Талдықорғанда мектеп мұғалімі сән салонын ашты. Түрлі шаш үлгісін жасайтын нысанда 10 адам қызмет көрсетеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Күнбарша Тұрсынбекқызы өз ісін жүргіземін деп ойламаған. Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп-гимназиялардың бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен Күнбарша үшін бизнес саласы қызығушылықтан басталған.
Кейін астанадан Талдықорғанға қоныс аударған соң ұстаздық қызметті тамамдап, кәсіпкерлік курсына жазылды. 2019 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілетін «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқуды аяқтап, мемлекеттік грантқа ие болды.
«Негізі бірінші мамандығым бойынша хор дирижерлігі бөлімінің драма актрисасымын. Екіншісі – бастауыш пәндерінің мұғалімі. Үй жағдайында әртүрлі шаш үлгілерін жасап жүрдім. Қолымнан келді, сұраныс та болды. Мемлекеттік қолдаудың барын естіген соң жаңа істі бастауға бірден келістім», – дейді Күнбарша.
Бизнес-жобасын сәтті қорғап, кәсіпкер 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа қол жеткізді. Қажетті құралдар мен жабдықтар сатып алынып, тиісті орынжай анықталды. Қазіргі таңда нысанда 10 адам жұмыс істейді. Сонымен бірге, шаштараз-стилист мамандығы бойынша арнайы оқу курстары да ұйымдастырылады. Оқытуды сәтті аяқтаған бірнеше маман өздерінің жеке салонын ашып, шеберлік сабақтарын өткізіп жүр.
«Әр адамның арманы, алға қойған мақсаты болады. Соған жеткенше кейде сағымыз сынып жататыны бар. Еш мойымаңыздар! Армандар орындалады. Бүгінгі күнге жеңіл жеттім дей алмаймын. Осының бәрі әрі-бері шапқылап, еңбектенгенімнің жемісі болар. Осы күнге дейін қай жерде жұмыс істемедім, қайда бармадым. Мен қазір биікке көтеріліп, бір шыңды бағындырғандаймын. Десе де алар асу әлі алда екенін білемін», – дейді кәсіпкер.
Бүгінде сән салонының тұрақты тұтынушылары бар. Алдағы уақытта Күнбарша Тұрсынбекқызы облыс орталығында кәсіби шаштараз-стилистерді дайындауды жалғастырмақ.
А. ЫБЫРАЙ




