Алдағы қысқа қажетті жемшөп қорын дайындау ісі биылғы құрғақшылыққа байланысты қиын болып тұрғаны белгілі. Көктемде жаңбыр болмағандықтан шалғыға ілінер шабындық онсыз да мардымсыз еді. Аз уақыт ішінде тақырланып, шаңы шығып қалды.
Дегенмен, өңірдегі шаруалар «шөп жетпейді» деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Ала жаздай қамданып жатыр. Бүгінде жұртшылық негізінен сырттан әкелінетін шөпті сатып алуда. Оның дені басқа облыстардан жеткізіледі. Қымбат болса да сатып алып жатқандар осылайша қыстың қамын шама-шарқынша жасап бағуда. Көрші ауданнан қамыс-құрақ оруға шыққандар да бар.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша, биыл алдағы қысқа мал азығын дайындау жоспары 187 мың 500 тонна деп көрсетілген. Оның жартысынан астамы орындалып, осы уақытқа дейін дайындалған мал азығы 103 мың 190 тонна болыпты. Оның 7 мың тоннасы пішендеме, 2,5 мың тоннасы сабан болса, 35 мың тоннасы жемдік азық.
Аудандағы 14 шаруа қожалығы Жетісу өңірінің басқа өңірлеріне және өзге аймақтарға барып, 5 мың 71 тонна шөп дайындап үлгерді. Бұдан бөлек, Балқаш ауданынан 15-20 мың гектар шабындық жер белгіленіп, оған ауданнан баратын 6 шөп шабатын бригада құрылды. Мұндай бригадалар Талап, Қарасу, Дегерес ауылдық округтеріндегі «Әл-ауқат Мейіржан», «Амангелді», «Кемел», «Қанат», «Мырза», «Жұмабай», «Аманбай» шаруа қожалықтары базасында жасақталып, шалғайдағы шабындыққа шалғы салды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ





