Жетісу жерінің аудан, қалаларында мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен 2021 жылдың тамыз-қыркүйек айларында ұлы ойшыл, ақын Абай күніне арналған «Пайда ойлама, ар ойла» атты жиырмадан астам «дөңгелек үстел» өткізілді.
Қатысушыларды ұлы ойшыл, ақын мұрасы арқылы адалдыққа, әділдікке, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен бас тартуға шақыруды мақсат еткен шараларда қазақ халқының ұлы перзентінің қоғамдық сананы түлету, білімнің маңыздылығы, әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі, масылдықтан, жадағай әдеттерден бас тарту керектігі туралы асыл сөздері өзекті екенін және шараға қатысушыларға, жастарға Абай тағылымын таныстыру, баға жетпес рухани мұраның тереңіне бойлату арқылы жаманнан жиренуге үгіттеу жұмысы атқарылды.
Шығармалары баға жетпес құндылық, асыл мұра саналатын Абайдың ойшыл адамды өзінің пендешілік мүддесінен жоғары тұруға, тәжірибесі мен білімін, істеген еңбегін ұлттың өркендеуіне шақыруы маңыздылығын жоймайды. Керісінше, бүгінгі қоғамның өзекті мәселесінде Абайдың дана сөздері қазақ халқына мәңгілік өнегенің тірегі болып қала береді. Тіпті, ұлт дамуының рухани негізі ретінде көптеген ұрпақтарды біріктіретін әлеуеті зор.
Облыстың әдеп жөніндегі уәкілдері тікелей басшылық жасап, қызметкерлермен қатар қоғам қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері мен жастар белсене қатысқан кездесу барысында ақынның өлеңдері мен Қара сөздерінен үзінді оқылды. Туындының түпкі мағынасы жан-жақты талқыланды. Шараға қатысушылар Ұлы Абайдың даналығына, ғұламалығына тәнті болып қана қоймай, әдеп қағидаттарын сақтау, парасатты, әділ болуға, ұлт мүддесін жоғары қоюға, мемлекетшілдік пиғылдың қалыптасуына үлкен ықпалы бар екенін ой елегінен өткізуге мүмкіндік алды.
Алакөл ауданында ақынның музейіне бейнебаян арқылы саяхат жасалып, өмірбаяны мен шығармашылығы әңгімеленіп, «Адамзаттың Абайы» атты кітабы таныстырылды. Оқырмандар ақынның өлеңін жатқа айтып, З. Қойшыбаева атындағы аудандық Мәдениет үйінің әншісі «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады.
Талғар ауданында өткен «дөңгелек үстелде» ақын-сазгер, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Кәмнұр Тәлімұлы онлайн дәріс оқып, қатысушы мемлекеттік қызметкерлермен пікірталас жүргізді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер арасында өткізілген «Мен түсінген Абай…» атты шығарма жазу байқауының қорытындысы шығарылып, қатысушылар жүлделі орындармен марапатталды.
Ұйғыр ауданында аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен кіші қойылым көрсетілді.
Осындай шараларда Абайдың мәдениет пен әдебиетке, ұлттық сананың дамуына, адами принциптер мен ұлттың бірлігін нығайтуға үндеуі назардан тыс қалған жоқ. Әрдайым адамды мәртебесіне қарай емес, талабы мен еңбегіне қарап бағалау және жан-жақты тұлғаны қалыптастырудағы шығармаларының маңыздылығы туралы жан-жақты талқылау – қатысушылар санасына адамгершілік тәрбиенің сәулесін септі деуге толық негіз бар. Бастысы – ұлы Абайдың өсиетіне адал болып, ұлттың болашағына қызмет ету.
Осы орайда Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаевтың баяндамасынан үзінді келтіре кеткен жөн. «Адалдық адам баласының айнымас серігіне айналса ғана тіршіліктегі игі мақсаттар өз мұратына жетпек. Ал, ол пендеден қашық болса сүрген өмір, жасаған қызмет бәрі баянсыз әурешілік болып елеусіз қалмақ. Осыны тереңнен зерделеген хакім Абай: «Пайда ойлама, ар ойла», – деген қасиетті қағиданы кейінгіге ұлы аманат ретінде қалдырды. Өйткені адал еңбек пен ар-намыс – әр адамның тіршілікке тірек етер негізгі темірқазығы. Тек қана қара бастың қамын ойлап, жөнді-жөнсіз пайда қуу адамның көзін байлап, ізгі өмірінің мән-мағынасын жояды. Бұл жерде Абай қулықпен келген дүние пендені берекесіздікке ұрындыратынын алға тартып тұр. Адал еңбектің көрігі қызған жерде адамның ары да таза. Абай жоғарыда біз мысал етіп алған өлеңінің келесі шумағында: «Талап қыл артық білуге», – деп ізгіліктің бастау-бұлағы білімде екенін шегелеп айтады. Яғни, ар мен білім адамды туралыққа бастайтын қасиетті күш екені байыптап көрсетіледі.
Данышпан тілге тиек еткен осы екі ізгі құндылық бойынан табылған мемлекет қызметшісі халқына адал қызмет етудің салтанатты үлгісін бойына дарытады. Себебі әдеп, адалдық, турашылдық, еңбекқорлық, парасаттылық, халықшыл рух бәрі-бәрі осы құндылықтан бастау алады. Өзіне жүктелген жауапты міндетті бар жігерін жұмсап, адалдықпен атқара алған қызметкерді өмірдің өзі абырой биігіне алып шығады», – делінген баяндамада.
Ғабит Тұрсынбай,
облыс әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі




