ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин төрағалық еткен Үкімет отырысында отандық экономиканың шикізаттық емес секторы дамуының алдын ала көрсеткіштері қаралды. Жиынға облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашев қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасады. Ол коронавирус пандемиясының тәуекелдері мен сын-қатерлеріне байланысты металл өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру сияқты салалардағы жоспарлы индикаторларға қол жеткізілмегенін атап өтті. Әлемдік аренада серіктестерге көрсетілген Қазақстанның шетелдік қызметтерінің экспорты 8,8 млрд. долларды құрады. Бұл да белгіленген межеден төмен екендігі айтылды.
Министрлік жағдайды түзету бойынша міндеттемелерді өз жүктемесіне алған. Сондай-ақ, ынтымақтастыққа жетекші еуропалық консалтингтік компаниялар тартылды. Он алты басым тауар позициясы анықталып, олар ведомстволық жобалық кеңседе ресми түрде бекітілді. Өткен жылы пандемияға байланысты біздің елімізде 19,1%-ға төмендеген экспорттық құрамдас бөлікке артықшылық беріледі. Одан бөлек, жергілікті жерлерде, облыстарда жағдайды реттеу бойынша мақсатты жұмыс жүргізу қажеттігі баяндалды. Шикізаттық емес сектордың тауарлық экономикалық бөлігі кемінде 24 миллиард долларды құрауы тиіс екені сөз болды.
Үкімет отырысында өңдеуші индустрияға баса назар аударылды. Ол үшін оған 32% үдемелі серпін беру керек. Экспортқа бағдарланған өңделген өнімнің бастапқы өсімі болғанымен, жеткіліксіз. Жағдайды түзету үшін әрбір шикізаттық емес секторда өсу қарқыны кемінде 29%-ды құрауы тиіс. Дәл осы екі позиция бойынша республикада 2020 жылы өндірістің күрт төмендеуі байқалды.
Баяндаманы тыңдағаннан кейін Асқар Мамин барлық ведомстволық бағынысты құрылымдарға бір апта мерзімде шикізаттық емес экономикалық секторды дамыту жоспарын орындау жөнінде нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды. Олар Үкіметтің алдағы отырыстарының бірінде қаралатын болады.
Е. МАРХАБЕКҚЫЗЫ




