Қапшағай қаласы бойынша 2900 адам тұрғын үй кезегінде тұрады. Олардың арасында көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар, жетім балалар мен мүгедектер бар. Осынау өзекті мәселені шешу үшін қалада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңадан тұрғын үйлер салынып, бір мезгілде тозығы жеткен үйлер құлатылып, олардың тұрғындары жаңа үйлермен қамтамасыз етілуде. Заречный ауылында салынып жатқан 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысын осындай жұмыстардың қатарында атауға болады.
Жаңа нысан құрылысының қарқынды жүргізілгенін айтуға тиіспіз. Бұл орайдағы жұмыс биылғы көктемде басталғанымен қазірдің өзінде көзге көрінетіндей дәрежеге жетіп, негізгі жұмыстары атқарылып болып қалды. Нақтырақ айтатын болсақ, қазіргі таңда бесінші қабаттың қабырғасы толығымен қаланып, шатыры жабылуда, ішкі әрлеу жұмыстары бесінші қабатта жүргізіліп, есік-терезелер орнатылып жатыр. Бұл жұмыстармен 20 адам айналысуда.
Жалгерлік тұрғын үй құрылысының бас мердігері «СЕМ-Шоғы Құрылыс – Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған компания көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын да бір мезгілде жүргізіп, тұрғын үйді белгіленген мерзімде пайдалануға беру жайын ойластыруда. Нысан жобасында балалар ауласы, онда көпшілікке арналған орындықтар қою, кір жаю орындары, көлік тұрағы, бір сөзбен айтқанда халыққа қажеттінің бәрі қарастырылған.
Бір ғана ауылда 20 пәтерді пайдалануға беру елді мекен тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналайын деп тұр. Жақын арада соншама отбасы қоныстойын тойлайтын болады.
Ардақ Қасымханова,
Қапшағай қаласы әкімінің баспасөз хатшысы





