– Өмірде мәңгі есте қалатын оқиғалар болады. Сондай сәт әлі күнге санамда жатталып, тірліктен босаған кезде бәз-баяғы қалпында көз алдыма келеді. Баладай аңғал Балқия әженің ұлына деген аналық мейірімі мен сүйіспеншілігі жүрегімде жатталып, бұл оқиғаның бүгінгі қартайған шағымда да ұмытылмайтынын, тіпті өзіммен бірге кететінін білдім. Ол былай болған еді. Біздің ауыл тау бөктеріне орналасқан. Орталықта бастауыш мектеп бар. Осы мектептің үшінші сыныбында оқитын кезім, – деп әңгіме бастаған көпті көрген жанның баяндауы бізді де оқиға желісімен жетелей берді.
– Мектептен қайтқанда Балқия әженің үйіне еріксіз мойын бұратын әдетім. Кейуана мұнтаздай таза ауладан күн сайын шығып, айналаға көз салады. Менің ішкі ойымды сезгендей, жез самаурынның кернейін алып, сексеуілдің шоғын үрлейді. Қайнағанына көзі жеткеннен:
– Әй, Өтегеннің баласы, бері кел. Шай дайын, кел, – деп жез самаурынды көтеріп үйге енеді. Бұрынғыдай емес, екі иығы еңкіштеніп, жүрісі сылбыр тартқан тәрізді. Әженің артынан іле-шала мен де үйге кірдім. Қоржын үйдің ауызғы бөлмесінде темір төсек, одан әрі кітап қоятын сөренің ортасында Сағаттың суреті. Шашын оң жағына қайырған сымбатты жігіт. Ол сол мен көрген күйде, жүзінде жұмбақ күлкі нышаны. Қою қара қасы мен күлімдеген өткір көзі «Е-е Бақыт, сен де өсіп қалдың ба?» деп тұрғандай. Көрген сайын мен де есейген көзбен жансыз бейнеге телміре түсемін.
– Неге тұрсың, жоғары шық, өз үйің ғой.
Кейуананың мейірімді жүзі мен жылы сөзі қалың ойдан серпілткендей. Көзімді суреттен тайдырып әкеттім.
– «Жалғыздық бір ғана Аллаға жарасқан» деген. Саған да
бойым үйреніпті. Сабақтан шығар сәтіңді күтемін, – деп кілегей қатқан қою шай құйған өрнекті кесені алдыма қойды.
Әженің біздің ауылға қоныс аударып келгеніне де біраз жыл болды. Шуы көп қаладан келген оны ауылдағы үлкен-кіші жатырқамай қарсы алды. Сағат та балалармен тез тіл табысты. Өзі менен үлкен бауырым Бекенмен құрдас.
Ауылдағыларға әжеміз өз жаңалығын ала келді. Келісті киім киісі мен байсалды жүрісі, сабырлы қалпы мен өнегелі сөзі біразға дейін әйелдер арасында таңданыс туғызғаны, тіпті үлгі болғаны бүгінгідей есімде.
– Ойпырмай, өзі бір «кірап» көрінеді. Жуған кірін айт,
шатырадай. Қандай киімін болсын үтікке бастырмаса үстіне ілмейді. Баласы қандай тәрбиелі?! Ал өзінің әңгімесі байыпты да қызықты, көргені мен көңіліне түйгені көп. Бар жаңалықтан хабардар, ұсақ сөзге бармайды, – деген анам үйдегі екі сиырдың сүтін машинасына тартқызып, оразасын бірге ашуды әдетке айналдырды. Осылайша екі үйдің арасындағы сыйластық жалғасып, бұл мен үшін де ортақ үйге айналды. Апамнан білгенім, Балқияның жолдасы Тұрар сонау бір жылдары «Халық жауы» деген жаламен ұсталып, Сібірге жер аударылған. Сонда жүріп, аяқ астынан ауырып, қайтыс болыпты. Балқия күйеуінің артынан әлденеше рет барғанын жыр ғып айтқан:
– Сібір дегенің ну тоғай. Ит тұмсығы өтпейтін ағаштың
арасындағы лагерьдегілердің жағдайын көргенде, жаның түршігеді. Ағаш кесіп, оны тиеп, құрылысқа жөнелтіп жатқандарға орындаған нормасына қарай тамақ беріледі. Іздеп барып, осының бәрін өз көзіммен көрдім. Қасында біраз ай болдым. Өлместің күні, ерте басталған жұмыста дамыл жоқ. Ауыр азапта жүріп Тұрар өкпесіне суық тигізді. Содан оңалмады. Жат жерде сүйегі қалып, сол жерден топырақ бұйырды, – дегенін әлденеше естігенмін.
Әже ұлы Сағатты дәтке қуат етіп ауылға көшіп келгеннен-ақ осы үйді екеулеп жөндеп, қора-қопсы тұрғызды, шаруаларын реттеді. Олардың тыныш өмірін көп көргендей тағы да өзгеріс еніп, соғыс басталды. Жастары жетіп, бозбалалық бой түзеген менің ағайым Бекен екеуі бірер айдан кейін-ақ соғысқа алынды. Алғашқы хаттардағы: «Жағдай бірқалыпты. Алматыдан шығып батысқа бет алып барамыз. Жауды жеңіп, сіздермен аман-есен жүздескенге жазсын. Енді бірер айда соғысқа кіреміз», – деген үшбұрышты хатты алғанда апам екеуі көздеріне жас алатын. «Жаратқан Ием, жар бола гөр, екі жасты оқ пен оттан сақта. Өмірлері ұзақ болғай!», – деп жеті күлшелерін таратып, құлшылық етумен болады.
Ауылдағылардың ендігі әңгімесі соғыстың барысына ауған. «Біздің жауынгерлер жаудың бетін қайтарыпты. Олар Сібірдің суығына шыдамай шетінен опат болып жатыр. Жеңіс жақын» дейтін көңілге медеу, жұбаныш әкелетін әңгіме тарқатылар еді.
Мұндай хабарға жұрт қуанады. Сол кезде мектеп жабылып, біз Самсыға шөп дайындауға көмекке бардық. Күні бойы бір тынбайтын қарбалас тірлік. Сонда да ешкім шаршап-шалдықтым демейді. Көп сөз, бос әңгіме жоқ, бәрінің қабағы қатулы. Кәрінің де, жастың да еңбекке берілгені сондай, қосқа қас қарайған кезде ғана жиналады. Орталықтан жеткен үгітші Сайлау соғыс жаңалығынан хабардар етсе, көбісі майданнан келген жақындарының хаттарын оқиды. Бір-бірінен жасыратын еш құпия жоқ. Мұндайда бірі жылап, бірі күліп қалады. Балқия әже ауылдағы әйелдермен бірге майданға бөркей, қолғап, шұлық тоқып жіберетін. «Мен қос құлыныма жіберемін», – деді де аттары жазылған шұлықты көрсетті.
Қызылды-жасылды жіптермен «Сағат, Бекен» деп ұқыпты өрнектелген сөздер жүрегімді шым еткізді. Екі жауынгер осы шұлықты өздері киетіндей қуанамын. Дорбаға құрт, ірімшік, тәттіні мол салыпты. Екеуіміз түннің бір уағына дейін отырып, сағынышқа толы хат жаздық. Әжемнің екі сөзінің бірі «Аман болыңдар, абайлаңдарға» келіп тіреледі. Сөзінен оларды майданда емес, ауылда жүрген жас балалардай сезінгенін байқаймын.
Осылайша ай өтіп, жыл жылыстай берді. Жазғы маусымдық жұмыс саябырсып, мектепке барып жүрген кез-тін. Сабақтан үйге келсем, ауылдың үлкен-кішісі қалмай біздің үйге жиналыпты. Жүрегім «дір» ете қалды. Аяқ астынан басқосудан қорқып қалғанбыз. Көршінің кішкене баласы аптығын баса алмай: «Сәкен аға, Бекен келді. Өзі былай жүреді», – деп бір аяғын көтеріп секеңдеп қояды.
Аядай бөлмеде көрші-қолаң. Бауырым екеуіміздің құшағымыз айқаса кетті. Кезекті шабуыл кезінде қатты жараланған. Дәрігерлер оның өміріне қауіп төнгеннен кейін аяғын кесіп, аман алып қалыпты. Апамның қуанышында шек жоқ. Балқия әже:
– Бекен-ау, Сағаттың жағдайы қалай? – деп сұрап қалды.
– Апа, менің емделіп, олардан қол үзгеніме жарты жыл болды.
Хат жазып едім, жауап келмеді. Аласапыран уақыт қой, олар бағыттарын өзгерткен болар. Оған дейін бірге болдық, – деп қысқа жауап қайырды.
Жұрт тым-тырыс. Соғыс ауыртпалығы еңселерін езіп тастаған. Тіпті артық сөз айтуға шамалары жоқ, әлде жүрек жаралайтындай хабарлардан зәрезап болған ба білмедім.
Жүрдек уақыт жылжып өте берді. Соғыс аяқталғалы да бірер жыл артта қалған. Дегенмен, Сағаттан не жақсы, не жаман деген хабар болмады. Балқия әже әр күнді үкілі үмітпен өткізіп, баласын күтеді. Дастарқан басында орнаған тыныштықты бөлгім келіп:
– Апа, Тұрар атам не үшін сотталды? – дедім.
– Ой, балам-ай, атаң жазықсыз кетті ғой. Бірінші Алматыдағы теміржолда жұмысшы еді. Кешкісін үйге үш адам келді. Үйдің астаң-кестеңін шығарып, тінтті. Не іздегендерін білмедім. Бірақ түк таппады. Әлгі үшеуі атаңды алып кетті. Содан үш ай түрмеде жатты, кейін Сібірге 10 жылға жіберді ғой. Өз жұмысына тиянақты жан еді, не жазғанын әлі күнге білмеймін, – деп жанарына келген ыстық жасы мен тамағына тығылғын өксікті баса алмады. Қапелімде жан жарасын тырнап алғаныма өкініп мен тұрмын.
Тағы да қылышын сүйреп қыс келді. Балқия әженің қатты-қайырым жұмысқа шамасы келмегендіктен апам мені ол үйге жиі жіберетін болды. Қар күреп, бірді-екілі малдың астын тазалаймын, кейде қонып қаламын. Әжем темір пешке тезекті мол қалатып, өзі жанына арқасын беріп жатады.
Апам бүгін күндегіден ширақ көрінді. Жастығының астындағы орамалға мұқият оралған хатты алды. Сағаттан келген хаттар. Өзім әлденеше рет оқып, жаттап алған хаттарды дауыстап қайталап шықтым. Кейуана қуанып, көңілінде үміт оты қайта жанғандай әжімді жүзі нұрлана берді. Шіркін, ана жүрегінің кеңдігі-ай?! Сәл көзін жұмып ойға кетті ме, бір сәт мүлгіп қалды.
– Өтегеннің баласы, сен ана тақтайды көтерші, – деді бір
кезде. Босағадан әріректегі, меңзеген тұстағы тақтайды көтердім. Әженің айтқанымен ішке түстім. Ұқыпты қазылған ұраның ішіндегі жайма ағашқа қаз-қатар қойылған тамақтың, сүр еттің иісінен басқа тағы бір жағымсыз иіс мұрынды жарады.
– Мыналар Сағатқа сақтаған сыбаға – құрт-май, ірімшік. Ал, мынау қазы-қарта, – деп қаптағы ұнның аузын ашты. Ұн сыз тартып, көгеріп кетіпті. Жағымсыз иіс осыдан деп түйдім.
– Көрдің ғой. Сағат келгенде мен абдырап жүріп ұмытып кетпейін. Сен есіме саларсың, – деді әже ұраның аузын жаптырып. Сөйлеп жүріп, екеулеп төсек салдық.
Осылайша сарыла күткенмен Сағат ағадан хабар болмады. Мен мектепті бітіріп, қалаға кеттім. Балқия әжемен арадағы жалғастық үзілді. Дегенмен, әжем жүрегімнің түкпірінде. Көп уақыттан соң ауылға келгенімде апам:
– Барып халін сұра, апаң төсек тартып жатып қалды. Жасы да келді ғой. Сүйегі асыл екен, – деді.
Бір жамандықты сезгендей тура үйіне тарттым. Ол баяғы орнында, темір керуетте жатыр. Көзі суалып, қолдары тарамыстанып, бойынан әл кетіп, екі жағы қушиып қалған. Менің әйел атаулының арасындағы әулие, періште кейіпте болған апама деген балалық мейірімім алаулай түсті.
– Әже, мен ғой, – деп маңдайынан сүйдім. Сол баяғы қалпында атымды бұл жолы да атамады. Басын көтеруге икемделіп еді, шамасы келмеді.
– Ә, Өтегеннің баласысың ба, келші бермен, жаным! – деп өзіне тартып, құшақтауға ыңғай білдірді. Бірақ қарын көтеруге шамасы жетпей екі қолы төмен түсе берді.
– Сағат келсе, сыбағасын беруді ұмытпа. Жарай ма, сен білесің ғой, – деді иегі кемсеңдеп. Көз алдымда жарық дүниемен қоштасқысы келмеген кейуанаға деген махаббатым бойымды шарпып, әрі-сәрі күй кештім. Қатал тағдырдың шүйкедей жанды аямай жылдар бойы сағыныш өртіне орағанына, бейбақтың мына дүниеден опа таппағанына деген өкініш ыстық жас боп көмейіме кептелді. Тек өтірік уәде беруден басқа амалым жоқ екенін түсіндім.
– Ұмытпаймын әже, сөз жоқ, Сағат келеді, – дедім мен де.
Әжемнің маған қалдырған ақырғы аманаты осы болғандай таң алдында жантәсілім етіп, жаны жай тапты. Өмірдегі өксігін, сағынышын көкірегіме әлі күнге сақтап мен келемін.
Содан бері ауыл шетіндегі осы үйге бас сұқпай кетпейтін әдет таптым. Уақыт өткен сайын қимас мекеннің сылағы түсіп, көріксіз күйге түсе бастады. Сонда да ол маған өткеннің, жастығымның куәсіндей сезіледі. Балқия ана құдды мені тосып отырғандай елегзимін.
Бүгінде өзім де ата болып, немере, шөбере сүйдім. Тек Балқия әжені ойлағанда сол баяғы балалығым еске түседі. Ана аманатының орындалмағанына әлі күнге налимын, – деген Бейсенбай ата көз жасын көрсеткісі келмей бұрыла берді. Талайдың тағдырына балта шапқан сұм соғыстың тауқыметі осылайша ұмытылмай, жылдармен жарысып келеді.
– Міне, 9 мамыр – Жеңіс күні де келді. Қария тағы да киелі шаңыраққа беттеп барады. Өзі қартайса да оның жұдырықтай жүрегіндегі анаға деген сағыныш оты өшпеген. Мұндай да болады өмірде… Адам сағыныш деген ізгі сезімнен жаралған-ау, сірә.
Күмісжан Байжан,
ҚР Мәдениет қайраткері





