикізат пен материалдарды импорттау кезінде қосылған құн салығын төлеуден босату және басқа да жеңілдіктер қарастырылған.
Алматы тұрмыстық техника зауытының өнімдері DAUSHER бүкіл Қазақстандағы сауда желілері арқылы сатылады. Sulpak, Technodom дүкендерінде тұрмыстық техниканы сату бойынша көшбасшылардың қатарында. Ендеше отандық өндірісті жолға қойған бастамашыл жандардың еңбегіне табыс тілейік!
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы





