«Жемқорлық – анықталуы қиын, емделуі оңай, ол асқынса – анықталуы оңай, емделуі қиын дертке айналады» деген тәмсіл бар. Таңданарлығы, бұл тәмсіл ХІІ ғасырда таңбаланған. Тіпті, ғалымдар бұл індеттің төрт мың жылдық тарихы бар деседі. Өз заманында атынан ат үркетін алып Рим империясының да түбіне жеткен осынау кесел. Демек, онымен күрес – ортақ мақсат, бір мүддеге айналуы тиіс.
Жуырда Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінде «Парасыз болашаққа бірге!» тақырыбында жиын өтті. Онлайн, оффлайн форматты біріктірген басқосуға аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссия мүшелері, ауылдық округ әкімдері қатысты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шара барысында келелі мәселелер көтерілді. Жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Исламов жүргізсе, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық және заң бөлімінің басшысы, комиссия хатшысы Байғазы Жайлаубаев, «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қорының төрағасы Қайнар Жұмағожа кеңейтілген баяндама оқыды. Алғаш сөз алған Б. Жайлаубаев іргелі өңірде жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша комиссия жұмысымен таныстырып, орын алған олқылықтарды кесіп айтты. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің әдеп нормаларын қатаң сақтауы сөз болды. Кезекті сөз алған Қайнар Жұмағожа аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жүзеге асқан «Жетісу – адалдық алаңы» жобасы аясында Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана-сезімді қалыптастыру» жобасын талдап-таразылады.
Жоба аясында аудан тұрғындарына тақырыптық брошюралар таратылды. Әрі мемлекеттік орган басшылары мен сала мамандары арасында «Таңдауымыз – парасыз болашаққа» видео-челлендж түсірілді. Видео-челленджді жан-жақты насихаттау мақсатында арнайы желі белсенділерімен, блогерлермен жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, бүгінгі күнге дейінгі мәлімет бойынша 52 мыңға жуық қаралым жинаған. Үшінші және бастысы, ауданның 6000 тұрғынынан жасырын сауалнама алынды. Ондағы мақсат айқын: аудан тұрғындары арасында жемқорлық тәуекелдерінің себептері мен салдарын саралау, сыбайластыққа қоғам болып қарсы тұру иммунитетін арттыру, – деді ол.
Кейіннен сауалнама көрсеткен көлеңкелі тұстарды жан-жақты таразылады. Әсіресе, жемқорлық туралы тұрғындар түсінігінің таяздығы, сыбайластық тәуекелдері турасындағы сауалнама жауаптары алаңдатарлық. Яғни, жасырын сауалнамаға жауап берген тұрғындардың 33 пайызы жемқорлық туралы ой қозғағанда, оған тек мемлекеттік органдардағы бюджеттік ақшаны жасырын жымқыру деп түсінеді. Ал ақиқатында, пара беруші мен пара алушы арасындағы сыбайластық байланыс – жемқорлықтың шарықтау шегі. Бұл ретте тұрғындар пара бергендер де, оны алғандар да жауапты екенін әлі де толық түсінбегенін аңғартады.
Сол секілді жасырын сауалнама көрсетіп отырған нәтижеге сәйкес тұрғындардың басым көпшілігі (87 пайыз) жемқорлық тәуекелдеріне уақыт үнемдеу, сыбайластық байланыс орнату, кез келген жұмысты кедергісіз тамамдауды алға тартып отыр. Осы және өзге де сұрақтар бойынша кеңінен талдау жасаған қор төрағасы жиын соңында сауалнама қорытындысына сәйкес ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Шара барысында округ әкімдері мен оффлайн қатысып отырған комиссия, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері пікір білдіріп, ойларын ортаға салды.
Ұлбосын ИСАБЕК





