Бүгінде театрда жастар мәселесі белсенді түрде көтеріліп, жиі айтылып жүр. Қазір қоғамда болып жатқан оқиғаларды, жағдайларды жинап, жазып жатқан жас драматургтер бой көрсете бастады. Алайда сол туындыларды қоюға кей қазақ театрлары әлі дайын емес сияқты көрінеді. Бір жағынан, жас драматургке қолдау жоқ және оларға деген сенім аз.
Қазақ драматургтері жастар мәселесін көтеруде көп еңбектенді, әлі де ой саларлық қойылымдар ұсынып келеді. Осыған дейінгі жастар мәселесін қозғаған шығармалар ішінде Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» туындысының өзіндік орны бар. Ол жерде тілдің мәселесі, қазақ жастарының ана тілінен жерініп, жат тілде шүлдірлеуі, өз тілінің байлығын, қадыр-қасиетін білмейтін жастарды керемет суреттеп, сипаттап жазған болатын. Қойылымда ауыл мен қала баласының, гитара мен домбыраның, қазақ тілі мен орыс тілінің айтысын көркемдеп, әсемдеп жеткізген.
Сол кездегі драматургтер жастар мәселесіне аса қатты көңіл аударған және өз шығармаларында кемшілікті көрсетіп, ұлтты сүю мен елге деген жастар махаббатын көрсетуге ұмтылды. Мәселен, Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрі астында» шығармасы сол кездегі студенттер, жастар турасында қалам тербеген. Жоғарыда айтып өткен ана тілін жатсынып, өзгенің қаңсығын таңсық көрген ұрпақты 60-70-80 жылдағы драматургтер өзекті мәселе есебінде дабыл қаға көтерген.
Бүгінде жастарға қажетті қойылымдар қатары көбейіп келеді. Оған бірден-бір дәлел – тың бағытта жас режиссер Фархад Молдағалиевтің басшылығымен сахналанған Әзілхан Нұршайықовтың жастар арасында кеңінен танымал «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымы. Бүгінге дейін өзектілігін жоймаған, тәттілігін, құндылығын жоғалтпаған туынды. Ол жердегі жастардың махаббаты, адалдық, қазақ айтатын «қызға қырық үйден тыйым», сондай-ақ шынайы махаббат, аманатқа қиянат жасамау деген адам бойындағы асыл қасиеттер ерекше суреттеледі. Бүгінде ұнатудан, махаббаттан бұрын жастардың арасында есеп жүргенде, дәл осындай туындылардың заманауи саханалануы үлкен жетістік деп білемін. Сол сияқты қырғыз драматургі Мар Байжиевтің «Тіл табысқандар» спектаклі де бүгінгі жастар бейнесін айқын көрсеткен туынды санатында. Ол жерде әкесі де, анасы да қазақ бола тұра, баласы араласатын ортасына қарай бейімделіп, орысша, ағылшын тілдерін жетік меңгергенімен ана тіліне шорқақ болып өскен қыздың тағдыры суреттеледі. Яғни, бұл бүгінгі қоғамның үлкен дерті.
Театр – ой салатын орын. Адам жанын тазартатын жер. Ол жерге ауырып барып, сау қайтуға, сау барып, ауырып қайтуға болады. Келген көрермен әуелі өзін іздейді. Өзін көреді. Сол арқылы ой түйіп қайтады. Қазіргі жастар театрға жиі келсе, қойылымдарды тұрақты көрсе – біздің бір буын басқа бағытта, ел мен жердің, тілдің қадірін жете түсінген болып қалыптасар еді. Ірі драматургтердің, мәселен, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Оралхан Бөкей, Сәкен Жүнісов сынды тұлғалардың туындыларын театр сахнасынан көрсе, өзінің кім екенін білсе, өз елінің байлығын сезініп, мәдениетін түсініп, рухани сусындап қайтса, шіркін?! Театрдан қол үзбеген әр жастан кемел келешек күтуге болады. Жастар мәселесі қашанда өзекті.
Тасқын МАНАТҰЛЫ,
режиссер





