Қысқы мал азығын дайындау – бүгінгі күннің басты талабы. Осындай күрделі де маңызды шаруаны аудан әкімі үнемі назарында ұстайды. Сол себепті, аталған салаға жауаптылар шөп ору науқанын жіті қадағалайды.
Жалпы аудан көлемінде 12 724 гектар суармалы жерге көпжылдық шөп егілген. Бүгінгі таңда аталған жер көлемінің бірінші орылымы толық аяқталып, 24 724 тонна шөп дайындалды. Ал екінші орылымы бойынша 6 743 гектар жер шабылды. Шөп шабу науқанының қалай атқарылып жатқанын көру үшін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге Миялы ауылдық округіне қарасты «Динара» ӨК-нің № 2 бөлімшесіне арнайы бардық.
Аталған шаруашылыққа атбасын бұрғанымызда диқандар түстеніп отыр екен. Сәл тыныққан пішеншілер бірден жұмысқа кірісті. «Динара» ӨК-нің № 2 бөлімшесінің меңгерушісі Мақсат Басшыбаев, осы бөлімшенің механигі Қасымжан Асубаев және механизаторлар Марат Іргебаев, Жұбан Кәтеков көк шалғынның екінші орылымын қыздырды. Мақсат Басшыбаевтың айтуынша, өздеріне тиесілі 932 гектар суармалы жердің 240 гектарына күріш, 200 гектарға бидай, 240 гектар жерге сүрлемдік жүгері егілсе, қалған суармалы жерге көпжылдық шөп егіліпті.
Шөп ору науқанының ойдағыдай атқарылуы үшін қажетті техникалар жұмылдырылып, олардың қосалқы бөлшектері мен жанар-жағармайлары қарастырылған. Ел игілігі үшін жасалып жатқан істің жүйелі орындалуы бәріміз үшін маңызды. Ендеше күннің ыстығына қарамастан дала төсін дүбірлеткен азаматтардың ісіне сәттілік дейміз.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы





