Нұрболмен біз таныс болғалы ұзақ жылдар өткен шығар. Аспантаулар өлкесінің таңғажайып табиғаты тізбектеле көз алдыма келсе, Нұрболдай азамат ойыма оралады.
Олай болатын жөні бар. Нұрбол бар мәнді де мағыналы ғұмырын туған жерінің өсімдік әлемін, тауларына көрік беріп тұрған қарағайын қорғауға, соны көшетімен көгертіп, көбейтуге арнап келе жатқан бірегей азамат. Өлмес ән мен жырға арқау болып қалған әйгілі Шалкөде өңірінің бір түлегі, айтулы перзенті. Шалкөде – жердің жаннаты. Атағы алыс кеткен хан жайлау. Шоқан асқан қырқа бар. Айғайтас, Қарағайлы, Қабанды, Жайдақ, Түзу, Қисықсай секілді жерлерін көрген де арманда, көрмеген де арманда. Шалкөденің қасиетті топырағы қазақ еліне Шарғын ақынды, Әбдіқайым Исабаев секілді генералды, Аужан Сақабеков, Нұрберген Артықов, Кәден Бапаев, Бақдәулет Берлібаев секілді ғылым докторларын, көптеген қоғам қайраткерлерін берді. Таза ауасымен тыныстап, мөлдір бұлағынан дәм татып, көк шалғынына аунап-қунап өскен Нұрбол бала кезінен туған жерінің тамаша табиғатына тамсана ер жетті. Іңкәр жүрегінің лүпілімен ат жалын тартып азамат болды. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ орманшы болсам дейтін. Күнін-күнге, түнін-түнге жалғап орман-тоғайының құшағында жүрсе еш жалықпайтын. Нұрболдың құлдыраңдаған балалақ шағы Шалкөденің төрінде, хан жайлауында өтті. Малды ауылдың қара домалақ баласы болды ғой. Атқа мініп ғажайып өлкесінің сай-сайын, қырқа-қырқасын армансыз аралап кететін. Күзге қарай бүлдірген мен қой қарақатына армансыз тойынып, тұнығынан ақ балық аулап қайтатын. Соның бәрі жүрегінде, көз алдында қалып қалды.
Біз сөз етіп отырған Нұрбол Әлиев мектеп бітірген соң асқақ арманының құшағында Алматы қаласына келіп, Қазақ ауылшаруашылық институтына құжаттарын тапсырды. Аталған оқу орнын орман шаруашылығының инженері мамандығы бойынша жақсы бітіріп шықты. Алғашқы еңбек жолы да бір ғана мекемеде Нарынқол орман шаруашылығында басталды. Алғаш Шалкөде орманшылығында орман шебері, одан соң Шалкөде орманшылығының орманшысы болып еңбек етті. Білімді, білікті азамат көп ұзамай Нарынқол орман-аңшылық мекемесінде бас орманшы болды. Аталған мекеме директорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2007 жылдан бері қарай Нарынқол орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры болып жемісті, абыройлы жұмыс істеп келеді.
Нұрбол басқаратын мекеменің қарамағында 194066 гектар жер бар. Оның ішінде орман-тоғайлы алқаптың өзі 62041 гектарды құрайды. Бұл шын мәнінде аз байлық, аз дүние емес. Келешек ұрпаққа мұра болып қалар қарағайлы, аршалы, қайың, талды, бозқарағанды өңір. Отанымыздың байлығы, өлкеміздің мәні мен сәні саналатын өсімдік әлемінің бәрі Нарынқол орман шаруашылығы мекемесінің бақылауында. Орман-тоғайдың күзеті әр айналымдар бойынша жасалған бақылау сызбасы арқылы жүзеге асырылып келеді. Мекемеде Шалкөде, Байынқол, Текес, Ойқарағай секілді 6 орманшылық бар. Оларда 6 орманшы, 8 орман шебері, 48 орман күтушісі еңбек етеді. Орманшыларға барлық жағдай жасалған. Таулы, сай-салалы, қарағайлы, бұлақты, құрақты өңірлерде 32 орман күтушінің үйі бар. Орманшылар қауымы 50 атпен қамтамасыз етілген. Дәл қазіргі таңда мекеме бойынша 28 тұрақты, 6 автокөліктік, 82 қозғалмалы радиостансы жұмыс істейді. Орман шаруашылығы 100 пайыз рациямен қамтамасыз етілген. Орман күтушілердің тұрғынжайларында электр жарығы бар.
Орманшылардың басты мақсаты – орманды өрттен қорғау, оның алдын алу. Мекемеде осы мақсатта 2 өрт сөндіру стансысы жұмыс істейді. Орманды өрттен қорғау көктемнен қысқа дейін созылады. Нұрбол бастаған орманшылар ұжымы орманды өрттен қорғап қана қоймайды. Жыл сайын Шренк шыршасының көшетімен орманның көлемін ұлғайтып отырады. Өткен жылдың ауқымында 21 гектар жерге көшет отырғызылды. Биылғы жылы да осы көлемде шырша көшетін отырғызу жоспарланып отыр. Көшет тұқымнан нәр алып, бой түзеп өсетіні белгілі. Өткен жылы 78 кг орман тұқымы, 69 кг Шренк шыршасының тұқымы, 9 кг қайың ағашының тұқымы жиналды. Оның сыртында мекеменің жанындағы жылыжайда әртүрлі гүлдер өсіріліп келеді. Мекеменің тұқымбағы бар. Плантация күтімге алынған. Нұрбол басқаратын мекеме өздерінің есепшоттарына өткен жылы түрлі-түрлі көрсетілетін қызметтен 10 миллион теңге қаражат түсірген. Олар өңірдегі қамқорлықты қажет ететін 10 отбасын, 1 жалғызбасты қарияны отынмен қамтамасыз етіп келеді. Орманшылар қауымы ауданның жақсылықтарынан сырт қалған емес. Әсіресе, өз алдына қайта қалпына келген Райымбек ауданының орталығын көгалдандыруға көшеттерімен де, адам күшімен де елеулі үлестерін қосуда. Облыстық, аудандық газеттердің тұрақты оқырмандары. Олар биыл өздерінің арнайы есепшоттарына 12 миллион теңге қаражат түсіруді жоспарлап отыр. Жыл ауқымында озат орманшыларға сыйақы беріп отырады. Мекеменің материалдық-техникалық базасы жақсы деңгейде. Алты орманшылықта қызметтік 6 автокөлік бар. Екі өрт сөндіретін автокөлік, қосалқы тіркемелерімен 3 «МТЗ-82» тракторы, 1 «ДТ – 75» тракторы, 1 «ЗИЛ-131» автокөлігі жұмыс істеп тұр. Былтыр мекемеге 1 КІА, 1 «УАЗ» автокөлігі берілді. Өткен жылы Нарынқол аймағы бойынша мектеп оқушыларынан 10 орманшылық құрылыпты. 133 оқушы мүше болып қабылданып, өздеріне тиісті жұмыстарын жүргізген. Жас орманшылар орманды өрттен қорғауда, өз бетімен заңсыз ағаш кесушілерге тосқауыл қоюда орманшыларға үлкен көмек көрсетіп келеді.
– Туған өлкемнен айналайын! Кеудесін Хантәңірі шыңы ажарлаған, Шалкөде, Шұбартал, Көккемер, Лабасы, Ойқарағай, Байынқол секілді тамаша жерлері көркін ашқан ғажайып жерімнің күні нұрлы, кеші керім, түні жұмақ дерсің. Ішсең өзегіңді ашатын мөлдір бұлақтарын айтсаңызшы?! Емдік қасиетіне толы мың түрлі шөбі тынысыңды ашып қана қоймайды, жаныңды жадыратып, жүрегіңе шуағын сыйлап тұрады. Самал желмен баяу ғана тербетіліп тұратын неше түрлі қырмызы гүлдерін көзбен көру ғана керек. Осынау батыр бабаларымыз білек күшімен, найза ұшымен қорғап, аманаттап кеткен қастерлі де қасиетті өлкенің әр бұтағы, әр талына қорған болып, ұрпақтың нәсіп етуіне үлесімізді қоссақ, арман-мақсатымыздың орындалғаны, – дейді Нарынқол орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрбол Әлиев.
Нұрболдай азамат туған өлкесінің тамаша табиғат әлеміне қорған болып қана жүрген жоқ. Туған ел-жұртының қалаулысына айналып, халқының қызметшісі де болып келеді. Ол Райымбек аудандық мәслихатының 3 шақырылымында №14 Шалкөде сайлау округінен, Райымбек аудандық мәслихатының 4 шақырылымында №16 Сүмбе сайлау округінен, 5 шақырылымында Сарыбастау сайлау округінен аудандық мәслихаттың депутаты болды. Халық қалаулысы ретінде ел мен жердің түйінді мәселелерін көтеріп, аудан тарапынан назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуіне негіз қалап отырды. Орманды қорғау мен көшетімен көбейтуге бағытталған ерен еңбектері орнымен бағаланып жүр. Облыстық басқарма, аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы тарапынан Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2012 жылы өзінің саласы бойынша «Жыл адамы» атанды. ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік медальға ие болды.
Нұрбол Нарынқол ауылындағы өнегелі отбасының иесі. Зайыбы Тұрсынай Атыханова Т. Жанұзақов атындағы орта мектептің озат ұстаздарының бірі. Шәкірттеріне математика пәнінен сабақ беріп келеді. Нұрбол мен Тұрсынай мынау жарық дүниеге 2 ұл, 2 қыз әкелді. Қазір қара шаңырақ иелері немерелерін айналып, толғанып жүр. Ерлі-зайыпты жандар тәуелсіз Отанымыздың тірегі мен тілеуі болар, халқына қызмет етер ұрпағының әр аттаған қадамына қуанып, жандарын жадыратып, көңілдерін көркейтіп отырады.
Күн жадырап, көктем шықса бітті Нұрбол бастаған орманшылардың жоспарлы, қауырт жұмыстары басталып кетеді. Орман алқабын шырша көшетімен көркейту, орманды өрттен қорғауға қатысты сан қырлы істер, үгіт-насихат жұмыстары белең алады. Қарағайы, аршасын, қайыңы мен тал-терегін жаны мен соғып тұрған жүрегіндей көретін Нұрболдың да шаруасы көбейе түседі. Жүрдек көлігімен табиғат әлемін аралай орманшылықтардың жұмысын көреді. Орман күтушілердің жағдайымен танысады. Орманшылармен бірлесе алдағы істерін таразылап, саралап, салмақтап отырады. Өңірдің әсем көркі, сыңғырлай аққан бұлағы, саумал самалы жанын жадыратып, әр күнгі ісіне құлшынысын арттырып, дем беріп отырады. Өмірдің бақыты, еңбектің қуанышы осы болар.
Қанат БІРЖАНСАЛ





