Президентіміздің халыққа арнаған Жолдауында айтылғандай, жергілікті жердегі әкімдер сайлауына куә болдық. Сайлаудың өтуіне қатысты басында қорқақтағанымыз рас. Сайлау тәртіппен, ұйымдасқан түрде өтті десек болады. Аудандардан келіп жатқан мәліметтерден сайлаудың барлық талапқа сай өткендігін байқау қиын емес.
Халықтың арасында жікшілдік, рушылдық мәселелері орын ала ма деген ой болғаны да рас. Бірақ, байқағанымыздай, қазіргі қымбатшылық пен жұқпалы індет қысып тұрған кезде халықтың мұң-мұқтажын түсіне білетін, шешу жолдарын әртарапты қарап, елдің жағдайын жасайтын әкімнің сайлануы уақыт талабы екен.
Әкімдік қызметке жергілікті халықтың жағдайын білетін, жаны ашитын, көмек көрсете алатын адам сайлау керек болды. Бұл сайлау бұрынғыдай рушылдық, жершілдік мәселесінің артта қалғандығын көрсетті. Сайлау халықтың қоғамдық мәселені негізгі орынға қоятынын байқатты.
Бұл – елдің сана-сезімінің өзгергендігінің көрінісі. Халыққа өздерін дұрыс жолға бастайтын адам керек екенін байқадық. Тұрғындардың өз-өздеріне деген сенімі жоғарылағаны білінді. Бұл – демократиялық үрдістің қалыптасқанының белгісі. Ауыл халқы сайлаған басшы, алдымен, елдің мүддесін ойлауы керектігін түсінеді деп тұжырымдауға болады. Бұл – халықтың кең ойланып, пішіп, нақты нәтижеге қол жеткізуге дауыс беру мүмкіндігінің жоғарылағанын көрсетеді.
Ауылдық әкімдерді сайлау халықтың да көңілінен шықты. Тіптен, кейбір жерлерде халықтың белсенділігі төмендеу болып, қызу талқылаулар өтпей қалғанның өзінде халық бұл бағыттың дұрыс екендігін, болашақта аудан, облыс әкімдерін осындай жолмен сайлауға болатындығына көзі жетті. Ары қарай осы демократиялық үрдіс дами береді деген сенімдеміз.
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы





