Жаркент өңіріндегі елді мекендердің асфальтталмаған көшелеріне жүргізілген жөндеу жұмысы тұрғындарды қуанышқа кенелтті. Өткен жылы ауылдар мен аудан орталығында көптеген көше жөнделіп, осы үрдіс жалғасын тапты. Биыл Жаркент қаласындағы Қонаев, Жапарқұлов, Головацкий, Сыпатаев көшелерінің тұйықтары ретке келтіріліп, асфальтталды. Қала ішіндегі және өңірдегі көшелерді жөндеу жұмыстарымен «Максжолқұрылысы-21» ЖШС айналысуда.
Ағымдағы жылы Жаркент өңіріндегі жол жөндеу мен жол белгісін орнатуға бюджеттен 471290,0 мың теңге қаржы бөлінді. Осы қаржының 36494,0 мың теңгесі Жаркент қаласындағы Қожбанбет би көшесіне, 94931,0 мың теңгесі Әулиеағаш ауылындағы Елубаев көшесіне жұмсалып, жұмыс толық аяқталды. Сол сияқты Жаркент қаласындағы №1, Алматы, Сыпатаев, Ходжамияров көшелерін күрделі жөндеуге мемлекеттік сараптама қорытындыларының мерзімі өтіп кеткендіктен қайта есептеу жұмысы жүргізілуде. Сарыбел ауылындағы Көбіков, Нұржеке, Бейбітшілік көшелеріне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қомақты қаржы бөлініп, жөндеу жұмысы басталды.
– Ауданымызда автомобиль жолдарына қатысты бірқатар шешімін күткен мәселелер бар. Атап айтсақ, Жаркент қаласындағы ені тар 56 тұйық көшеге ағымдағы жөндеу жұмысына жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға, аудан орталығы мен ауылдардағы көшелерге жол белгісін орнатуға және республикалық маңызы бар Алматы-Көкпекті-Шонжы-Көктал-Қорғас автомобиль жолын орташа жөндеу мен Сарыөзек-Көктал тасжолының Қойбын шатқалындағы сел шайған көпірді жөндеу жұмысына қаржы бөлінбей келеді, – дейді аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арғын Саурықов.
Заман ағымы елді мекендердің инфрақұрылымын озық үлгіде жасауды талап етеді. Бұл үрдістен шегара шебіндегі Панфилов ауданының халқы да қалыс қалып отырған жоқ. Кейінгі жылдары жолдар жөнделумен қатар көшелер жарықтандырылып, өңір тұрғындары табиғи газбен қамтылып, елді мекендерге ауызсу құбырлары тартылып, өңір өркениеті өрістеуде.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы




