Еліміздің Әділет органдарының мамандары меншікті кәсіби мерекесін 30 қыркүйекте атап өтеді. Ресми түрде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2012 жылы бекітілген атаулы күннің маңызы мен тарихы тереңде. Өткен күндердің тізбегіне көз жіберсек, ХХ ғасырдың басындағы алағай-бұлағай кезең – 1919 жылы 30 қыркүйекте Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық комитет әділет бөлімін құру туралы қаулы қабылдағанын байқаймыз. Кейінірек саяси оқиғаларға сәйкес Әділет халық комиссариаты, Әділет министрлігі болып аты өзгерген құрылым қазір Тәуелсіз Қазақстан Республикасының өркендеуіне, дамуына үлес қосып келеді.
Ғасырдан астам ғұмыры бар ҚР Әділет органдары өз құзыреті шегінде мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, жеке тұлғалар, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы орган саналады. Соның қатарында облыстық әділет департаментінің жүктелген міндеттер мен мемлекеттік даму стратегиясын іске асыруда атқарып жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Ондағы бөлімдер салалар бойынша жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімі мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының қызметтеріне қатысты түскен өтініштерге байланысты азаматтарды қабылдауды үнемі өткізіп отырады. Аталмыш бағытта халықтың әлеуметтік мәселесі басты назарда болғандықтан алимент төлеу мен қарыздан жалтаруды азайту мақсатында «Борышкер» рейдтік шаралары жүйелі ұйымдастырылады. Бөлімде алимент төлеу атқарушылық өндіріс саласына қатысты сұрақтарға жауап беретін call орталығы жұмыс істейді.
Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар атқару өндірістері бойынша жұмыссыз жүрген борышкерлерді тұрақты жұмыс орнымен қамту үшін облыстық жеке сот орындаушыларының палатасымен бірлесе бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Оған жергілікті атқарушы органдары және «Nur Otan» партиясы үнемі қатысып, шараларды бірлесе өткізуге ықпал етеді. Жиын қорытындысы БАҚ құралдарына, әлеуметтік желілерге жарияланып тұрады. Жалпы, әрбір сала жұмысының қарқынды жүруі ең алдымен білімді де білікті маманға тікелей байланысты. Сондықтан әрбір сот орындаушының заңнамалық тұрғыдан білімді болуын талап етіп отырамыз. Өйткені қазіргідей ақпараттық тасқын белең алған кезеңде кез келген түсініспеушілік азаматтың пайдасына заң талабын ескере отырып шешілуге тиіс екенін сот орындаушылары басты назарда ұстауы тиіс.
Құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімі адвокат және нотариаттық қызметке аттестациядан өту, кепілдендірілген заңгерлік кеңес беру, адвокаттық көмек көрсету сынды салалардың жұмысын қамтыған. Ал зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бөлімі өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып отыр деуге болады. Себебі жыл басынан бөлім мамандары кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға 300-ден астам түсіндіру жұмысын өткізді. Оның қатарында авторлық құқық және тауар таңбасын тіркеу жұмыстарын онлайн, электронды түрде көрсету мәселелері қамтылған. Бүгінде өзекті болып отырған фейсбук, инстаграмм секілді әлеуметтік желілер арқылы жұмыстар жылдам әрі тиімді жүргізіліп отыр.
Тіркеу саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімі заңды тұлғаны тіркеуден өткізу, сонымен қатар, ресми құжаттарға апостиль қою сынды құжатты заң талаптарына сай тіркеуден өткізумен айналысады. Биылғы тоғыз айда 682 заңды тұлға бөлімнің тіркеуінен өткен.
Жалпы облыстық әділет департаментіне бағынысты 6 ауданаралық әділет басқармасы және 7 ауданаралық аумақтық сот актілерін орындау бөлімі бар. Ондағы мамандар саны толығымен жеткілікті. Департаментте және оған қарасты басқармаларда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған шаралар үнемі жүргізіліп, басшылар жеке тұлғаларды қабылдайды, кездесулер өтіп, онлайн кеңес беріледі, әлеуметтік желі арқылы заң талаптары тұрақты түсіндіріліп отырады. Одан бөлек, тегін заңгерлік кеңес, адвокат көмегі, әлеуметтік топқа жататын тұлғаларға ақыл-кеңес ұсыну, Үкімет тарапынан кепілдендірілген заң көмегі департамент тарапынан көрсетіліп тұрады. Мұның бәрі заман талабынан туындап отырған шарттар. Осыған орай еліміздің әрбір азаматы өз құқын білуі тиіс деп санаймын. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дегендей, заң талаптарын білу, жалпы еліміздің саяси өмірінен хабардар болу өте қажет. Соған байланысты департаментке қарасты әрбір бөлім өз саласына қатысты түсіндіру шараларын әлеуметтік желі арқылы жиі жариялап отырады. Қажет болса мамандар тікелей эфир мен жадынамалар туралы мәліметтерді инстаграмм, фейсбук желілері арқылы халыққа жеткізіп тұрады.
Құрметті әріптестер, сала ардагерлері, баршаңызды айтулы дата, кәсіби мерекемен құттықтаймын! Сіздердің ұзақ жылдық тәжірибелеріңіз бен шеберліктеріңіз, өз істеріңізге деген адалдық мемлекет пен елімізге өз пайдасын тигізетіні сөзсіз. Еңбектеріңізге жеміс, қажымас қайрат, мықты денсаулық тілеймін. Ел дамуына өз үлестеріңізді қоса беріңіздер.
Жандос Бексұлтан,
облыстық әділет департаменті
басшысының орынбасары




