Күздің бірінші айы аяқталып, екінші айы – қазан да келіп жетті. Осынау берекелі де мерекелі ай Қарттар күнімен басталып, ұстаздардың кәсіби мейрамымен жалғасын табады. Сондықтан да бұл айдың мұғалімдер үшін орны ерекше.
Жалпы биылғы оқу жылы басталғалы бері мектебімен қауышқан оқушылардың да, шәкірттерін қайта бауырына басқан ұстаздардың да көңілдері шат. Мектептегі күнделікті қызу, қарбалас тірлік басталып кетті. Ұстаздардың бар білімін балаларға беруге асығып, ал оқушылар болса бір-бірімен қуана көрісіп, шаттана партаға отырып, білім нәрін сіңіруге тырысып баққан келбетін көру қандай керемет?!
Талғар ауданының Жаңалық елді мекенінде орналасқан І. Жансүгіров атындағы №37 орта мектебінде күнде осындай тынымсыз тірлік. Оның үстіне балалардың тиянақты білім алуымен қатар қауіпсіздігі үшін күнделікті санитарлық талаптарды сақтап, тазалық мәселесіне де мән беру – бүгінгі уақыт талабы. Оқушылардың ешбірі ауырып қалмай, түгел дерлік сабақта отырса, дендері сау болып, күліп-ойнап жүрсе, мұның өзі ұстаздар үшін үлкен қуаныш.
«Мұғалім – мектеп жүрегі» демекші, ұстазға артылар жүк қашанда жеңіл болмаған. Бүгінгі жағдайда ол тіпті екі еселенді десек болады. Сонда да болса талмай, еңбектеніп келе жатқан ұстаздар қауымының еңбегі зор. Өзіміздің мектепті алсақ та аядай ғана білім ошағында 1800-дей баланы білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, өмірінің көп бөлігін осы білім беру жолына арнап келе жатқан ұстаздар қауымы екені сөзсіз.
Мектеп ұжымы тынымсыз еңбек етіп, көптеген білімді, өнерлі шәкірттерді тәрбиелеп, оларды жетелеп, республикалық дәрежеге дейін жеткізіп жүр. Олай болса, сол ұстаздар қауымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, әрдайым тұғырларыңыз биік, ел ертеңін көтерер білімді шәкірттеріңіз көп болсын дегіміз келеді.
Айнұр Қыдырова,
І. Жансүгіров атындағы №37 орта мектебінің
география пәні мұғалімі
Талғар ауданы




