Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында аймақ басшысының орынбасары Жеңіс Тұяқовтың басшылығымен комиссия отырысы өтті.
Онда тозығы жеткен жол мәселесі қаралды. Биыл облыста 1464 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 268 адам қайтыс болған. Төтенше жағдай былтырмен салыстырғанда 19 пайызға артқан. Жалпы, облыста жолға қатысты 600-ден аса дерек тіркелген. Бұл мәселе бойынша сөз алған облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ержан Оразбеков бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды баяндап, төтенше оқиғаның көп тіркелуі жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы және жол сапасының нашарлығынан екенін жеткізді.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары:
– Биыл облыста 419,2 шақырым жолды жөндеу жұмысы жоспарланған. Бүгінде оның жартысынан көбінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тозығы жеткен автотрассалар жөнделіп жатқанмен төтенше оқиғалар көп орын алуда. Әсіресе, республикалық тас жолда. Яғни, мониторинг жұмыстары жүргізілмейді. Жұмыстарыңызға салғырт қарайсыздар. Тас жол тегіс емес. Жол белгілері қате қойылса, кейбір жерлерде тіпті жоқ, – дей келе жауапты мамандарға тапсырма беріп, жол мәселесін қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Жиында Үштөбе-Көпбірлік тас жолы, ауыр жүк көліктерінің салдарынан сапасы төмендеген Сарыөзек-Көктал тас жолы мәселесі де қозғалды.
Айдар ҚАЛИЕВ




