Райымбек ауданы, Нарынқол ауылы маңындағы «Хантәңірі» қымызханасында тұсаукесер рәсімі өтті. Нарынқол ауылдық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Алтын қазына» әжелер ансамблінің белді мүшесі, байырғы ұстаз, еңбек ардагері Жұпархан Жылқыбаева бір жасқа толған Сая Ерғанай атты немересінің тұсауын кескізді.
Б. Соқпақбаев атындағы орта мектепте 40 жыл ұстаз болып зейнет демалысына шыққан Жұпархан ананың қуанышына Алматы қаласынан келген Күлән, Гүлнази Тәліпова атты қымбатты қайынсіңлілері ортақтасты. Нарынқол ауылындағы Т. Жанұзақов атындағы орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін үлкен келіні Жазира Сатыбаева шашу шашты.
– Кішкентай қызымыздың өмір жасы ұзақ болсын! Шаңырақтарыңызға шуақ толсын. Әр күнгі істеріңіз бұлақ болсын. Бір Алламыз қуат берсін! – деп жақсылыққа ортақтасып қалған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанат Берікбаев пен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Талғат Малтақбаев ақ батасын берді.
Бір жасқа толып, қазақтың салтымен тұсауы кесілген Сая Ерғанай Жұпархан ананың қара шаңырағындағы кенже ұлы Санжардың қызы. Асыл ананың алтын келіні Әсем Қабылбекова аудандық оқу-өндірістік комбинатында информатикадан дәріс береді. Жалпы, «Алтын қазына» әжелер ансамблінің белді мүшесі Жұпархан Жылқыбаева ұрпағымен көгеріп-көктеп отырған бақытты ана, мейірімді әже.
Қанат БІРЖАНСАЛ




