Ақсу ауданының жері шұрайлы. Өңір таулы, құмдауыт және сары топырақты болып келеді. Мал өсіруге қолайлы. Дәнді дақылдың қандай түрін ексеңіз де шығады. Жерді дұрыс баптасаңыз жетіп жатыр. Соңғы жылдары ауданда төл дақыл – қант қызылшасы өсіріле бастады. Алқапты суару үшін жасанды жаңбырлатқыш құрылғылар әкелінуде. Аграрлы өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы аудан әкімі Есім БАЗАРХАНОВПЕН сұхбаттасқан едік. Екеуара әңгімеде өңірдің ауылшаруашылығы, індетпен күрес жұмыстары, білім, баспана, мәдениет тақырыптары қозғалды.
– Есім Сейілханұлы, ауылшаруашылық саласы – ауданның негізгі тірегі. Мал басы өсті ме? Жайылым жайына тоқталсаңыз?
– Аудан бойынша 480 776 мал басы тіркелген. Оның ішінде ірі қара 97 419, ұсақ мал 349 924, жылқы 33 443 басқа жетті. Осы жылдың 9 айлық статистикасына сүйенсек, ірі қара және жылқы малы облыс аумағында алдыңғы төрттікте тұр. Ал ұсақ мал саны бойынша екінші орынға табан тіредік.
Биыл ауылшаруашылық саласын дамыту мақсатында екі ірі жоба іске асырылуда. Оның бірі – «Алатау Эко Биф» ЖШС қазақтың ақ бас тұқымды ірі қара малын өсіру фермасының құрылысын аяқтады. Жобаның жалпы құны 652 млн.теңгені құрайды. Серіктестік Балқаш ауданының «Жақсылық» шаруа қожалығынан 700 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алды. Қазіргі таңда олардан 300 бас жеткізілді.
Ауданымызда қолға алынып жатқан ең үлкен жоба Қызылағаш ауылында. Онда «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС 1300 асыл тұқымды мал басына арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмысы маусым айында басталып, жыл соңына дейін аяқталады деген жоспар бар. Инвестицияның жалпы көлемі 4 млрд. 990 млн. теңгені құрайды. Серіктестік Дания жерінен алғашқы 200 бас «Джерси» тұқымды сиырларды аудан аумағына алып келді. Мал өсірген соң оған жайылым керек. Аудан бойынша жайылымның жалпы аумағы 620 287 гектарды құрайды. Биыл аудан тұрғындарын маусымдық жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында жайлаудан 24 000 гектар жер резервке қойылып, оның нәтижесінде 191 400 мал басы жайлауға шығарылды. Жайылым мәселесін шешу үшін Қапал, Қызылағаш округтерінен 7500 гектар жайылымды жерге конкурс өткізілуде. Былтырдан бастап фермерлер ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану құқығын беру жөніндегі ауылшаруашылығы жерлерінің барлық түрлеріне 8 конкурс жүргізілді. Келесі жылы бұл жұмыстар өз жалғасын табады. Ауданымыз мал өсірумен ғана шектелмей, балық шаруашылығын дамыту саласын қолға алды. Өткен жылы «Қаратал» ЖШС Құрақсу ауылында балық, шаян өсіру басталды. Қазіргі уақытта серіктестік артемия шаяндарын өсіреді. Олар ҚХР мен АҚШ-қа экспортталуда.
Алғашқы өсірілген 5 тонна артемия шаяны Ресейде өңделіп, АҚШ-қа үлгі түрінде жөнелтілді. Алғашқы үлгі оң пікір алды. Осыған байланысты АҚШ-қа артемия ұнтақтарын жеткізу жайлы келісімшартқа қол қойылды. Келісімшарт құны 7,7 млн. АҚШ доллары. Инвесторлар «Қаратал» ЖШС-не инновациялық жабдықтарды орнату үшін терең өңдеу технологиясын қаржыландыруға дайын. Серіктестік Ресейден 20 млн. теңгеге бастапқы өңдеу жабдығын сатып алды. Сонымен қатар, Ресей кәсіпорнымен филе цехының жабдықтарын жеткізу және орнату жөнінде келісімшарт жасалды. Серіктестік жобаны 2021 жылы іске асырмақшы. Жалпы жоба құны 300 млн. теңгені құрайды. Кәсіпкерлер тауарлы балық-форель өсіру орнын салуға кірісті. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары басталды. Жоба құны 515 млн. теңгені құрайды.
Серіктестік 2014 жылдан бастап Қызылқайың ауылындағы «Қызылқайың» көлінде ақ амур, сазан және басқа да балық түрлерін өсірумен айналысады. Олар көлге 300 мың дана балық уылдырығын жіберді. Ауданымызда туризм саласын дамыту мақсатында «Аршалы Тур» ЖСШ Шығыс Қазақстан облысынан 23 марал әкеліп, болашақта сауықтыру туризмін іске асырмақшы. Қазіргі кезде серіктестік қонақүй мен туристерге арналған бассейні бар монша құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба 5 жылға есептелген. Жоба аясында 20 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба 1400 гектар жайылым түрінде мемлекеттік қолдауға ие.
– Соңғы жылдары коронавирус жұқпасы елді алаңдатуда. Індеттің алдын алу мен күресу барысында қандай шаралар жүргізілуде?
– Ақсу аудандық орталық ауруханасында коронавирусқа қарсы жұқпалы аурулар бөлімінен 20, терапия бөлімінен 30 және балалар бөлімінен 20 төсек-орын жасақталып қойған. Осы індетпен күресуге 64 медицина қызметкері жұмылдырылған.
Ақсу ауданында коронавирус кеселімен тіркелген науқас саны – 409. Оның ішінде коронавирус белгілері бар – 149, коронавирус белгілері жоқ 260 науқас тіркелді. Ауданда наурыз айынан бастап вакцина егу жұмыстары басталды. Бүгінде жалпы вакцина алғандар саны бірінші кезеңде – 21508, екінші кезең бойынша – 20444. Ақсу ауданында вакцина жоспары бойынша көрсеткіш 99 пайызды құрайды.
Коронавирусқа қарсы аудандық орталық ауруханада 7 өкпені жасанды желдету аппараты, 32 оттегі концентраторы және 100 дана жүрек қағысын есептегіш құрал алынды. Қазіргі таңда екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры және 10000 дана жеке қорғаныс киімі, 40000 бетперде, 3000 дана респиратор бар.
– Аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамту жайы қалай? Әлеуметтік қорғалуы тиіс отбасыларға баспана салынуда ма?
– Ақсу ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жансүгіров ауылынан 30 жеке тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмысы басталды. Мердігерлік ұйым «Нұр құрылыс болашақ» серіктестігімен келісімшарт жасалды. Жалпы ҚМЖ құны 503,8 млн. теңге. Бүгінде монтаждау жұмыстары 80 пайызға орындалды. Жансүгіров ауылына салынатын 50 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жалпы құны 10,2 млн. теңге қаражатқа «АРС ЛТД» ЖШС арқылы жобалау сметалық құжаты әзірленді. Қаңтар айында аталған тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстарына 757 млн. теңге қаражатқа сұраныс жасалды. Ақсу аудандық мәслихатының 2021 жылғы 11 маусымдағы «Ақсу ауданының 2021-2023 жылдарға арналған бюджеті туралы» №345 қаулысына сәйкес құрылыс жұмыстарына бастапқы қаражат бөлінді. Тұрғын үй жоспары бойынша алдағы уақытта да баспаналар салына береді. Әлеуметтік қорғалуы тиіс отбасылар әрқашан мемлекеттің назарында.
– Есім Сейілханұлы, мектептер мен кәсіптік білім беру мекемелері жастарды мамандыққа бейімдеуде қандай әдістерге сүйенуде?
– Ауданда барлығы 41 жалпы білім беретін мектеп пен кәсіптік колледж бар. Политехникалық колледж жұмыс істейді. Мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті мәселе – білім беру саласын дамыту. Өздеріңізге белгілі, пандемия кезінде алғаш рет қашықтан білім беру жүзеге асырылды.
Қазір 10-11 сыныптарда жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бөліп оқыту жүзеге асырылуда. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары және жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс жасап, кәсіптік ақпарат берілуде. Қазіргі жағдайда кездесулер онлайн форматта жүргізіліп, әлеуметтік желі арқылы әр мамандық туралы толық ақпарат берілуде. Жасөспірімдермен сұхбаттасу, кездесу, вебинар, семинар, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастыру арқылы мамандықты дұрыс таңдауға бағыт-бағдар берілуде. Жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылып, жас мамандар жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, жаңадан оқу бітіріп келген мамандарға көтерме жәрдемақы беріліп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында баспана алуға қолдау көрсетілуде. Ал кәсіптік мектеп пен политехникалық колледж тәлімгерлері білімдерін тәжірибемен ұштастыруда. Яғни, кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарына бара жүріп, болашақ мамандықтарын барынша меңгеруге ден қоюда. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.
– Ақсу – ақын Сара мен жыр Құлагері Ілиястың елі. Өңірдің мәдениеті саласында атқарылып жатқан шараларға тоқталсаңыз.
– Ауданда 22 Мәдениет үйі, 22 кітапхана және 2 музей халыққа қызмет көрсетеді. Мәдениет үйлері мен клубтар бойынша 132 үйірме ашылған. Оған қатысатын адам саны – 1460. Ағымдағы жылы ақын Сараның мемориалды музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру негізінде Біржан сал мен ақын Сара айтысына 150 жыл толуына орай «Біржан-Сара айтысы – халық өнерінің биік шыңы» атты «дөңгелек үстел» өтті.
Жыр Құлагері Ілияс пен ақын Сара шыққан ауданда ізбасарлар көп. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай мәдениет қызметкерлері арасында өлеңдерді жатқа айту челленджі өткізілді. Ауданда жерлесіміз, белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақсу ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер Берлібек Аманбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Жырыммен жұртым шөл бассын» атты шығармашылық кеші өткізілді. Қапалда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Қайранбаевтың 60 жасқа толуына орай кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Мәдениет үйлері кезең-кезеңімен жөндеуден өтуде. Мысалы, Қызылағаш ауылындағы Мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл жылыту жүйесін жөндеуге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінді. Ақсу ауданының Молықбай Байсақұлы атындағы Мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу, Қызылағаш, Сағабүйен, ақын Сара ауылдарындағы Мәдениет үйлерінің кіреберісіне мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус жасалды.
Аудандағы игі істер, ауқымды шаралар маңыздылығына қарай өз уақытымен қолға алына береді. Ауылшаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік саласына барынша қолдау көрсетілуде. Жол, су мәселесі кезең-кезеңмен іске асырылуда.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлжан ТҰРСЫН





