Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Менің ана тілім – таусылмайтын мол байлығым. Шыр етіп дүниеге келгеннен бері ана тіліммен біргемін. Қазақ тілі арқылы алғаш әліппе оқып, өз тарихымды танып білдім. Содан бері, міне, өз ана тіліммен сусындап келемін.
Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Б. Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деген болатын. Сондықтан тілімізді ұмытпай, әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары дәрежеде ұстау керек деп білемін. М. Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады”, – деген.
Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай қорғап, орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы керек. Біз, болашақ жастар, тіліміздің абыройын асқақтатамыз, биікке көтереміз деп нық сеніммен айтқым келеді.
«Тіл – ұлттың жаны» деп өте дұрыс айтылған. Тіліміз үшін жанымызды беретін халықпыз. Қазақ тілі өзінің даласындай дарқан, көңіліндей кең, халқымыздың қасиетті қара домбырасының үнімен үндесіп жатқан тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Ана тіліміз – әкеміздің қанымен, анамыздың бесік тербеп салған әнімен бойымызға сіңген, туған халқымыздың небір асыл жәдігерлерін заманымызға жеткізген қастерлі тіл. Ол – ұлтымыздың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен бойына дарыған ана тілі ғана.
Бірақ қазіргі заманда тілге деген көзқарас өзгергендей. Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме? Тіл – қымбат, ол үшін жанымызды береміз деп жатқанымызбен ана тілімізге өзге тілдің әсері көп екенін мойындауымыз керек. Мысалы, сөз арасында орыс тілін жиі пайдаланып, ана тілімізді шұбарлап жатырмыз. Бұл сонда сән үшін бе, әлде өз тілімізді менсінбеу ме?
Орыс тілімен қатар ағылшын тілінің ықпалы да жоғары болып жатыр. Осы екі тілді үйренеміз деп өз тілімізді өгейсітіп жатқанымыз да жасырын емес.
Ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзінің мағынасы тым тереңде жатыр. Ана тілімізді ардақтай біліп, өзге тілдің әсерінен қорғауымыз керек. Өзге тілді үйренген жақсы-ақ, бірақ оның тілімізге кері әсерін тигізіп жататыны да бар. Сол үшін өзге тілді үйренбестен бұрын өз тілімізді толығымен меңгеріп алғанымыз жөн. Сол кезде ғана тілімізге өзге тілдің әсері болмайды деген үміттемін.
Қорыта келе айтарым, тіл қай ұлт үшін болмасын өте бағалы. Қазақ тілі – біз үшін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Мұраны көзіміздің қарашығындай қорғау – парызымыз.
Айжан Асланқызы




