Облыстық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясы өтті. Сессия отырысына облыстық мәслихат депутаты Бағдәулет Үстенов төрағалық етті. Күн тәртібінде 6 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – облыстағы туризм инфрақұрылымының дамуы туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаева баяндама жасады. Оның айтуынша, 2020 жылы карантиндік шараларға байланысты туристік сұраныс толығымен қанағаттанбады. Яғни, келуші туристер саны 42 пайызға төмендеп, көрсетілетін ақылы туристік-сауықтыру қызметінің көлемі 39,4 пайызға қысқарған. Жалпы алғанда соңғы жылдары ішкі туризмнің дамуы оң нәтиже көрсетуде. Облыс аумағында туристік 803 нысан бар. Бұл туралы:
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста туризм саласының қосалқы шотына сәйкес 14 ЭҚЖЖ бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 61,9 млрд. теңгені құрады. Бұл республикалық көлемнің 10% — ы (614,7 млрд. теңге). Оның ішінде, 2020 жылы облыс картасында 24 жаңа нысан пайда болып, туризм саласында жұмыспен қамтылған халық саны 27 мың адамды құрады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 245 жұмыс орнын құра отырып, 2,6 млрд. теңге сомасына 18 орналастыру орнын іске қосу жоспарланған, – деген баяндамашы Алакөл көлінің туристік даму картасы әзірленгенін жеткізді.
Айта кетерлігі, 2020-2021 жылдары мемлекеттік бюджеттен жол және инженерлік инфрақұрылым құрылысына 18 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінді. Оның ішінде Алакөл жағалауына кәріздік тазарту құрылысын салу, сумен жабдықтау, жол жөндеу, Үшарал әуежайын күрделі жөндеу сынды жұмыстар бар.
– Жазғы маусымда Алакөл бағытында Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Семей қалаларынан 8 теміржол рейстері қатынайды. Аталған рейстердің сыйымдылығы тәулігіне 2360 орынды құрайды. Бұл бағыттарға сұраныс көбейген жағдайда тәуліктік сыйымдылықты 3500 орынға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Талдықорған-Үшарал-Талдықорған», «Нұр-Сұлтан-Үшарал-Нұр-Сұлтан» және «Алматы-Үшарал-Алматы» бағыттары бойынша субсидияланатын авиарейстер жүзеге асырылады. Бұған қоса, «Жетіген-Достық-Жетіген» бағыты бойынша әлеуметтік маңызы бар ауданаралық теміржол бағыты субсидияланады, – деген Жанар Алчимбаева аталған мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 930 млн. теңге бөлінгенін айтты.
Сондай-ақ, «Талдықорған-Үшарал-Талдықорған» әуе рейсіне жергілікті бюджеттен 354 млн. теңге, «Алматы-Үшарал-Алматы» рейсіне республикалық бюджеттен 226 млн. теңге, «Нұр-Сұлтан-Үшарал-Нұр-Сұлтан» рейсіне республикалық бюджеттен 265 млн. теңге бөлінді. «Жетіген-Достық-Жетіген» теміржол рейсіне 2017-2021 жылдарға 85 млн. теңге қарастырылған. Одан бөлек, тау кластері таулы аумақтардың, оның ішінде «Іле Алатауы», «Көлсай көлдері», «Алтын Емел» және «Шарын» ұлттық табиғи парктерінің аттрактивті туристік ресурстары негізінде тұтас басым өңір ретінде қарастырылған. Осы бағыттағы жұмыстары туралы: – Жол инфрақұрылымын дамыту және көліктік қолжетімділікті жақсарту мақсатында ұзындығы 137 шақырымды құрайтын Балқаш көлінің жағалауына апаратын автомобиль жолдарын қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде. «Жоңғар-Алатауы» кластері аумағында көліктік, инженерлік және туризм инфрақұрылымы жобаларының құрылысына 1 млрд. теңге жоспарланған. Сонымен қатар, ағымдағы жылы жеке инвестицияларды тарту арқылы жалпы сомасы 100 млн. теңгеге 4 туризм нысанының құрылысы жоспарланған, – деді баяндамашы.
Мәслихат отырысына қатысушылар баяндамада көрсетілген ұсыныстарды қолдап, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға көшті. Нақтыласақ, Қазақстан республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына бірнеше атауды өзгерту ұсынылды. Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар болды. Айта кетерлігі, 5 жыл ішінде облыста жалпы сомасы 64,4 млрд. теңгеге 40 МӘЖ шарты жасалды. Тартылған инвестициялардың мөлшері 35,4 млрд. теңгені құрайды екен.
Отырыста облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы және кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамы нақтыланды. Облыстық мәслихаттың келесі сессиясының төрағасы болып облыстық мәслихат депутаты, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ АҚ басшысы Руслан Қожасбаев бекітілді.
Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ





