«Жоңғар орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің «Көксай» бөлімшесінде жұмыс істегеніме 30 жылдай уақыт болды. Орман – ел байлығы. Ендеше, оны көздің қарашығындай сақтау – орманшының міндеті.
Қарамағымдағы жердің байлығын түгел білемін десем артық айтпаймын. Қарағайдың сабағы қисайып қалса, бірден байқаймын. Сондықтан, сол маңда тұратын адамдардың жүріс-тұрысын назарға аламын. Малшылардың табиғат байлығына құрметпен қарауын қадағалаймын. Шөпшілер де мал азығын дайындағанда бақылау жүргіземін.
Осындай жұмыстың нәтижесінде орманда өрт, табиғат байлығына зиянкестік жасау орын алмады. Әсіресе, жаз шығысымен малшылар мен демалушыларға өрт қауіпсіздігін сақтау жайын түсіндіреміз. От жаққан жағдайда шоқты әбден өшіру керектігін айтамыз. Нәтижесінде, табиғат байлығына ешкімнің кесірі тиген жоқ. Қарамағымдағы 380 гектар жерде өсімдік, қарағай, сирек кездесетін аң-құс өсіп-өнуде.
Қарағайдың шабылмауын қатаң қараймыз. Әр жыл сайын шырша отырғызып, алқапты кеңейтеміз. Өткен жылы 2 гектарға шырша отырғыздық. Салқынбелде соңғы жылдары қылқан жапырақты ағаш күн санап бой түзеп келеді. Орманда марал, арқар, қар барысы, таутеке, елік, аю бар. Олардың да суыт жүрген жанның қарауылына ілінбеуін назарда ұстаймыз. Сирек кездесетін аң-құстарға әуес адамдар бары рас. Қысы-жазы солардың сұқ көзінен табиғат жауһарларын қорғаймыз. Арнайы техникалармен төте жолдарды аралап жүреміз.
Орман – менің өмірім. Оның сирек кездесетін бір түп өсімдігінің балтаның жүзіне ілінбеуін, сынбауын, отқа оранбауын күні-түні қадағалаймыз. Ең қауіпті кез – малшылардың жайлауға шығуы мен шөп шабу науқаны. Жайлауда төрт түлікті бағу мен мал азығын дайындау науқаны кезінде жұмысымыз қыза түседі. Жаз маусымынан аман-есен өттік. Болашақта да ел болып табиғат байлығын аялайық дегім келеді. Қарағай – таудың көркі, аң-құстың панасы екенін ұмытпайық.
Қайрат ТОҒЫЗБАЕВ,
облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы «Жоңғар орман шаруашылығы»
КММ орманшысы
Ақсу ауданы





