Бүгін Текеліде тағы бір туристік демалыс кешенінің тұсауы кесілді. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Кешеннің ашылуына Текелі қаласы әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы, қалалық ардаргерлер кеңесінің төрағасы Ертай Дүйсебаев, қалалық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Шалбаев, Текелі қаласының Құрметті азаматы Бүркітбай Файзолла мен Геннадий Савинов, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрысбек Жұмаділов қатысып, ізгі тілектерін арнады.
Текелілік кәсіпкер Болат Есболатовтың жеке инвестициясына салынған кешеннің жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады. Жоғарғы қабаттағы самалдықтың өзі — 300 шаршы метр. 80 орынға арналған. Онда қаланың көркем табиғатын тамашалай отырып, тамақтануға, сусындар ішіп, әңгіме-дүкен құруға, тіпті, шағын банкеттер өткізуге болады. Кешенде 3 монша, ашық аспан астында 3 бассейн бар, оның біреуі балаларға арналған. Бассейндер маңына төбесі жабық тапшандар қойылған.
Кешенде 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Пандемияға байланысты кешен «Ashyq» жобасымен жұмыс істейді.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





