Талдықорған: +35°C
$ 467.65
€ 533.26
₽ 5.96
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

ОРАҚТЫ БАТЫР

17.09.2021
КҮЛТӨБЕ
ОРАҚТЫ БАТЫР
WhatsAppTelegramFacebook

Халқымыздың ерте заманнан-ақ қалыптасқан қатпарлы тарихымен қатар елім деген, жерім деген арыстандай айбатты батырлары, көреген көсемдері, от ауызды, орақ тілді шешендері, ақын, жырау, бітіспес дауды бір сөзбен шешкен білікті билері көп болған. Сол үркердей алқаулы шоғырдан жүрегі от, көзі шоқ, Алаштың айтулы арысы Орақты батырды бірден көрер едіңіз.    


ХVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен, қилы кезеңде жауымен алыса жүріп, артында өлмес мұра қалдырып кеткен Қазыбек Тауасарұлының шілтерлі шежіресіне үңілсек, онда мынандай деректер табамыз. 

«…Әшеке ханның көп баласының екі ғана ұлынан – Үйсіл мен Ойсылдан ұрпақ өрбіген. Ойсылдан Сіргелі, Шақшам тарайды. Үйсілден Сақал, Жете тарайды. Сақал жасынан заржақ, өте сөзшең, жұртқа ғақыл айтуға бейім тұратын, билікке де килігіп кететін адам болыпты. Жиыннан қалмайтын, дауға да түсетін кісі екен. Көбіне екі елдің арасындағы даудың бір жағына сұранып кіретін адам болған. Оны заманында Сарсақал да атандырыпты. Өйткені сақалы отқа күйгендей сап-сары екен.

Сақал екі бала көріпті. Оларға ата-бабаларының атын қайталап бірін Ақ (Ақдарлы), бірін Жан (Жандарлы) қойыпты. Ағайын-туған оны ұната алмапты. Сақалдың екі баласын қазақтар Ақсақал, Жансақал деп жүріпті. Кейін тіпті сол әкесінің аты біржола жалғанып, шежіреге әбестеу кірген. Немесе екеуінің атын тамғасымен атап Абақ, Тарақ (абақ тамғалы, тарақ тамғалы) деп те атаған. 

Осы жерде Жанның балалары жөнінде бір дерек айта кету керек. Жан баласы Мерке – Жалайыр. Туғанда арқасында кәдімгідей екі жағына жарылған жалы болған деседі. Сондықтан атын Жалайыр деп атап кеткен. Жалайырдан Манақ, одан Орақты, Жазықты, Тарақты деген үш ұл болған. Жазықты, шамасы сапты, яғни сабы бар деген сөзден алынған болар. Кейбір бізге дейінгі шежірелерде Жансақалдан Сырманақ, Шуманақ деп екіге бөледі және оны басқалары да көрсетеді. Бұл – әбес пікір. Бұл – тұрған мекеніне қарай айтылған сөз. Орақтыдан тоғыз бала, Жазықтыдан үш бала, міне, осыдан келіп он екі ата Жалайыр шығады. Ал Тарақты тұқымы осыдан төрт жүз жылдай бұрын Арқаға, Сырға екіге бөлініп көшіп, сол жерлерді мекендеп қалған. Ал Жалайыр Орақты Әбілқайыр ханның тарақтыдан шыққан Мөнді биді «екі көзімнің бірі, егізімнің сыңары» деп, үнемі оң тізесіне отырғызған», – дейді Қазыбек Тауасарұлы. Осылайша Жалайыр туралы біраз құнды деректерді алдық, Орақты батырдың қайдан шыққанын білдік. Сөзіміз дәлелді де дәйекті болу үшін Қазыбек ақсақал келтірген екінші бір дерекке үңілсек: «Бұл кітапқа қатысы жоқ болса да, осы жерде Шыңғыс туралы бірер ауыз сөзді кейінгі ұрпаққа тастай кетелік. 

Темір де Жалайыр (Мерке) тайпасынан шыққан. Оның аталары Жалайырдан – Орақты, оның ішінде Андастан тарайтын. Жанның баласы Меркенің (Жалайырдың шын аты) Шыңғыс хан-Темір – жиырма бесінші ұрпағы. Шыңғыстың (Темірдің) шешесі Өлең үйінде Есугейден жүкті болып, әкесі қоңырат Асау оны қуып жіберген. Екіқабат Өлең қаңғып жүріп Есукейді тапқан. Есукей аса батыр адам болған. Темірдің (Шыңғыстың) атасы былай келеді: Меркенің (Жалайырдың) баласы Манақ, одан – Орақты, одан – Андас, одан – Ор, одан – Онтұр, одан – Бәкір, одан – Ұзық, одан – Тор, одан – Көк, одан – Бөгде, одан – Қара, одан – Бұрық, одан – Шамшы, одан – Тілеуберді, одан – Қашау, одан – Досан, одан – Тұрымтай (атақты шешен болған), одан – Тұмағұл, одан – Дін, одан – Баян, одан – Есукей. Есукейдің әйелі Өлең Қоңырат ішінде Көктің ұлы дейтін атаның қызы еді. Темірдің (Шыңғыстың) әкесі Есукей ерте өліп, оның шешесі Өлең Қоңыраттың белгілі биі Меңлекеге тиген-ді. Өлеңнің Меңлекеден туған он ұлы Темірді бөлектеп шыдатпаған. Сонан соң ол олардан безіп, қайта Жалайыр ішіне қашып кетті. Шыңғыстың, жалпы төрелердің тарақ таңбалы болуы да осыдан еді», – деп жазады Қазыбек ақсақал. 

Қазыбек бектің тарихи кітабынан алынған екі бірдей деректе де Орақты батырдың есімі жүр, бұл да дұрыс шығар, бірақ бізге керегі екінші әңгімедегі қазақ ханы Жәнібекпен замандас болған Орақты батыр. Орақты батырдың тікелей ұрпағы болып келетін қазақтың белгілі жазушысы, журналист, фольклорист, өлкетанушы, кезінде Жалайырдың он сегізінші ғасырда ғұмыр кешкен атақты төрт биі туралы танымды деректермен өрнектелген тарихи кітаптар жазған Ораз Исмаилов болатын. 

Ораз Исмаилов Орақты батыр туралы былай деп жазады: «Орақты батыр ХV ғасырда өмір сүрген, қол бастаған батыр. Керей мен Жәнібек хандардың тұстасы, 1465-ші жылы шаңырақ көтерген қазақ хандығының нығаюына үлкен үлес қосқан. Осы ретте сөзім дәлелді болу үшін ел аузында қалған әңгімені келтіре кетейін. Қазақ хандығы енді құрылып жатқанда, Керей мен Жәнібек алты Алаштың игі-жақсыларының басын қосып, жиын өткізіп жатқанда, дұшпан жағадан, жау етектен алған заманда, іргелі билер не айтарын білмей, жүздерін төмен тұқыртып отырғанда, Орақты батыр Ұлы жүздің ноқта ағасы ретінде: «Аға баласы Жалайыр қашанда Үйсін елінің өтінде жүрген, мұндағы Моғол бектері басынып, тізесін батырғанда, іштеріңнен белсеніп шығатын кім бар? Тағы да Жалайыр! Кешегі аузы алты қарыс Ақсақ Темірге қарсы тұра білген кім? Тағы да Жалайыр емес пе еді! Жалайыр жау үшін жаралған, түгел аттанамыз!» – дейді. Ұлы батырдың алты Алаштың игі-жақсыларының жігерін жанып, серпін беру үшін оқталып, шоқтанып айтқан мына сөздерінде қаншама астарлы мағына, қаншама рух пен күш жатыр десеңші! 

Демограф ғалымдардың есебі бойынша, әр ғасырда үш ұрпақ өмір сүреді. Демек, Орақты батырдан тараған он жеті ұрпақ, шамамен 1420 жылға келеді, яғни Әлшағырұлы Орақты батырдың туған мерзімі осы уақытқа келеді. Енді осыған ширек ғасырды қоссаңыз, бұрынғы Дешті Қыпшақтағы Ақ Орданың алтын тағына көтерілген Дәулетқожаұлы Әбілқайырдың билікке қол жеткізген кезеңімен дөп келеді. «1446 жылы Әбілқайыр хан Сырдария бойындағы сауда мен қолөнердің орталығы болған стратегиялық қалаларды – Аққорған, Сауран, Созақ шаһарларын басып алып, Моғолстанға батыс жақтан қауіп төндірсе, шығыс жақтан 1456-1457 жылдары ойрат, жоңғар әскерін басқарған феодал ақсүйектері Шу алқабы арқылы Сырдария бойындағы қалың елге баса-көктеп кіріп, Сығанақ түбіндегі Әбілқайыр ханның әскерін талқандады», – деп жазады қазақ тарихшылары. Міне, осынау жойқын шайқас, ғаламат қырғын, қалың жұрт ойсыраған жеңілістен кейін, Орақты батырдың ойраттарға қаны қарайған. «Шығасыға иесі басшы» дегендей, жеңіліске белгілі дәрежеде Әбілқайыр ханның өзі себепкер болғандықтан да Орақты батыр бұдан былайғы ғұмырын одан аулақтау өткізуді жөн көрді және мұның ішкі ойы алдамады. 1456 жылы бұрынғы Орыс ханның немерелері Керей мен Жәнібек тағдырдың жазуымен, хижраның 864 жылының (Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдан тараған) билеп тұрған Моғолстан аумағының негізгі құрамы болып табылатын Жетісуға жетіп, қосын тігеді. Ол кезде, ХV ғасырда батыста Талас пен Шу, солтүстік-шығыста Ертіс пен Емілге дейін созылған ұлан-ғайыр аймақ Моғолстан деп аталатын. Солтүстікте Моғолстан шекарасы Әбілқайыр мемлекетімен шектесіп, Көкше теңізге (ХVІІІ ғасырдан Балқаш көлі) дейін созылатын оңтүстіктегі құрамына Қашқария да кіретін. Моғолстан – парсы тілінде «Моғолдар елі» деген ұғымды білдірсе, ал «моғол» деп бұрынғы Шағатай ұлысының шығыс бөлігі билеушілерінің қуатты әскерін құрайтын көшпенділерді, яғни Жалайырларды атаған. Ол жылдарда моғолдардың жоғарғы билеушісі Есенбұға хан Керей мен Жәнібекті, сонымен қатар Жошы әулетінен тарайтын басқа да сұлтандарды қошеметпен қарсы алып, Моғолстанның батысындағы Шу мен Қозыбасы өңірінен қоныс береді. Есенбұға ханмен қатар бүткіл Үйсін-Жалайыр жұртының ноқта ағасы, жоғарыда айтқандай Үйсін жұртының жау шапса да, шешілмес дау туса да соның өтінде тұратын Орақты батыр да болды. Мұның басты себебіне тоқтала кетейік.     

Біріншіден, әйгілі орыс тарихшысы А.И. Левшиннің (1797-1879) ХVІ ғасырда Қыпшақ пен Жете даласын Дадан хан билеген моғолдар мен қазақтар мекендейді деп жазғанына қарағанда сол дәуірде қазақ даласы емес, Дешті Қыпшақ (чете немесе жете, жалайыр) даласы аталған секілді. Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің белгілі шығармасы «Тарихи Рашидиде» «жете» атауына түсінік беріп: «жете дегеніміз – Моғолстан» дейді. Олай болса, қазақ халқының негізін қалаған тайпалардың бірі моғол-жалайырлар – түркі халықтарының бір тармағы. Сондықтан да Шыңғысхан құрған Еке Моғол ұлысы, Үндістанда бой көтерген «Ұлы Моғол империясы», Жетісу мен Қашқарияда құрылған Моғолстан, Моғол мемлекеті атауының түбірі бір екендігі байқалады. 

Екіншіден, Тарбағатай тауының батыс жағынан бастап, Ташкентке дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр даланы мекендеп жатқан қалың Үйсін жұртының күйін күйттеп, қиын да күрделі кезеңдерде қорғап жел өтінде жүрген Жалайырлардың беделі әркезде үстем болып, Ұлы жүздің ноқта ағасы атанды. «Ұлы жүздің ноқта ағасы – Жалайыр, Кіші жүздің ақылдысы – Жаппас» деген сөз тарих қойнауынан бекерден-бекер шыққан жоқ. Күні қазірге дейін Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында аты дүйім елге танымал қадірменді адамдарына ас нәзірін берген уақытта бата жасатарда, дүркірете той тойлағанда жиналған жұрттан «іштеріңде Орақты бар ма?» деп бірінші кезекте сұрайды. Орақты болмаса, Жалайырдың басқа баласы бата береді, аталы сөзін айтады, алқалы топты жарып төрде отырады. 

Үшіншіден, тарихтан белгілі, сонау Қарахан дәуірінен белгілі, осы аттас мемлекет ыдыраған соң орнына Жалайырлардан шыққан мұрагерлері, мысалға аты мәшһүр Қадырғали Жалайырдың аталары билікке келді. Есімі бар әлемді күркіреткен Шыңғыс ханның бас батыры Мұқали Жалайыр ұлы қағанның қолынан гоован деген жоғары атақ алып, Аспан асты мемлекетін билесе, Хулағу ханмен бірге жүрген оның басты нояны Тай-Йесур Жалайыр Әзірбайжан, Армения, Грузияны басып өтіп, Иран, Ирак, Шам елдеріне барып билік жүргізді. Кейіннен келе осы Тай-Йесурдың тікелей ұрпағы Елхан Ұзын Хасан Бұзырық Жалайыр Иракта Жалайыр мемлекетін орнатып, өзі бастап, ұрпақтары қостап бұл елді 150 жыл, Ақсақ Темір келгенше биледі. Кезінде Жетісуды Кебек-Темір Жалайыр билеп, Ақсақ Темірге мойысұнбаған тұста, айлалы Әмір өз қолының астындағы жалайырларға оның басын шауып әкеліңдер деп бұйрық берді. Жалайырлар болса Кебек Темірге барып келісім жүргізіп қайтқанда, істің осымен шешілерін іштей білген Әмір Темір оларды Іле өзенінің бойынан қарсы алып, жусандай жусатып тастады. Тектіден текті туады дегендей, Керей мен Жәнібек хандардың тұсында Шағатай ханның тікелей ұрпағы Есенбұғаның басты батыры, Аягөз бен Ташкенттің арасын мекен еткен Үйсін елінің бас көтерер ноқта ағасы осы Орақты деген ер болды. 

Әбілқайыр ханнан безініп, қай жерге барып ту тігіп орда құрсам деп мың ойланып, жүз толғанып, қастарында Асан Қайғы, Қара Қыпшақ Қобыланды сынды серіктері бар Керей хан мен Жәнібек тығырыққа тірелген тұста алдарынан шығып, Іле бойында, өз ордасында отырған Есенбұға ханның алдына туыстық ниетпен алып келген де осы Орақты батыр болатын. Енді осы бір қымқуыт қиын заманға біршама тоқтала кетейік. Белгілі ғалым, көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің еңбегіне жүгінсек, ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында ту көтерген ежелгі түрік жұртының қыпшақ тектес руларын біріктірген ұлы мемлекетіміз Алтын Орданың саяси және әкімшілік құрылымы қарауындағы халықтың шаруашылық жағдайына, жер ыңғайына орай қалыптасқан болатын. Алтайдың түкті сауырынан Дунайдың суға бөгіп жатқан етегіне дейінгі кең-байтақ жерді – жарым дүниені алып жатқан мемлекеттің еуропалық бөлігі оң қанат, ал азиялық бөлігі сол қанат деп есептелді. Оң қанат Ақ орда, сол қанат Көк Орда деп аталды. Бұл арада көне түрік тілінде ақ сөзі – батыс, көк сөзі – шығыс дейтін мағына беретінін айта кету керек. Алтын Орданың Шығыс бөлігі, яғни Көк Орда негізінен қазіргі Қазақстан Республикасының территориясын қамтиды. 

1357 жылы Алтын Орданың ұлы ханы Жәнібек өлген соң елдің саяси жағдайы қиындайды, аумалы-төкпелі, бұлғақ кезең туады. Бұл хан өмірден өте салысымен-ақ, кезінде Алтын Орданың негізін салған Бату ханның тұқымы құриды, Жошыдан тараған басқа әулеттер ішінде таққа талас басталады. Арада біраз жылдар өткен соң ыдырау дәуіріне көшкен Алтын Орданың шығыс бөлігінде де елдің қабағы бұзылып, жұрттың берекесі кетеді. Билікке ұмтылған сұлтандардың әрқайсысы өзінше шағын хандық құруға тырысқанымен, солардың ішінде Жошының тағы бір ұлы Шибан әулетінен шыққан Әбілқайыр ханның бағы көтеріледі. 

Уақыт оза келе саяси күрес оттай өршіп, ашық жауласуға ұласқанда, кеше ғана Көк Ордада тежеусіз билік құрған Орыс ханның ұрпақтары Керей және Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр билігінен бас тартады да, соңынан ерген барлық жұртымен қотарыла көшіп, Жалайырдың Шуманақ руы орналасқан бүкіл Үйсін-Дулаттың бас көтерер тұлғасы болған Орақты батырдың жері Қозы-Басы дейтін байтақ қоныс пен Шу өзенінің бойында дербес хандықтың туын көтеріп, бұл жаңа ұлыс Қазақ Ордасы деп аталды. Керей мен Жәнібектің осы Шу өңіріне келіп жаңа мемлекеттің іргетасын көтеруінің өзінде бірнеше тарихи себептер де бар болатын. Осы айтулы екі тұлға біріншіден Ташкенттен Іле аймағына дейін, оңтүстіктегі Қашғардан Тарбағатай тауларына қарай созылып жатқан кең байтақ, ұлан-ғайыр Моғолстан мемлекетінің ұлы ханы Орада Еженнің рұқсатымен келсе,екінші бір маңызды тағы бір себебі, жаңағы айтқан Ташкент пен Іле аралығын емін-еркін жайлап жатқан Үйсін-Дулаттың басты батыры, кезінде Шыңғысханның сеніміне кірген айбарлы жалайырлардың тікелей ұрпағы Орақты батырға арқа сүйеді. Өйткені, осы Орақты батыр өзінің беделімен Керей мен Жәнібектің және ұлы Моғолстан билеушісі Орда Еженнің арасындағы сенімді көпірі бола білді.     Керей мен Жәнібектің Қазақ болып жеке бөлінгенін естіп, ашуға мінген Әбілқайыр хан, осы бір қауымды елді жапырып, таптап өту үшін қолдағы бар күші жетпегендіктен, өзіне қараған бүкіл ұлысына сауын айтып, әскер жинай бастайды. Еділ дарияның жағасында қара жерді солқылдатқан қалың қол түзеп, 1468 жылы Қазақ Ордасына қарай аттанады. 

Мұхтар Мағауиннің пайымдауынша, сол замандағы Әбілқайырға, бүкіл Шибан әулетіне бүйрегі бұрған тарихшылардың айтуына қарағанда, ауыр әскер қазақ қоныстарының шетіне тақап, Алатаудың сілемдері көрінген кезде, мезгілсіз уақытта, күтпеген жерден суық соғады, жорықшылар бөгелуге, күннің жылынуын күтуге мәжбүр болады. Салқын ызғары азайып, әскер алға жылжымақ болғанда, тағы да бір суық ұрады. Қалың қол амалсыз іркіледі, бірақ жорықты жалғастырудың сәті түспейді. Ақыры осы арада аяқ асты ауыр сырқатқа шалдыққан Әбілқайыр хан қайтыс болып кетеді. 

Бұл жерде Мұхтар Мағауинге тағы бір сүйенсек, біздің бүкіл тарихымыз жаулас елдердің, жау болмаған күннің өзінде жат жұрт өкілдерінің қолымен жазылған. Аңдап қарасақ, Әбілқайыр ханның жорық жолында бөгелуін күннің суығымен ғана түсіндіру қисынға келмейді. Ол заманда қара суық түгілі, қақаған қыстың өзі қанды жорыққа, қырғын соғыстарға бөгесін бола алмаған. Әбілқайырдың межелі жер шегіне жетер-жетпестен еріксіз аялдауының жалғыз-ақ себебі болды дер едік. Ол – қарауындағы әскердің қазақ болып бөлінген жұртты шабуға үзілді-кесілді қарсылығы. Өйткені, Керей мен Жәнібектің туы астындағы жұрт пен Әбілқайыр туының астындағы жұрт – бір халық еді, бәрі де Алаш ұлы, кейінгі үш арыстың баласы. 

Шынымен де солай шықты. Әбілқайыр хан өлісімен, соңындағы әскер тарқап кетеді. Бұрынғы әміршісіне адал болған шонжарлардың бір тобы Әбілқайырдың ұлы Шейх-Хайдарды хан көтергенмен де ол көп ұзамай, қазақтармен қақтығыста қаза табады. Сөйтіп, алғаш рет ту көтергеннен соң арада бір мүшел өтер-өтпестен Керей мен Жәнібек ата жұртына түгелдей ие болады. 

Қазақ Ордасы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігі Көк Орда жерінде біржола орнап, ежелден келе жатқан ата мекенінде отырған түрік-қыпшақ рулары енді бұдан былай қазақ деген есімге ие болды. Осы қазақ ордасын Жәнібектің бел баласы Қасым хан ешбір елдермен соғыспай, бейбіт өмір сүріп билеген тұста алты Алаш баласының басына құт қонды, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді. Қазақ Ордасындағы халықтың ұзын саны миллионнан асты. Ол заманда жұрты миллионнан асқан ел некен-саяқ болатын.  Қазақ Ордасының құрылуы, осының нәтижесінде қазақ аталатын халықтың тарих сахнасына шығуы – бір жұрттың екінші жұртты жаулауының, белгілі бір тайпалардың, жаңа қонысқа келіп, жаңа патшалық орнатуының нәтижесінде жүзеге асқан іс емес, бұл – тілі бір, түрі, діні бір, ата-салты ортақ рулардың, яғни этникалық тұрғыдан алғанда, біршама қалыптасқан қауымның жаңғырған орда құрамында қайтадан топтасуы болатын.     

Қазақ халқын бейбіт заманда Қасым хан билеп тұрғанда өз ордасын жалайырлар жиі шоғырланған Шу мен Қаратал өзендерінің бойына орналастырып, үш жүздің баласының басын біріктіріп,үлкен құрылтай ұйымдастырады. Бұл жайында Мұхамеджан Тынышбаев, Асфендияров сияқты қазақтың біртуар ұлдарымен замандас болып, Санкт-Петербургте жоғары білім алған, Мемлекеттік Думаның депутаты, қазақтың мемлекет әрі қоғам қайраткері атанған Жақып Ақбаев Семей мемлекеттік географиялық қоғамында 1927 жылдың 23 қаңтарында «Қазақ халқының шығу тегі туралы» тақырыпта жасаған баяндамасында былай дейді:« Қасым ханның шақыруымен бірінші Қазақ құрылтай съезіне үшаумақтық топтан 300 депутат – Үш Жүз немесе Дүз (үш жүз немесе үш жүздік) жиналды (Шағатай ұрпақтары Ұлысынан – 100 делегат, Өзбек ұлысынан –100 делегат және Ноғайлы ұлысынан – 100 делегат). Съезге Қасым хан басшылық еткеніне күмән жоқ. 

Осы бүкілқазақтық съезге бірінші Моғолстан тобынан негізінен ел ағасы халық қадірлейтін, жасы жеткен ақылгөй «ақсақалдар» қатысқан (сенаторлар латынның сенекс – қарт деген сөзінен шыққан). Өз тобында да, бүкіл съезде де жасы жөнінен ең үлкені Жалайыр тобының делегаты болған. Екінші, Өзбекстан тобында жасы жөнінен үлкені Тарақтыдан келген депутат та үшінші Ноғайлы тобының барлық депутаттарынан үлкен болған. Алшын тобынан жасы жөнінен үлкені Әлімұлының депутаты болған, (Қаракесек тармағынан шыққан болуы ықтимал). Осы съезде «Қазақ» деген атаумен біртұтатас халықтың және «Үш жүздің балалары» (Үш жүз немесе Дүз) үш бірліктің саяси одағының құрылуы бекітілді. Үш бірліктен тұратын қазақ халқы мен үш бірліктен тұратын Үш Жүз саяси одағының құрылу құрметіне барлық үш жүздегі жасы үлкені ретінде бірінші (Моғолстан) тобының депутаты Жалайыр руының делегаты қолын алға созып, алақанын жайып тұрып салтанатты түрде «Бата» жасаған. Екінші Өзбекстан тобының Тарақтылық депутаты маңдайында ай сияқты қасқасы бар көк аттың («Көк қасқа ат» шылбыры жүн мен аттың қылынан есілген) «Ноқтасынан» ұстап тұрған. Ал үшінші Ноғайлы тобының Әлімұлы делегаты жығылған көк аттың басын көтеріп тұрып, оның мойынын Айға қарай бұрып бауыздаған да қанын астау деген бір ыдысқа ағызған. Қазақтың үш бірліктен тұратын саяси одағы – Үш жүздің құрметіне тұңғыш рет бүкіл халық болып салтанатты түрде ант бергеннен кейін Қасым хан мен үш Ноқта ағасы бастаған барлық депутаттар тас-түйін бекінген күйде астау жанына келіп, бас бармақтарының ұшын қанға малып, «Бата бұзған қанға батсын»,  «Антты бұзушылар қанға тұншықсын»  (немесе қанға бөксін) деп ант беріскен. «Көк қасқа ат» деген сөз жай ғана алына салмаған. «Көк» дегеніміз аспан, қасқа – Ай (түркі халықтарының құдайы), ат – байлықтың белгісі, қорғану мен құтылудың құралы. Қан – рух пен өмір белгісі. Біздің бабаларымыздың, оның үстіне басқа халықтардың да ұғымында өмір нәрі қан болып табылады: қаннан айырылу – өмірден айырылу деген сөз. Маңдайында қасқасы бар көк атты құрбандыққа шала отырып, бабаларымыз сол арқылы құдайға – «Аспандағы Айға» табынып, өздерінің «қазақ» халқына және үш бірліктен тұратын Үш жүз одағына адал болуда берген антын бекітуді сұраған. Нақ сол жылы Моғолстанның жүздігін – үлкен жүздік – «Ұлы жүз», Өзбекстанның жүздігін – орта жүздік – «Орта жүз» және Ноғайлының жүздігін – «Кіші жүз» деп санау бекітілген. Бұл орайда негізінен делегаттардың жасы, саяси салмағы, моральдық ықпалы, ішкі және ұлысаралық жағдайы ескерілген. Бұл арада Қаңлылардың тек бірінші топта немесе жүздікте бола алатынын, ал бірінші топ – Шағатай ұрпағының бодандары екенін және бүкіл назар тұрақты байланысты орнықтыру үшін осы топқа аударылуға тиіс екенін ескерту керек. 

Бата жасаушыларды Ноқта ағасы – қой жүні мен қылшықтан есілген шылбыр ұстаушы аға деп атайды. Аға – жасы үлкен адам, ноқта – сауған кезде биеден ажыратылатын құлынды байлайтын бас жіп. Жалайырлар соңғы уақытқа дейін жаназаларда, салтанатты жағдайларда құрметті орынға жайғаса отырып, бата жасап келген. Тарақтылар да ноқта ағасы деп саналып, Әлімұлы сияқты өздерінің құрметті міндетін мұқият орындап отырған. Ақсақалдардың осы бір ерекше пұрсаттылығы халықтың психологиясынан ішінара шығып барады, бірақ солай бола тұрса да, жаназалар мен салтанатты жерлерде ақсақалдар (сенаторлар) құрметті орынға отырғызылады, олар күні кешеге дейін өз отандастарының зор сый-құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленіп келді. 

Тынышбаевтың пікірінше, Жүздер немесе Ордалар (ескі түрікше қамал) тым ертеде, Бату хан кезінде пайда болған. Жошының үлкен ұлы Орда Ежен үлкен тармақ ретінде Ұлыстың Ақ Орда деп аталатын үлкен шығыс бөлігін иеленген, оған жалайыр, қаңлы рулары, басқа да ұсақ рулар (айтар болсақ, Өзбекияға кетіп қалған дүрмендер) кірген – бұл үлкен орда. Тарихшы Тынышбаевтың пікірінше, Ұлы Ордаға үйсіндердің кеш енуіне байланысты, Үйсіндер Ұлы Ордадағы басқа рулармен салыстырғанда санының көп болуына қарамастан (бүкіл Ұлы Орданың төрттен үш бөлігі), Жалайырлардан төменірек саналады. Тойлар мен жаназаларда Ұлы Ордалықтарда Жалайырлар бәрінен жоғары отырады. Үлкендік белгісімен бас пен жамбас соларға тартылады. Саяси үлкендіктің немесе басымдықтың жөні бір бөлек, қарттарды сыйлау мен құрметтеудің жөні бір бөлек. Жүздіктің, одақтың құрылуы кезіндегі сияқты, үш бірліктен тұратын Үш жүз одағының құрылуы кезінде де бата жасаушылар «Ноқта ағасы» деп аталады. Нақ сол Жалайырлардың, Тарақтылар мен Әлімұлылардың Ноқта ағасы, басқаша айтқанда, қой жүні мен аттың қылынан есілген шылбыр ұстаған аға деп аталуы өздерінің жүздік одағы ішінде де үш жүздігі – Үш жүзі бар, үш бірліктен тұратын Қазақ екенін көрсетеді. 

Қасым хан тұсында «Қазақстанның халқы бір миллионға дейін, ал атты армия 300000 адамға дейін жетті». 

Біз сөз қылып отырған Орақты батыр Әбілқайыр ханның қолбасшысы Қобыланды, Орыс ханның немерелері Керей хан мен Жәнібек сұлтан, Моғолстанның ханы Есенбұға, шапқыншыл ойрат – Амансажымен замандас бола отырып, әбден қартайған тұста, яғни Қасым хан билікке келген кезеңде Ұлы Құрылтайға делегат болып қатысып, үлкен құрметке бөленіп Ұлы жүздің ноқта ағасы атанады. Орақты батырдың ұрпақтары бабаларының зиратын ұзақ жылдар іздеп жүріп, қазақ хандығының іргетасы қаланып, шаңырағы көтерілген Шу өзені бойындағы Қозыбастан жүз шақырымдай шығыста жатқан Іле сағасындағы Майкөл тұсынан тапты. Ол ғасырлар бойы Орақтытөбе аталынып келген. Алматы облысының Құрметті азаматы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Бегімбетов басқарып, бүкіл ұрпақтары қатысып, 1995 жылы маусым айының 24-і күні Жетісудың ақ мәрмәрынан зәулім ескерткіш орнатты. Дүбірлі тойға алыстан ат арытып келген қонақтары: «Ой, жарықтық-ай, көрер көзден алыс, құстың қанаты талатын, ит арқасы алыста, қалың құмның ортасында қалған екен ғой!» деп таңғалысты. Кезінде осы тарихи мекенмен Ташкент пен Түркістанды, Шу мен Ілені, Балқаш пен Алакөлді тікелей басып, оңтүстік пен шығысты, солтүстік пен Жетісуды байланыстырып отыратын Хан жолы өткенін, Орақты батырдың жатқан жері нағыз тоғыз жолдың торабы болғанын, осынау құм да болса киелі аймақпен Төле би мен Абылай ханның талай жүргенін бұл пақырлар қайдан білсін?! 

Моғолстан мемлекетінің басты батыры, Үйсіннің аршындысы Әлшағырұлы Орақтыны осы ұлан-ғайыр аймақтың қалың жұрты әлі күнге дейін сыйлайды, құрметтейді және де бұл ұлы үрдіс Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында осы кезеңге дейін сақталған. Бұл жақтың қалың жұрты той жасаса, тойды орақтының баласына бастатады, ас берсе, асқа батаны орақтының баласына бергіздіреді, ал егер орақты болмаса, Жалайырдың басқа баласына ұсынады.     
Кезінде Қытайды басқарған Мұқалидың, Хулагудың ұрпақтарынан соң, Бағдатта Жалайыр мемлекетін орнатқан Ұзын Хасан Жалайырдың даңқты жолын жалғастырған Орақты батырдың асқақ рухы қазақ жастарының өн бойына қуат береді, жүрегіне от түсіреді, мақтанышқа толы ерекше сезімге бөлейді.

Жұмахан Қожамқұл,  
 Қазақстан Жазушылар одағының
 мүшесі, Қапшағай қаласының 
Құрметті азаматы

 

Қатысты жаңалықтар

Қараталда экологиялық рейд өтті

Қараталда экологиялық рейд өтті

23.07.2026
Құрылтай сайлауы: қоғамдық сенімнің жаңа сынағы

Құрылтай сайлауы: қоғамдық сенімнің жаңа сынағы

23.07.2026
Тестілеудің сұрақтары мен грант уәде етеді: Алаяқтық әрекет туралы ескертілді

Тестілеудің сұрақтары мен грант уәде етеді: Алаяқтық әрекет туралы ескертілді

23.07.2026
Енді мұғалімдерге мерекеде сыйақы берілуі мүмкін

Енді мұғалімдерге мерекеде сыйақы берілуі мүмкін

23.07.2026
Телефон сатып алу ережесі өзгереді

Телефон сатып алу ережесі өзгереді

23.07.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.