Қазіргі таңда оқу орнын бітірген жас мамандарға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе, әлеуметтік саладағы білікті мамандарды ауылдық жерлерге тартуға ден қойып отыр. Жастарға жолдаманы ауылға беретін бірегей бағдарлама «Дипломмен – ауылға» деп аталады.
Елбасының 2007 жылғы 5 наурыздағы тапсырмасына сәйкес аталмыш жоба ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген әлеуметтік сала мамандарын қолдауға бағытталған. Қаратал ауданында да жыл сайын оқу орнын бітіріп келген мамандар екі қолға бір күрек тауып, мемлекет көмегімен тұрғын үй және үстеме ақы алып жатыр.
Дәурен АБДАМБАЕВ,
Бастөбе сервистік колледжінің оқу-өндірістік шебері:
– Бастөбе ауылында туып-өстім. Ауылдағы Максим Горький атындағы орта мектепте оқып, 9–сыныпты тәмамдаған соң Көксу ауылшаруашылық колледжіне электромонтер мамандығын игеру үшін оқуға түстім. Оқу орнын бітірген соң өндірісте жұмыс жасадым. Алғашында Атырау мен Алматы қалаларында жұмыс істедім, кейін Үштөбе қаласындағы «Тамас» ЖШС-де, Талдықорған қаласындағы аккумулятор зауытында еңбек еттім. Бірақ ауылға аңсарым ауа берді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жайлы естіп, мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекті байқап көргім келді. Қазіргі таңда Бастөбе колледжінде электромонтер мамандығы бойынша оқу-өндірістік шебері болып жұмыс істеп жүргеніме 3 жыл болды. Жалпы, мақсатым – бәсекеге қабілетті маман даярлау. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясында көтерме ақы, үй сатып алдым. Бұл бағдарлама жастар үшін өте тиімді деп есептеймін. Өйткені, жастардың жұмысқа тұрып, үй алып, отбасы іргетасының қалануына ықпалын тигізеді.
Биылғы жылдың өзінде 12 жас маман «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы бюджеттік несиеге қол жеткізген.
– Мұндай қолдау «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрығымен бекітілген негiзде көрсетiледi. Бұйрыққа енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттiк қызмет қалалардан және өзге де елдi мекендерден ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеу үшін келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне мамандықтары бойынша жоғары және жоғарыдан кейiнгi, техникалық және кәсiптiк, сондай-ақ көрсетілген білімі бар мамандарға ұсынылады, – дейді Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Ануар Алдабергенұлы.
Гүлзия ХАСЕНОВА,
Жаңаталап орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Қазақтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, ынтымақ-берекесі қаймағы бұзылмаған ауылда сақталған. Өзім бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында туып-өстім. Астанадағы Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектепте оқыдым. Орта білім алған соң Еуразия колледжіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Колледжден соң Мәскеудегі қаржылық Синергия академиясын, психолог мамандығын тәмамдадым. Күйеуім Ерлан Көпбаев – мал дәрігері, Балпық ауылдық округінің ветеринар меңгерушісі. Бұрын Оян ауылында тұрған. Екеуіміз қалада танысып, 2013 жылы отбасын құрдық. Сол жылдың қазан айының соңында Жаңаталап ауылына келін болып түстім. Шүкір, қазір екі балам бар. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы мемлекеттен жәрдемақы, несие алып, үй сатып алдық. Шүкір, ауылда еңбек істеген жақсы. Ауылда жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беруді мақсат еттім. Ауыл балаларының келешекте еліміздің әйгілі азаматтары болуына өз үлесімді қоссам деймін. Ауылға көңіл бөлу арқылы мемлекет оқу орнын бітіріп келген жастарға жағдай жасап отыр.
Бір айта кетерлігі, ҚР Ұлттық экономика министрі ресми блогында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын табысқа апаратын жол ретінде қарастырған. 2009 жылдың 1 қаңтарынан іске асып келе жатқан бағдарламаның басты мақсаты – ауылдың кадрлық әлеуетін арттыру, еңбек сапасын жақсарту. Мәселен, ауданымыздың колледж, университет бітірген жастары қалада қалып қоймай, ауылда еңбек етуге ниет білдіріп отырғандар жетерлік. Мемлекет бағдарлама аясында ауылға еңбек етуге келген жас маманға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төлейді. Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алуға 0,01 пайыз мөлшерінде 15 жылға арзан несие береді. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылда тұрғын үй сатып алу үшін, маманға 180 айға, яғни он бес жылға, 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінен (2021 жылы – 4 миллион 375 мың 500 теңгеден) аспайтын соммада несие ретінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Десек те, қазіргі таңда ауылды жерде де үйдің бағасы жоғарлаған, сондықтан ауылға барып жұмыс жасауға ниет еткен жастар ауылдан үй сатып алуға бөлінетін қаржы көлемі көбейсе екен дейді. Мәселен, бүгінгі күні ауылды елді мекендерде сапасы жақсы, көп мөлшерде ағымды жөндеу жұмыстарын талап етпейтін, тұрғын үйлердің бағасы шамамен 7-10 млн. теңге көлемінде.
Қаратал ауданында да «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылға келіп еңбек істеп жатқан жастар бар. Олар бұл бағдарламаның жас мамандар үшін тиімді зор екенін айтады.
Түйін: Иә, аталмыш бағдарлама маман тапшы болып отырған ауылға да, қолына дипломын алып, еңбек жолын бастайтын жас маманға да аса қолайлы. Жастар ауылдағы кадр мәселесін шешіп қана қоймай, ауылды көркейту тұрғысында тың бастама көтеріп жатса, құба-құп.
Асхат ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы
Сурет ғаламтордан алынды





