2000 жылдан бері қарай «Ойқарағай» көмір кенішінде Ләззат Ботабекова басқаратын «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясы жұмыс жүргізіп келеді. Ойқарағайдың көмірі оп-оңай алақанға сала қоятын көмір емес. Жеті қат жердің астында жатыр десек, артық айтпағандық. «Бүркіт» компаниясы басшылығының ұтымды ұйымдастыруы, толымды істерінің арқасында көмір кеніші жұмысын тоқтатқан емес. Жыл сайын өңір тұрғындарын тамызықты қажет етпейтін, қызуы мол «Б» маркалы, «3Б» тобындағы қоңыр көмірмен тұрақты қамтамасыз етуде.
Жердің геологиялық құрылымы көрсетіп отырғандай, жер астындағы көмірдің қабаты 10 метрге дейін жетеді. Көмірдің үстіндегі топырақтың қабаты 55-57 метрге дейін барады. Содан болар, көктем, жаз маусымы басталысымен аталған көмір кенішінде көмірдің үстіңгі топырақ қабатын аршу жұмыстары қауырт жүргізіліп, қараша айының 1 жұлдызына дейін созылып жатады. Сол тынымсыз еңбекке, ауыртпалықтарына толы уақыттарда жыл сайын көмірдің беткі қабатынан 250 мың тоннаға дейін топырақ сыртқа шығарылады. Бұл үшін республикадағы Жаңатас, Кентау, Жетіқара, Қарағанды қалаларынан 30 тонналық «БелАЗ» ауыр жүк көліктері шақырылады. Бұл жұмыс үшін Алматы қаласынан 250 тоннаға дейін жанар-жағармай тасымалданады. Көмірдің әр тоннасының бағасы оны шығаруға жұмсалар шығындармен есептеледі. Соңғы жылдары «Ойқарағай» кеніші көмірінің әр тоннасы 7500 теңге тұрады. Ауқатты, мүмкіндігі бар өңір тұрғындары қысқа жетер көмірлерін бір-ақ жеткізіп алып жатады. Жыл сайын «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамына қарасты Қарағанды филиалы «Б» маркалы қоңыр көміріне сәйкестік сертификатын береді. «Ойқарағай» көмір кенішінде көмірді өндіру кезінде жер қойнауының ластануына жол бермеу шаралары орындалып келеді.
Жыл сайын көмірдің беткі қабатынан 250 мың тоннаға дейін топырақ сыртқа шығарылады. Бұл үшін республикадағы Жаңатас, Кентау, Жетіқара, Қарағанды қалаларынан 30 тонналық «БелАЗ» ауыр жүк көліктері шақырылады.
Мұнда еңбек ететін 33 адамға барлық жағдай жасалған. Арнайы киімдермен, аяқкиімдермен қамтамасыз етілген. Үш уақыт ыстық, дәмді тамақ беріледі. Жылы да жайлы жатын орындары бар. Монша күн сайын жұмыс істейді.
– «Ойқарағай» көмір кенішіндегі жұмыс ауыр. Қиындығына көніп, ауыртпалығын көтерген жандар ғана мұнда жұмыс істей алады. Мұнда еңбек ететін 33 адамға барлық жағдай жасалған. Арнайы киімдермен, аяқкиімдермен қамтамасыз етілген. Үш уақыт ыстық, дәмді тамақ беріледі. Жылы да жайлы жатын орындары бар. Монша күн сайын жұмыс істейді. Уақытылы көтеріңкі жалақыларын алып тұрады. Аудан аумағынан екі студент Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-да дәріс алуда. Оның сыртында жұмысшыларымыз біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Жыл сайын Райымбек, Кеген аудандары аумағындағы ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қамқорлықты қажет ететін отбасыларына тегін көмір беріледі. Біз елдің алғысын, ақ батасын алған сайын әр күнгі жұмысымызға деген ынта-ықыласымыз арта түседі, – дейді «Ойқарағай» көмір кенішінің директоры Жарас Нұрғазиев.
Ойқарағайдың қоңыр көмірі шын мәнінде облыс орталығынан ең шалғай, теміржолдан алыс, көгілдір отын келе қоймаған тау қойнауына қоныс тепкен тұрғындардың шаңырақтарына шуақ сыйлап, берекелерін кіргізіп келеді. Егер Ойқарағайдың көмірі болмаса, өңір тұрғындары Алматы қаласының маңындағы отын базалары арқылы көмірді тұтынатын болса, қандай күйде болар еді? Өйткені, қала жақтан жеткізілетін «Шұбаркөл», «Қаражыра» көмірлерінің әр тоннасы Кеген өңірінде 27 мың теңгеден тұрады. Ойқарағайдың көмірін арнайы тасымалдап сататындар Нарынқол аймағында әр тоннасын 12-13 мың теңге көлемінде сатады. Кеген ауылындағы отын базасында оның әр тоннасы 14 мың теңгеден сатылып келеді. Кеген ауылының тұрғындары ауыл маңынан отын базасының ашылғанына, ондағы көмір бағасының тиімділігіне дән риза.
Орайы келгенде, біз аталған отын базасында жұмыс істеп жатқан Кегенбек Мұқановтай азаматтың атына жылы лебіз білдіреміз. Аталған көмір кенішінен жыл сайын 30 мың тоннаға дейін қоңыр көмір өндіруде оның еңбегі зор. Жалпы, жыл өткен сайын көмірдің сапасы да жақсаруда. Ертең ерте шоғымен маздап тұратын көмір ешқандай тамызықты қажет етпейді. Компания басшылығы көмір мөлшерін көбейте түсуді жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда республика аумағын айтпағанның өзінде таулы өлке тұрғындарын уақытылы, сапалы көмірмен қамтамасыз ету үшін жыл он екі ай тынымсыз жұмыс істеп жатқан, көмірдің үстіңгі қабатын аршуға арналған 6-7 айға созылатын қиындықтарды көтеріп жүрген «Ойқарағай» көмір кенішінің еңбегі еленулі, маңдай терлері бекер кетіп жатқан жоқ. Олар 2014 жылы Ұлттық Бизнес Рейтингінің қорытындысымен Қазақстан Республикасы бойынша «Сала көшбасшысы» Ұлттық сертификатымен марапатталды. «Бүркіт» отын энергетикалық компаниясының басшысы Ләззат Ботабекова «Қазақ экономикасының даңқ жұлдызы» орденіне, көмір кенішінің директоры Жарас Нұрғазиев «Ерен еңбегі мен жетістіктері үшін» деп аталатын медальға ие болды.
Компанияның жетекшісі Ләззат Ботабекова республикамызда кәсіпкерлік саласы бойынша «Жыл адамы», Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. «Ойқарағай» көмір кеніші 2016 жылы «Сауда үздігі – 2016» республикалық байқауында «Ең үздік көтерме сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленіп, дипломымен марапатталды.
Жалпы, кеніштің басшылығы Райымбек, Кеген аудандарындағы ізгілікті іс-шаралардан сырт қалған емес. Өңірдің мерейлі тойларына, соған орай шыққан кітаптарға қолдау көрсетіп келеді.
Қытымыр қыста шаңырағыңның жып-жылы болып тұрғанына не жетсін?! Ендеше, соған негіз қалап жүрген «Ойқарағай» кенішіндегі азаматтардың қолдары қуатты болсын!
Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы





