Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Текелі қаласының Мәдениет үйінде «Талаптыға нұр жауар» атты мүмкіндігі шектеулі балалар арасында байқау өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастыратын дода осы жолы да ерекше өрбіді. Өнерлі балалар ән айту, би билеу, сурет салу, өлең оқу секілді шеберліктерін ортаға салды.
Текелі қаласының «№2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» КММ-нің 25 тәрбиеленушісі мүмкіндігі шектеулі емес, керісінше мүмкіндігі мол екендіктерін дәлелдеді. Оған дәлел Мәдениет үйіне қойылған сурет көрмесі. Әрмен қарай қараған жанның көзін сүйсіндірерлік би мен құлақ құрышын қандырар ана, Отан жайлы әндер дене шымырлатады. Әр баламен жеке-жеке жұмыс істеп, әрқайсысының қарым-қабілетін анықтап, талантын шыңдай білген ата-ана мен мұғалімдердің еңбегіне еріксіз бас иесің.
– Біздің мемлекетіміз жастардың дені сау және мықты болып өсуі, үйлесімді дамуы және сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасайды. Облысымызда соңғы жылдары жаңа балабақшалар мен мектептер, мәдениет және спорт мекемелері ашылуда. Бұл өскелең ұрпақтың бүгінгі күні оқуда, спортта және шығармашылықта өз дарындарын ашуына мүмкіндік береді. Бүгінгі байқау ерекше балалардың қабілетін дамыту үшін маңызды. Сондай-ақ, олардың шығармашылықтарын шыңдауына және өздерін көпшілікке көрсете білуіне үлкен көмек, – деді «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мәдени көпшілік жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Нұржан Молдахметов.
Шара соңында барлық қатысушылар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шат-шадыман күйге енген балалар келесі жолғы байқауларда да барын салып, өнерлерін шыңдай түсуге уәде берді.
Мәулен ӘНЕРБАЙ
Текелі қаласы





