Қазір күллі әлем коронавирус індетімен күресіп жатыр. Қол қусырып, қарап отырған ешкім жоқ. Қандай мүмкіндік бар, соған қарекет жасалуда.
Індет алғаш келгенде қандай болдық? Ауырған жағдайда қай дәріні ішерімізді білмей әбден састық. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеп берген емдеу протоколдарының өзі пайдасын тигізбей жатты. «Ең болмаса коронавирусқа қарсы дәрінің табылғаны дәтке қуат еді ғой» деп тіледік.
Сол қиын шақта ғалымдар іске кірісті. Олар адамзатты қорғау үшін уақытпен санаспай еңбек етті. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Алғашқы екпе де айналымға шыққанда сөнген үміт қайта жанды.
Өзім жетекшілік ететін мектеп ұжымында да осы мәселе қатты талқыланды. Бұл науқандық шара емес. Оған күштеудің, жиналыс ашып уәде алудың қажеті жоқ. Сондықтан алдымен басшы адамның өзі үлгі, өнеге көрсеткені жөн деп екпені бірінші болып алдым. Одан кейін отбасым, туыстарым мені қолдады. Тіпті, жасы алпыстың ортасына жеткен әпкем де бұл қатардан қалған жоқ. Кері әсерін өз басым байқамадым. Екпе алудың екінші дозасы да жеңіл өтті.
Вакцина туралы сан алуан қауесет тарап, елді алаңдатып жатқаны жасырын емес. Еш нәрсеге анық көзі жетпесе де жеңіл әңгімені желдей есетіндер бар. Қайсыбір ағайындар соларға сеніп, райынан қайтып жатады. Меніңше, ол дұрыс емес, ақылға салып, таңдауды өзің жасауың керек.
Мені көрген әріптестерім де екпені жаппай ала бастады. Сонымен, ұжымдағы 64 мұғалім, 22 техникалақ қызметкер өз еркімен вакцинаны қабылдады. Бұл біз үшін оңды қадам. Амандық болса, жаңа оқу жылы қалыпты жағдайда басталады деген үмітіміз зор. Өйткені, онлайн оқудан балалар да, мұғалімдер де қажыды. Енді бәрі дұрыс болады деп ойлаймыз.
Гүлбақыт Қасымжанова,
Абыхан Жексембеков атындағы орта мектептің директоры
Түрген ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы




