Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына қыркүйек айының алғашқы күні дәстүрлі Жолдауын ұсынды.
Бұл құжатта Мемлекет басшысы биылғы жылы ел ішінде бірқатар толқулар туғызған ауылшаруашылығы, пандемиямен күрес кезіндегі вакциналау, Токио олимпиадасының қорытындысы бойынша жұмыстар, шешімін толық таба алмай келе жатқан ауызсу мәселесі, халықты әлеуметтік қолдау кезіндегі туындаған қиындықтар, тіл мәселесі туралы жүйелі тұжырымдамалар мен соларға қатысты міндетті тапсырмаларды айқындап берді. Жалпы, Президент Жолдауы 7 түрлі бағытта өрбіді.
Ел халқына бейжай қарамайтындығын білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев 2018 жылдан бері өзгермеген ең төменгі айлық мөлшерін 42500 теңгеден 60 000 теңгеге көтеру туралы шешім шығарып, Қазақстан халқын қуантты.
Президент тапсырмасымен өзекті салаларға жыл сайын қолдау көрсетіліп отыратыны белгілі. Жолдауда мәдениет қызметкерлерінің, оның ішінде музей ісіндегі қызметкерлердің жалақысын 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсіру туралы тапсырма берді. Бұл дегеніміз – музейлерде көп жылдар бойы төменгі мөлшердегі жалақыға қарамастан өз жұмыстарына шын берілген, істеп отырған қызметтерінің нағыз кәсіби білгірлері, ел тарихын зерттеп, музей жұмыстарын дамытып, өркендетуге жан аямай үлес қосып келе жатқан адамдар үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау деп білемін.
«Мен – Мемлекет басшысы ретінде халық үшін барлық күш-жігерімді жұмсай беремін», – деген Президент сенімін жықпай, алдымызда тұрған міндеттерді орындап, қазіргі белең алып жатқан күрделі кезеңнен сәтті шығуға тырысуымыз қажет.
Рысжан АЯЗБАЕВА,
М. Тынышпаев атындағы тарихи- өлкетану музейінің директоры




