Еліміздің мұнай-газ саласындағы ресурстық базаны ұлғайту мақсатында жаңа кен орындарын іздеуге бағытталған ауқымды геологиялық барлау жұмыстары басталады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыру мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде геологиялық барлау жұмыстары өте үлкен маңызға ие. Соңғы жылдары қолданыстағы кен орындарының табиғи сарқылуы байқалатындықтан, жаңа жер қойнауын зерттеу мен минералды-шикізат қорын толықтыру ерекше өзекті мәселеге айналды. Осы бағытта заманауи бұрғылау технологияларын енгізу, отандық өндіріс қуатын арттыру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау еліміздің өндірістік дамуына тың серпін береді.
Атырау қаласында өткен KAZDRILLING конференциясында барлау-бағалау бұрғылауының келешегі, сервистік нарықтың дайындығы және отандық бұрғылау саласын одан әрі дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Жиында сөз алған Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров бұрғылау көлемін ұлғайту жаңа кен орындарын ашу және еліміздің ресурстық базасын толықтыру үшін аса қажет екенін атап өтті. Болжамды бағалауға сәйкес, барлау-бағалау бұрғылауының көлемі 2026 жылы шамамен 80 ұңғыманы құраса, 2027-2028 жылдары жыл сайын 120 ұңғымадан қазылмақ.
Жоба аясында мұнай-газ әлеуеті жоғары, аз зерттелген шөгінді бассейндерге баса назар аударылады. Мұндай учаскелерді инвесторларға беру тәртібі мейлінше жеңілдетілді: өтінім келіп түскеннен кейін Министрлік 10 жұмыс күні ішінде аукцион ұйымдастырады. Жұмыс бағдарламасына сәйкес, алғашқы үш жылда учаске аумағының кемінде 30 пайызында сейсмикалық барлау жүргізіліп, кейіннен барлау ұңғымаларын бұрғылау жүзеге асырылады.
Сонымен бірге отандық өндірісті дамытуға да ерекше мән берілді. Бұл бағытта елімізде қажетті өндірістік база мен білікті мамандар қалыптасқан. Мысалы, Атыраудағы «Жігермұнайсервис» зауыты бұрғылау қашауларын, калибраторларды және басқа да маңызды құралдарды сапалы шығарып келеді.
Вице-министр Ерлан Акбаров атқарылып жатқан жұмыстардың түпкі мақсатына тоқталып:
«Біздің міндетіміз – бұрғылау қызметтерінің тұрақты әрі бәсекеге қабілетті нарығын қалыптастыру. Нәтижесінде жаңа геологиялық ашылымдар жасалып, қорлар толықтырылып, отандық өндіріс дамып, білікті жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері артуы тиіс», – деп атап өтті.
Мұндай қадамдар еліміздегі мұнай-газ секторының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.





