Биыл мерейлі 30 жылдығы аталып өтетін тәуелсіз мемлекетіміздің тілеуі мен тірегі – білімді, білікті жас ұрпақ. Қоғамның барлық саласынан ақылды, ойлы, заманға лайық іс-әрекет жасап жүрген жастарды көптеп көргің келеді. Мемлекет қорғанысының қуатты болуы да бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан болар, еліміздің қорғаныс саласында қызмет етуді қалайтын, соған ғұмырын арнап жүрген жастардың көп болғанын жан жүрегіңмен қалайсың.
Кеген ауданындағы Жылысай ауылынан да офицерлер шығып жатыр. Тұратбек Іскендір Мұратбекұлы болашағынан мол үміт күттіріп отырған жалынды жас. Ауылдағы М. Орманов атындағы орта мектептің түлегі. Сабақты өте жақсы оқыған. Уақытын спортпен айналысуға арнаған. 9-сыныптан кейін жүрек қалауымен Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепте оқыды. Онда екі жылғы өмірі босқа өткен жоқ. Күш-қайраты да, ақылы да толысты. Тәуелсіз Отанымыздың қорғаныс саласында қызмет етуді армандайтын жас өрен одан кейін Әскери құрлық академиясында білім алды. Биыл аталған жоғары оқу орнын жақсы аяқтап, қолына дипломын алды. Лейтенант дәрежесімен Ақтау қаласына әскери қызмет етуге аттанды. Әскери академияны бітіру қуанышына Тұратбектің алтындай әжесі Адиемхан Иманбаева ортақтасты. Оқу орны Тұратбектей білімді, тәрбиелі, ақылды ұл өсіргендері үшін Адиемхан анаға «Офицердің әжесі» атты медаль тапсырды. Бұл бітірушілердің ішінде он шақты ғана анаға бұйырған қуаныш болатын.
Жақында Мыңжылқы өңіріндегі Қайыңдысай деп аталатын хан жайлаудың төрінде отырған ананы жолықтырып қалдық. 1966 жылы Іскендір Әлішев атты жігітпен отау құрған Адиемхан ана қиындықтарды көп көрген. Ерлі-зайыпты жандар тынбай еңбектене жүріп, тапқан ақшаларына қозы-лақ, бұзау сатып алып жүріп, жап-жақсы дәрежеге жеткен. Бүгінде Іскендір аға мен Адиемхан ана құрған шаруа қожалығы Жылысай ауылдық округіндегі бірден-бір қожалық саналады. Бір отар қойлары, өздеріне жетерлік жылқы, сиырлары бар. Жаз маусымында дәл осы Қайыңдысайды жайлап келе жатқандарына 18 жыл болыпты. Мұратбек Әлішевтей ұлдары Жылысай ауылдық әкімшілігінде бас маман болып жемісті жұмыс істеп келеді. Келіні Гүлмира Көктеубаева ауылдағы ғана емес, бүкіл аудандағы озат мұғалім. Өз тұсында облыстың Үздік мұғалімі атанып, Талдықорған қаласынан үй алған. Іскендір аға мен Адиемхан ананың Тұратбектен бөлек Қанатбек, Қарлығаш, Құралай, Нұртілеу, Нұрлыбек атты алтындай немерелері өсіп келеді. Қанатбек пен Қарлығаш жоғары оқу орындарының студенттері.
– Тұңғыш немерем Тұратбектің атын өзім қойдым. Өзім бақтым. Кенже ұлымдай болып өсті. Әлі де сол өзіме жақын. Бойына ұлтымыздың бар жақсы қасиеттерін дарытуға тырыстым. Еңбегім далаға кетпеген сияқты. Тұратбегіміз үмітімізді ақтап келеді. Артық сөзі, артық әрекеті жоқ. Ақылды балапанымның шығар биігінің алда, көрінер көкжиегінің де алда екеніне сенемін. Тәуелсіз Отанымыздың тірегі болар азамат болып қалыптасып, қызмет ете берсе, одан артық қуанышымыз жоқ, – дейді Адиемхан ана, офицердің әжесі.
Біз Тұратбектей ұл өсіріп отырған асыл анаға бар жақсылықты тіледік!
Қанат БІРЖАНСАЛ





